Үш күн бойы домбыра күмбіріне бөледі
Өскеменде елімізге еңбегі сіңген қайраткер, М.Төлебаев атындағы Семей музыка училищесінің домбыра сыныбының оқытушысы, дәулескер күйші Серік Малаевтың тағлымы мол оқыту семинары өтті. Үш күндік семинарды ұлттық домбыра аспабына, халқымыздың күйшілік өнеріне арнау бұрын-соңды болмап еді. Басқосуға облыстың барлық ауданынан 60-тан астам домбырашы ұстаздар қатысты.
Ағамыздың осы салада еңбек еткен көпжылдық тәжірибесі мен ізденісі өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Бір басына жетерлік серілігі бар кірпияз ағамыз жартылай дауысымен-ақ 60 адамдық аудиторияны өзіне баурап алды. Тыңдаушылар да осал емес, шетінен «сен тұр, мен атайын» деп тұрған жастар мен тәжірибелі ұстаздар. Үш күн бойы семинар жұмысы өткен «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» қазақтың киелі қара домбырасының күмбіріне бөленді. «Қанша өмір сүрсең, сонша оқы» деген тәмал тектен-тек айтылмаса керек. Мен қаншама тәжірибем бола тұра, ұстаздардың ұстазы атанған Серік ағадан алған әсерім керемет болды. Сонау әлем классиктерінен бастап, өзіміздің халық композиторларымен ұштастыра отырып, әр өңірдің орындаушылық дәстүріне ерекше ден қойды. Төкпе, шертпе дәстүріндегі күйлерге талдау жасап, әртүрлі қағыстарды игеру әдістері, ансамбль сабағында кездесетін кейбір қиындықтар, дирижерлаудың көмегі сияқты тақырыптарды ашып қана қоймай, іс жүзінде көрсете білді. Сонымен қатар, қатысушы ұстаздардың күй орындау шеберлігін байқап көріп, ізбасарларын риясыз ақ көңілмен қолпаштап отырды.
Семинар жұмысына Шығыс өңірлік орталығының директоры Мұңлық Асанова қатысып, осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын, қазақтың қара домбырасын дәріптеп жүрген ағамызға алғысын айта келе, облыстық білім басқармасының басшысы атынан Алғыс хат табыс етті. Осы шараның басы-қасында болып, ұйымдастыру жұмысының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан «Шығыс» өңірлік орталығы тәрбие ісі жөніндегі кабинеттің әдіскері Эльста Нұрмұхамедованың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Семинар соңында домбырашы ұстаздар төл өнеріміздің дамуына ерекше үлес қосып жүрген, әлі де бергенінен берері көп азамат Серік Рамазанұлына ризашылықтарын білдірді.
Шәкерхан Тойбаев,
Күршім балалар музыка мектебінің директоры