Мәдениет

Әсеттің айтылмай жүрген әндері әлі де бар

Әсеттің айтылмай жүрген әндері әлі де бар


Аллаға шүкір, Әсеттің мұрасы күні бүгінге дейін өз ұлтымен бірге жасап келеді. Жетісудың жезтаңдай, күміс көмей әншісі, композитор, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев Әсет Найманбайұлының әндері мен шығармаларын насихаттауға көп еңбек сіңірді. Ол Әсеттің әріптестері мен шәкірттерінің көзін көрген өнер иесі және оның мұрасын саф алтындай таза күйінде ілгері жалғастырушы болды. Әсет елі атанып отырған біздің Бақты ауылына Дәнеш Рақышев көзі тірісінде өнер сапарымен бірнеше рет келген еді. Бүгін оқырмандар назарына бұдан жиырма жыл бұрын белгілі өнерпаздан жазып алынған Әсет туралы әңгімені ұсынып отырмыз.

Әсет Найманбайұлының қазақтың ән өнеріне қосқан үлесі бір төбе. Бірақ Әсет шығармашылығының көбі мәлім емес. Ал білетіндеріміздің өзі іріктеліп, айқын насихатталмай немесе нақты зерттелмей келеді. Соның салдары шығар кейде белгісіз адамдар Әсет жөнінде әртүрлі сөз айтып жүр. Мен шамам келгенше ән салып жүрген адаммын. Әнге деген әуестігім болғандықтан бала кезімнен Әсет әндерін құмарта тыңдадым, ынтамен үйрендім. Әсетті білемін деген кісілерден оның әндерін үйреніп, көкейіме тоқыдым. Шама-шарқымша өз ырғағыммен айтып, елге тараттым. Радиоға да, күйтабаққа да, теледидарға да жаздырдым. Соны естіп үйренген әншілер қазір айтып та жүр. Десе Әсеттің әлі де айтылмай жүрген көп әндері бар. Мен Әсет әндерін жинақтасам да, көптеген өлеңдерін жазушы Құрманбай Толыбаевтан алдым. Өйткені Әсет өлеңдерінің ізіне ол сонау елуінші жылдары түскен еді. Көп ізденіп, ел аралап, Әсетті білетін адамдармен кездесіп, әңгімелесіп шығармаларын жинауға еселі еңбек етті.

Қазір де Толыбаевтың қолында Әсеттің өлеңдері мен «Ағаш ат», «Жамсап», «Шеризат», «Шәмсия» сияқты қиссалары және Рысжанмен айтысы, басқа да шығармалары бар екенін білемін. Оның көне әңгімелер мен бұрынғы өткен ақындардың, халық әндерін жинап жүретіні бар. Менің айтайын дегенім, Әсет әнін үйренгенде оның әр әнінің сипат-сынына, ойлылығы мен орындалу ерекшелігіне мейлінше зер салғандығым еді. Әсеттің елге тараған және жиі сөз болып жүрген өлеңі -науқастанып, нашарлап жатқан кезінде айтқан өлеңі.

«Ажалды бес теңгеге сатып алдым»

Өйткені Әсетті білемін деген Әбдіраур ақсақалдың әңгімесі газетте жарияланды. Ол кісінің айтуына қарағанда, бұл өлең Әсеттің өлер алдында айтқан сөзі емес, басқа біреудің өлеңі сияқты сыңай танытады. Біз Әсетті білетіндердің айтқанынан ондай пиғыл естіген емеспіз және ондай адамның аты ауызға алынып көрген емес. Білетіндердің бәрі бұл өлеңді Әсет уланып қалғаннан кейін жазған дейді. Демек, Әсет уланғанын білген соң, өзі айтқандай дәрігері жоқ қараңғы елдің ішінде өлетінін де білген. Сондықтан бойында қуаты бар сәтте-ақ жазып тастағаны анық. Өмір заңына қанық, көпті көрген ақындар өлімнен қорыққан емес. Көңілін сұрай барған Әсетке атышулы Кемпірбай ақынның айтқаны сияқты Әсет те өлетініне көзі жеткен соң әрі сауаты бар бұл өлеңді жазған:

Үйінде Қапаридың жатып алдым.
Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Құдайдан тура келсе амалым не.
Ажалды бес теңгеге сатып алдым,
Өлімді ойламаған жазған басым.
Дүрмекке елітіп жүріп, қапы қалдым,
Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап.
Сөгілген ескі етіктей қақырадым,
Ел-жұртым қоштасатын мезгіл жетті.
Найман ел, жалпақ Үйсін, қалың Арғын.

Бұл кенеттен жабысқан кеселдің сарыны. Егер бұрыннан науқастанып жүрсе, өлең сарыны басқаша болар еді. Әсетті білетін кісілердің айтуына қарағанда, мүсәтір деп байқамай алмасты ішіп алғаны анық. Мүсәтір у емес. Қазақ суықтық үшін езіп іше береді. Әбдіраур ақсақал сол елде Мұса молда кепірешпен емдеймін дегенде Афари қажы емдетпеген, сонда Әсет ақша беріп, қажыдан жасырын ішкен дейді халық. Мұса молда қастық жасады деген сөзі бары рас. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дейді халық. Осы жайды анықтауға біз де көп іздендік, талай адамнан сұрастырдық. Сондай адамның бірі – Молдабек Әбдікәрімов. Ол кісі мынаны айтады: «Қай жылы есімде жоқ. Ұланбура жайлауына шықтым. Ел аралап бара жатып, тастан үйген бейітті көрдім. Сол бейіттің ішінде тасы көбірек үйілген бір мола бар екен. «Мынау кімнің моласы?-деп сұрадым серігімнен. Бұл Әсет деген ақынның моласы»,-деді. Әсет есімін естіген соң: «Онда бұрылайық» деп әдейілеп бардық. Қасымдағы кісіден қалай қойылған деп сұрадым. «Әсет бұл жердікі емес» деді серігім. – Осы арада татардың Афари қажы деген адамы отырған. Әсет осы елді аралап ән салып, өлең айтқан. Содан Афариды естіп, іздеп барған. Ән салып отырып, алмасты мүсәтір деп ішіп, қайтыс болған. Міне, Әсеттің өлімі туралы естігенім осы». Айтушылардың бәрі Әсеттің мүсәтір деп алмас ішіп алғанын дәлелдейді. Бірақ нақты себебін ешкім айта алмайды.

Әсеттің айтылмай жүрген әндері әлі де бар

Енді Мақпал жайына келсек, мен Мақпалды Афаридың әйелі деп ешуақытта айтқан емеспін. Афаридың Мақпал деген әйелі болғанын да білмеймін. Ақылға салсақ, Мақпал деген есім татарда кездеспейді. Тек Әсеттің «Мақпал» деген әнін білемін. Бұл ән жайында елден естігенім мынау: Мақпал мен Әсет айтысыпты да, бірін-бірі ұнатыпты. Мақпал бардамды кісінің қызы екен. Әсеттің қалың төлеуге шамасы жетпейді, қанша қамданса да ыңғайы келмейді. Сондай-ақ сағынышта жүрген Әсет арманын айтып, бұл әнді Мақпалға арналан екен.

Мақпалға айттым сәлем шын зерек деп,
Ақылы басқа жаннан өзгерек деп.
Болмаса мен қайтайын ойланбастан,
Мақпалжан жүрген шығар мен келеді деп.
Мақпал-ау, Мақпал,
Үкілі қоңыр ала үйрек,
Секілдім-ай.
Көре алмай дидарыңды,
Өкіндім-ай…

Бірде Әсетті бір кісі біледі дегенді естіп, Андреевкаға бардым, сол жерде Рахымжан Соқырмаұлы деген қарияға кездестім. Ол кісі мынаны айтты: Мен Әсетті Тарбағатайдың Ақшоқы деген жайлауында көрдім. Жалбағай баласы Сәдуақас деген кісінің асына барғанбыз. Біз кірген үйде Сейіт деген молда отыр екен. Жақын жерден әдемі дауыс естілді. Бұл кім деп сұрастырдық. Әсет ақын деді. Біз солай бармақ болып едік Сейіт молда: « Сол қазағыңның айғайын қойшы» деді. Біз оған қарамастан ән шырқалған топқа қосылдық. Кең дала жайлау үсті. Адамның көптігінде есеп жоқ. Сонда молда да Әсеттің қасына келіп отырды да: «Шариғат өлең айта аласың ба?!»-деді. Сонда Әсет төкпелей жөнелді. Есімде қалғаны:

Айыпқа тыңдаған жан алмағайсыз,
Қызыққа тіршілікте қанбайғайсыз.
Дүние бояп қойған шүберектей,
Болады деп пәни жалған нанбағайсыз.
Қаңғырдық аш құландай дүние кезіп,
Көк шалғын табылар деп қайда майса.
Кеудемде асыл сезім иірілсін,
Молдаң зекет бермейтін сараң болса..

Рахымжан ақын Әсетті керемет ақын, асқан сөз шебері, ойшыл, асыл адам еді деген-ді. Әсет болған жерлерде әңгімелер де көп. Әсеттің «Кіші Ардақ» деген әні бар. Бұл Мақпал ауылындағы Ардақ деген қызға балдызсынып, әзілдесіп шығарған әні екен. Әбдіраур ақсақал Қапалда Шәмшінұр, Семейде Ырысжан деген қыздармен айтысты дегенде кейбір әндерді солай сырғытпақ па? Бұл арада атақты Ырысжанмен айтысын Семейде болды дегенге саятын сыңай бар. Ол айтыстың Қоянды жәрмеңкесінде болғанын Әсеттің өз өлеңінен де білеміз ғой. Ал Шәмшінұрмен басқа Рысжанмен айтысын білмейміз, естіген де емеспіз.

«Қысмет» әні қалай туған?

Білетіндердің айтуына қарағанда, Әсет әндері атауының өзіндік шежіресі бар. «Қысмет» әнін қалайша «Қысмет» қойдыңыз деп сұрағанда, Әсет: «Бұл ән дауысқа ауыр. Өзім де қысылып айтамын. Елді сағынып қысылып жүргенде шыққан ән еді. Содан «Қысмет» деп ат қойдым деген екен. Ендеше татар, ұйғыр тіліндегі «Хисләт», «Хасиәт» сөздерімен ауыстыруға болмайды. Осы жайды Жақанбай осында Әсетке ән салдырған Құрманғалидың баласы домбырашы-күйші Әділжан Құрманғалиев ақсақал айтып еді. Әсетті білетін басқа да адамдар осыны қостайды. Әсеттің «Қаракөз», «Інжу Маржан», «Үлкен Ардақ», «Қысмет» әндерін үзбей айтатын шәкірті Кәдіриханның шәкірті Мәмет Қошқарбайұлынан үйрендім. Әділжан Құрманғалиев: «Өзім білетін Қадіриханның Әсет шәкірті екені рас. Әсеттің қасында көп жүріп, көп үйренген адам» дейтін. Мәмет ақын Әсеттің «Інжу Маржанын»: Жайлауда серуендеп жүріп бір ауылдағы қымыз құйған бойжеткенге арнап, дәріптеп шығарған екен»-дейтін. Ал Қадіриханды өзім де көргенмін. Әсетке құдайдай табынамын. Әсет Көкқамыр жайлауында отырған Қызай елінің ішін аралап жүріп, Мешпет деген бидің ауылындағы тойға барады. Елмен танысады. Мешпеттің кіші баласы Рахымберді гармон тартып, татарша ән салады екен. Мешпет би: «Біздің ауылда әнші-күйші жоқ еді. Менің осы балам әуестеніп жүр, осыны тәрбиелеп, үйретіп кет»,-деп Әсеттің қасына қосып беріпті. Сол Рахымбердімен 1957 жылы кездестім. Елуден асқан кезі, көзіне ақ түсіп, көрмей қалған. Мен ол кісіден Қызай ішінде жүргенде Әсеттің айтқан өлеңін, әнін үйрендім.

Тауықпын тары терген Найман шалдан,
Найман ел айы ауған маңдайшадан.
Үйрек пен қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көп елде, көп жұртым да Қыдыр шалған.

«Әсет, – деді Рахымберді, әншілігінен басқа нөсерлеп тұрған төкпе ақын еді». Ел аралап іздестіріп жүріп Әсеттің басқа да әндеріне тап болдым. Әсет өзі сері, өзі әнші. Алтайды, Тарбағатайды, Бораталаны аралап болып, Іле өңіріндегі Қызай еліне келген. Сол сапарында жайлау үстіндегі Афариді естіп, ескі танысы болған соң, сәлемдесе барғанда кездейсоқ қазаға ұшыраған. Әсет арманын айтып кеткен.

Артымда аға-іні көңіл қошым,
Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.
Үнімді арқыраған ести алмай,
Сыбырым таңдандырар шыққан тосын.
Кешегі дүрілдеген заманымда,
Бастадым өз ортаңда әннің көшін.
Бәріңе айтар хошым осы болды,
Бәрі бір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші,
Бәріңе ақтық рет айтқан хошым.

Ойлы ақын, өрелі әнші-композитор Әсет ел-жұртымен осылайша қоштасып, дүниеден қайтқан. Біз – оның мұрагеріміз… Сондықтан ең алдымен оның шығармашылығына ерекше назар аударуымыз керек. Ең алдымен өнеріне, әніне ден қойып соған баға беруіміз керек.

Жазып алған – Дүйсенбек Жақсыбаев
Қазақстанның құрметті журналисі

Осы айдарда

Back to top button