Әсеттің әндері шырқалды

Биыл атақты әнші, сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты өңіріміздің барлық ауылдық округтерінде, мектептерінде және кітапханаларда түрлі шаралар өткізіліп жатыр.
Мұның бәрі аудан әкімі Серік Зайнулдиннің қолдауымен жүзеге асырылуда. Ақын мерейтойына арналған кешенді іс-шара аудан орталығындағы кітапханада ұйымдастырылды. Шараға Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлы мұражайының директоры Әбен Разуев және әншінің немересі Ләззат Әсетова қатысып, өздерінің ой-пікірлерін жиналған қауымға айтып берді. Даңқты Әсеттің әншілігін, сазгерлігін, ақындығын талдап, түсіндірушілердің арасында кітапхана директоры Сандуғаш Ибраева, жазушы Амантай Оспанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Елдос Бейсенов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Андасова және осы бөлімнің бас маманы Тұрсынғазы Тұрдыбаев, аудандық мәдениет үйінің директоры Майра Кебіспаевалар болды.
Мазмұнды да мағыналы семинардың келгендерге айтарлықтай ой салғандығы, сазды әуенге тамсандырғаны анық. Шараға Абай, Абылай хан атындағы орта мектептерінің оқушылары да қатысып, Әсет Найманбайұлының шығармаларынан қойылымдар жасап, өнерлерін көрсетті.
Бұл семинардың тағы бір ерекшелігі – орталық кітапханада «Аққуға үн қосқан ән еркесі Әсет!» көрмесінің ашылуы болды. Көрмеде Әсет Найманбайұлына байланысты жазылған шығармалар, құнды дерекке толы монографиялар, сонымен қатар, атақты сазгердің әндері мен дастандары жазылған басылымдар қойылған екен. Бұл арадан көп нәрсені оқып-білуге болады.
Семинарда мектеп оқушылары дайындаған Әсеттің ғажайып әндері шырқалды. Осы арада тағы бір айта кететін нәрсе, өңірімізде Әсеттің әнін білмейтін, орындамайтын адам кемде-кем шығар. Бұл айтулы ақиық әнші, сазгер, ақынның шығармаларының ел арасына кеңінен тарағандығын, ғажайып мұра екендігін көрсетсе керек.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы