Үш лагерь мен бір шипажайда демалды

Оқушылардың сабақтан бір сәтке қол үзіп, демалатын сәті – жаз айлары, әрине. Бұл орайда мектептердің жанындағы сауықтыру-шынықтыру лагерьлері де ата-аналар үшін балаларын тегін демалтуға мүмкіндік беретіні рас. Аталмыш лагерьлер, ең бастысы, демалту, шынықтырумен қатар білім беріп, таза ауада көбірек жүруге ықпал етеді. Түрлі спорттық іс-шаралар, мәдени-экскурсиялық саяхаттардың барлығының да баланың өсіп-жетілуіне әсері мол.
42 784 бала қамтылған
– Биыл қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлермен қатар ойын алаңдары сияқты барлық демалыс орындарын есепке алғанда жалпы саны 42 784 баланы жазғы демалыспен қамтып отырмыз, – деді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко. – Мәселен, 8-15 маусым аралығында «Түрксібке – 50 жыл», «Радуга», «Жас қанат» лагерьлері іске қосылды. Михайлов көлдерінде орналасқан «Түрксібке – 50 жыл» лагері қаладағы № 3 орта мектептің жауапкершілігінде, бүкіл жаз бойы 1900 баланы қамтымақ. Ал «Karagaily» профилакторийі ауданындағы «Жас қанат» сауықтыру лагерінде 400 бала демалмақ. «Орленок» саяжайлары ауданындағы «Радуга» сауықтыру лагерінде 664 бала тынығып, «Қарағайлы» сауықтыру шипажайында 430 бала демалады.
Жазда балалар өздерінің көптен күткен демалыстарына шығады. Ересектердің және педагогтарымыздың басты міндеттері балалардың жазғы демалыстарын айқын да жарқын оқиғалармен және қызықты саяхаттармен толықтыру болып табылады. Қаланың мектеп оқушыларының жазғы демалысы қала сыртындағы жоғарыда айтылған үш лагерьде және бір шипажайда ұйымдастырылған.
Сондай-ақ семейлік оқушылар Таулы Үлбідегі «Дарын», Алакөлдегі «Үржарайым» лагері, Қатонқарағай ауданындағы «Сұңқар» лагері және «Шығыс Ұландары» әскери-патриоттық лагерлерінде де жақсылап демалып жатыр. Семей жанындағы лагерьлерде балалармен тәжірибелі тәрбиешілер, креативті тәлімгерлер жұмыс істейді. Лагерьлердің бағдарламасында балалардың белсенді демалысына, шығармашылық қабілеттерінің қалыптасуына ықпал ететін әртүрлі спорттық-танымдық, дамыту ойындары, сайыстар қарастырылған. Балалар күн сайын әртүрлі және дәмді тағамдар ішеді. Тағам рационында шырындар, күнделікті әкелініп отыратын көкөністер мен жемістер бар.
Қауіпсіздік басты назарда

Сондай-ақ Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенконың айтуынша, лагерьлерде мәдени іс-шаралар мен салауатты өмір салты насихатталып қана қоймай, балалар арасында жол қауіпсіздігі, шет тілдерін үйрену, музыканы, биді меңгерту де назарға алынбақ. Балалардың жазғы демалысы – үлкендер үшін бүкіл жауапкершілік пен беріле жұмыс істеуді талап ететін уақыт, әрине. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мұнда басты міндет болып табылады.
Жаз кезінде қала сыртындағы лагерьлер ормандарда орналасқандықтан, қауіпсіздік бірінші орында болмақ. Жақында «Радуга» лагерін көршілес Бесқарағай ауданының ТЖ мамандары аралап қайтқан екен. Олар балаларға орманда өрттің алдын алу туралы түсіндіріп, егер күн ысып, табиғи түрде өрт тұтану фактісі орын алса, не істеу керектігін де ескертті. Сонымен қатар суға қалай түсу қажеттігі де насихатталды.
Семейде мектепке дейінгі тәрбие алушыларға арналған сауықтыру-шынықтыру лагерьлері де жұмыс істеп тұр. Солардың бірі – №10 «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасының жанынан ашылған «Радуга» лагері. Бұл лагерьде екінші маусым ашылып, ресми ашылу сәтіне ата-аналар да қатысты. Ал №1 Н.Чернышевский атындағы мектептегі «Солнышко» лагері де келушілерді бейжай қалдырмады. Мектепте «Даңқ минутасы» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылыпты. Мұнда балалар өз өнерлерін ортаға салды. Билерін, әндерін, гимнастикалық жаттығуларын, сахналық ертегі қойылымдарын да ұсынған.
Бәрін айт та, бірін айт, биыл 15-22 маусым аралығында №№ 17, 20, 27, 28 және 39 мектеп оқушылары облыс орталығынан 12 шақырымда орналасқан Таулы Үлбідегі «Дарын» лагерінде демалып қайтыпты. Олар әдемі табиғат, таулы өлкенің таза ауасымен тыныстап, денсаулықтарын шыңдаған.
Ал №29 орта мектептегі «Солнышко» лагері 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жұмыс істей бастаған екен. Онда 300 бала демалуда. Балалар үшін жазғы демалыс өте қызықты болса керек. Айтуларына қарағанда, олар «Дельфин» бассейніне барып, Абай театрынан сахналық қойылым көріп, «Дастан» кинотеатрында фильм тамашалапты. Балалар саябағына да барып, уақыттарын көңілді өткізген. Таланттар жәрмеңкесі, спорттық сайыстар, слайм әзірлейтін шеберлермен бірге өткізген шығармашылық сағаттардың қалай өткенін айтқанда балалардың жүзі қуанышқа толы болды. Тіпті осындағы көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары Өскемен қаласындағы Этноауылға тегін туристік саяхат жасап келген. Балалар «Қош бол, лагерь!» атты жабылу салтанатында жаз бойы не үйренгендерін ортаға салмақ. Оған өздері тіпті алдын ала әзірленуде.
Ауыл мектептері де тыс қалған жоқ
Жазғы демалыстың көңілді өтуінен Семей маңындағы ауыл мектептері де тыс қалған емес. Мәселен, Түрксіб жалпы орта білім беретін мектебіндегі мектепішілік «Балауса» жазғы-сауықтыру лагерінде жоспар бойынша «Шынайы жеңіс!», «Батылдар мен шыншылдар, тек алға!» көңілді старт спорттық сайыстарын және «Адал еңбек өрге басады», «Жемқорлыққа қарсымыз!» атты үздік суретшілер сайысын өткізіпті. Бұл іс-шаралар танымдық тұрғыда ұйымдастырылғандықтан, балалар «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» деген сөздің мағынасын түсінуге тырысқан. Осыған орай өз көзқарастарын білдіріп, дүниетанымдарын кеңейткен. Өзі өмір сүріп отырған мемлекетіне құрметпен, жауапкершілікпен қарауды үйреніпті. Бұл іс-шараға, шамамен, 30 шақты бала қатысқан екен.
Сондай-ақ Т.Аманов атындағы №16 мектептің жанынан құрылған «Жас жұлдыз» жазғы демалыс лагері де өз жұмысын жас жеткіншектердің көңілді де қызықты демалуына арнаудан үнемі жалыққан емес.
– Оқушылар үшін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кеңірек таныстыру мақсатында оларға туған жердің тарихын үйрету әрі насихаттау үшін Семейдегі музейлерге түрлі саяхаттар үнемі ұйымдастырылып тұрады, –деді қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко. – Келер жыл ұлы Абайдың 175 жылдығы, осыған орай «Мұхтар Әуезов және Алаш арыстары» музейіне барып, Абай тұрған үйді тамашалаған балалардың алған әсері де шексіз. Ұлылар мекенінде дүниеге келгендерін Семей өңірінің оқушылары ерекше мақтан етеді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.