«Серпіндіктермен» ортамыз толды

– Біздің оңтүстік өңірлерден келген студенттеріміз өте белсенді. Университетті қойып, қалалық іс-шараларға қызу атсалысып жүр, – деп бастады әңгімесінС.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Серпін» штабының сардары Бағдәулет Анас.
Иә, қазіргі айтып жүрген «старостамызды» серпіндіктер «сардар» деп атайды екен. Өте жақсы.
– Біз тек қана «Серпіннің» «старостасын» емес, өз тобымыздың да қолбасшысын солай атап жүрміз. Түбегейлі қолданысқа еніп кетсе жаман ба? Бұған жергілікті достарымыз да үйренісіп келе жатыр, – деген ол манағы үзіліп қалған әңгімесін қайта сабақтады:
– Біздің студенттер өте белсенді. Университеттегі әрбір үйірмеде мүшеміз бар. Бір ғана мысал келтірейін, актер ағамыз Ертай Хасенов жетекшілік ететін «Шабыт» студенттер театрына көптеген «серпіндік» қабылданды. Олар апта бұрын ғана Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» деп аталған үлкен қойылымын сахналады. Ал соны тамашалауға облыстық театрдың актерлері мен ұстаздар қауымы келді. Бас бармақпен бағалады. Бұл өнер жолына қадам жасаған жастар үшін зор жетістік болды деп санаймыз. Айтпақшы, қалалық іс-шаралардан да қалмайды деп қалдым ғой… Биыл үш студент жастар мәслихатына депутат болып сайланды. Ойлап тұрсаңыз, олардың барлығы ақырын-ақырын өз бағытын айқындап, болашағын осы өңірмен байланыстыра бастағандай, – деді ол.
Бағдәулет аталмыш оқу орнында физика мамандығы бойынша білім алып жатыр. Биыл оқудың соңғы жылы екен. Ол өзіне жұмыс табылатындығына сеніп отыр. Осы жағдай төңірегінде университеттегі «Серпін» штабының жетекшісімен де сөйлескен едік. Ол серпіндіктердің жұмыс мәселесін мемлекет қарастырып қойғанын айтты.
– Дәл қазір университетімізде «Серпін» бағдарламасымен 700-ден астам бала педагогикалық және техникалық бағытта білім алып жатыр. Соның 135-і биыл төртінші курста оқиды. Олар оқуды тәмамдаған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырылады. Кем дегенде үш жыл қызмет атқарады, – деді Ләйлә Байжұманова.
Ләйлә Байжұманова айтады:
– Елбасының «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» әлеуметтік жобасының мақсаты – еңбек күші артық аймақтардан халық саны аз облыстарға жастарды жөнелту. Демографияны көтеру. Манағы айтқанымды қайталауға тура келіп тұр, бір ғана біздің оқу орнында 700-ден астам «серпіндік» бар. Олар ертең жұмысқа орналасып, өңіріміздің өміріне мидай араласып кетеді. Осы жердің тұрғыны болады. Шекаралы аймағымыз үшін бұл өте тиімді ғой. Орталыққа ағылған ағайынның ауылдағы орнын осылар басады. Атажұртымыз құлазып қалмасын. Мен кейбір жерлестерімнің аузынан «Мына балалар келді де, біздің баланың грантын тартып алды» деген сөздерді естіп қалып жатамын. Жо-жоқ, ол деген мемлекеттен арнайы бөлінген қаржы емес пе. Әрине, мұны түсінбестікпен айтылған сөз деп қабылдаймын.
Расымен де, «серпіндіктермен» ортамыз толды.
Тасқын Болатұлы