Мәдениет

Әсет Найманбайұлының қай күні қайтыс болғаны анықталды

Әсет Найманбайұлының қай күні қайтыс болғаны анықталды

Әйгілі ақын, әнші Әсет Найманбайұлының 1867 жылы туылып, 1923 жылы қайтыс болғаны жайындағы деректер белгілі. Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлы әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі Әбен Разуев енді даңқты әншінің нақты қайтыс болған күнін тапты. Әбенмен жолыққанымызда, ол былай деді:
– 2012 жылы Абай мемлекеттік қорық мұражайының директоры Жандос Мағазбекұлымен бірлесе Қытайдағы Іле қазақ облысына барған іссапарымызда Жұмәділ Маманұлы деген ақсақалмен сұхбаттасудың реті келді. «…Қайтыс болған Әсетті ертеңіне Құрбан айттың бірінші күні айт намазына жиналған елдің алдына шығарып, Көкқамырдағы Сәтбай бұлағының басын-дағы Тасжотаға жерледі», – деген сөзінен соң 1923 жылдың Құрбан айтының алғашқы күні Григориан күнтізбесі бойынша қай күнге тура келетінін іздестірдік. Ташкент, Бұхара, Самарқанд мешіттеріне сұрау салдық. Мысырдың әл-Азһар ислам университетінің ғылыми бөліміне жазып, жауап ала алмадық. Ақыры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі, жерлесіміз Ержан Малғажыұлының жәрдемімен іздегеніміз табылды. Мекке шаһарына сұрау салынып, көптен күткен жауап та алынды. Онда былай делінген: «…Хижра жыл санауы бойынша 1341 жылы болған Құрбан айттың бірінші күні Григориан күнтізбесі бойынша 1923 жылғы шілде айының 24-жұлдызына тура келеді».
Осылайша аққуға үн қос-қан ән еркесі Әсет Найманбайұлының фәниден бақиға озған күні 1923 жылдың 24 шілдесі болып шықты. Жерлестері Әсет Найманбайұлының қайтыс болған күнін нақты анықтаған Әбен Тұйғынұлына ризашылық-тарын білдіріп жатыр.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button