Мәдениет

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Кеше Өскеменде қазақтың арқалы ақыны, жезтаңдай әнші әрі дарынды композитор Әсет Найманбайұлы атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың «Інжу – Маржан» атты Республикалық байқауы өтті. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен 23 үміткер осы күні Өскеменді әсем әнге бөледі. Байқау талабы бойынша әр әнші бірінші айналымда үш ән орындаса, соның біреуі міндетті түрде Әсеттің туындысы болуы керек. Бір ғажабы, күн ұзаққа созылған байқаудағы 23 орындаушының орындаған әндері бір-бірін қайталап жатса да, тыңдарманын еш зеріктірмеді. Керісінше әр туынды кезекті мәрте орындалған сайын тотыдайын таранып, сұңқардайын сылана түсті. Жылдағы қалыптасқан дәстүр солай ма, болмаса осы жолғы ерекшелік пе, байқау бастан аяқ дыбыс ұлғайтқышсыз, яғни, микрофонсыз өткізілді. Ойнақы әннің әсеріне елітіп, ән орындау барысында әншіге шапалақпен қолдау білдіріп, дем берген қайсыбір қызуқанды көрермендерге қазылар тарапынан ескерту жасалды.
– Өйткені, шатырлаған шапалақ пен орынсыз қиқудан байқауға қатысушының домбырада ойнау шеберлігін, дауыс ерекшелігін, ән иірімдерінің талапқа сай орындалуын ажырату қиынға соғады. Әрине, сахнадағы өнерпазға құрмет, қошемет көрсеткен жақсы, бірақ бұл жай концерт емес, республикалық байқау екендігін ұмытпағанымыз жөн – дейді қазылар алқасының төрағасы, белгілі өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрімұлы.
Бабадан балаға мұра боп жеткен осы бір киелі өнерге деген көпшіліктің көңілі де ерекше болды. Жиналған жұртшылық сахнаға шыққан әрбір орындаушының киген киім үлгісі мен ұстаған домбырасынан, сахнадағы жүріс-тұрысы мен ән орындау барысында өз-өзін ұстауынан қазақ халқына ғана тән тұтас бір дәуірдің салт-дәстүрі мен мәдениетін көргендей әсерленді. Мұндай ауқымды байқауға қолына домбыра ұстаған кез келген көлденең көк аттының қатыса салмасы белгілі. Сондықтан сахна төрінде өнер көрсеткен әр өнерпаз барын салды. Сосын бұлардың барлығы да ауыл-үйдің арасында, әлдекімдерден ауызекі ән үйреніп жүрген әуесқой әншілер емес. Бұлардың қай-қайсысы болмасын әншілік өнердің негізгі білімін белгілі бір ұстаздан немесе мектептен алған кәсіби орындаушылар.
Мұндай дәстүрлі тәлім-тәрбие алып, ұстаз алдын көрген әншінің өнеріне екінің бірі қазылық айта алмасы да белгілі. Осы жағы да ескерілсе керек, қазылар алқасының құрамы Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқалиев, Берік Омаров сынды есімдері елімізге белгілі өнерпаздардан құралды. өнерпаздар. Бұлардың өздері де небір байқауларға қатысып әбден ысылған, өнердің қыры мен сырына әбден қанық талант иелері. Содан да болар, олар әр орындаушының қаншалықты шынайылығы мен тыңғылықты әзірлігіне, тіпті, қандай мүмкіндігінің бары мен жоғына дейін дөп басып бағалап отырды.

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Бес сағатқа созылған алғашқы айналымда үздік өнер көрсеткен он бір әнші байқаудың шешуші кезеңінде бар өнерлерін салып бақты.
Сонымен халқымыздың біртуар таланты Әсет Найманбайұлы атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың осымен екінші мәрте өткізіліп отырған байқауы да өз мәресіне жетті.
Белгілі әнші, қазылар алқасының мүшесі Рамазан Стамғазиевтің айтуынша, жеңімпазды анықтау оңайға түспеген секілді.
– Мынандай алақұйын заманда қазақтың қара домбырасын қолына алып, атамұра өнеріміздің соңына шырақ алып түсіп жүрген, Әсет әндерін үкілеп, баптап көрерменге жауһардай етіп ұсына білетін жастарымыздың барының өзі үлкен жеңіс. Оларға баға беру өте қиын. Бәйгеге жүз ат қатысқанымен, бір ат қана озады дейтін болсақ, жас әншілердің арсында да өз-өзін баптап, репертуарындағы әр әнді көзінің қарашығындай сақтап, әр нотаның дұрыс орындалуына ерекше мән беріп жүргендері де бар. Жастарымыздың кешегі Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов, сонау Санақ ағаларымыздың жолын қуып, қаулап өсіп келе жатқанына ризамыз. Жалпы, аяқ алыстары жаман емес, өйткені, бұл балалардың барлығы таныс, қай-қайсысы болмасын алдымыздан өткен. Алматыда үлкен оқу орындарын бітіріп, өнерлерін ғылыми түрде жалғастырып жатқан кілең сен тұр, мен атайын деген таланттар. Байқау болғасын түрлі жағдайлар болып жатады. Былайғы уақытта концерттерде жұртты таңғалдырып, үнемі бабында жүргендер кейде сахнада ашыла алмай жатады. Әннің сөзін ұмытып немесе шумақтарының орынын ауыстырып алып жататындар да кездеседі. Бірінің дауысы жетсе, домбырасы кемшін соғып қалады. Дауыс балансы деген бар, жоғары дауысты алғанмен, төменгі дауысты ала алмай қалғандар да болды. Бүгін бәйге ала алмағандары ертеңгі конкурстарда жүлдегер атанар. Дегенмен біздер ақылдаса келе, ән өнеріне қойылатын көптеген талаптар мен шарттарға сүйене отырып жеңімпаздарды анықтадық.

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Сонымен Әсет Найманбаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың «Інжу – Маржан» атты Республикалық байқауының бас жүлдесіне Астанадан келген өнерпаз Жақсыкелді Маясаров лайық деп танылды. Жүлделі бірінші орынды алматылық Жасұлан Сақаев қанжығасына байласа, тағы бір алматылық өнерпаз Біржан Бәзілжанов пен жерлесіміз, тарбағатайлық Төлеген Шәкәрімов екінші жүлдені өзара бөлісті. Үшінші жүлде иегерлері болып алматылық Жасұлан Қоңыров, қарағандылық Сырым Мұхамеджанов және талдықорғандық Бейбіт Мұсаев сынды өнерпаздар танылды. Ал жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов атындағы арнайы сыйлық Медет Осатаевпен бірге Қарағандыға аттанса, алматылықтар Ұлжан Ақлақова мен Мақпал Белгібай және семейлік Қуаныш Оралбаев аталмыш байқаудың дипломанттары атанды.

Әсеттің әсем әндері әуеледі (+фото)

Байқауды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Әсет Найманбайұлы атындағы «Інжу – Маржан» атты ән байқауы аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ұсынысымен қолға алынып, осымен екінші рет өткізіліп отырғандығын жеткізді. Әсет Найманбайұлының ақындығы мен әншілік өнерден бөлек, Алаш қайраткерлерімен бір тудың астында жүріп ұлтымыздың болашағы үшін басын қауіп-қатерге тіккен, тағдыры талайлы тұлға екендігіне тоқталған әкім орынбасары Әсет бабамызды ұлықтау, ол кісінің асыл мұрасы арқылы қазақ өнерін насихаттау бүгінгі біздердің міндетіміз екендігін, сондай-ақ, мұндай мәдени шаралардың ұлтымыздың рухын көтеретіндігіне сенім білдірді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button