Білім

Серпіндіктер сенімді ақтайды

Өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға. Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 2797 студент білім алуда. Олардың дені Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан келген. Бұл туралы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткен жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ришат Рамазанов мәлім етті.

  • Біздің өңірімізге «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағытында насихаттаушы топ келді. Делегация өкілдері Өскемен, Семей қалалары мен Шемонайха, Абай, Бесқарағай аудандарына барып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша Шығысқа қоныс аударған отбасылармен, сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттермен кездесулер өткізеді, – деді Ришат Рамазанов.

Бүгінде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Серпін» бағдарламасы бойынша 818 жас білім алуда. Олар студенттік баспанамен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы жиын барысында аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген мәлім етті.

–Биыл біздің университетті тәмамдаған серпіндіктердің 55 пайызы Шығыста қалды. Жұмысқа орналасты. Олардың қатарында шаңырақ көтеріп, осы өңірде тұрақтап қалғандары да бар. Қорыта айтқанда, бұл бағдарлама айналдырған бес жылдың ішінде халқымыздың еңбекқорлығын, ауызбіршілігі мен татулығын көрсететін бағдарламаға айналды, – деді ректор.

Кездесу барысында Түркістаннан келген насихаттаушы топтың өкілі, еліміздегі Білім беру саласының құрметті қызметкері, «Өлкетану» оқулығының авторы Өмір Шыныбекұлы сөз алып, жастарды Шығыста қалып, еңбек етуге шақырды.

–  Елбасының «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» әлеуметтік жобасының мақсаты – еңбек күші артық аймақтардан халық саны аз облыстарға жастарлы көшіру. Демографияны көтеру. Мәселен бір ғана С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да 700-ден астам «серпіндік» білім алуда. Олар ертең жұмысқа орналасып, осы өңірдің өміріне мидай араласып кетеді. Осы жердің тұрғыны болады. Шекаралы аймағымыз үшін бұл өте тиімді ғой. Орталыққа ағылған ағайынның ауылдағы орнын осылар басады. Атажұртымыз құлазып қалмасын. Біз әрқашан серпіндіктердің ел сенімін ақтайтынына сенеміз, – деді Өмір Шыныбекұлы.

Басқосу соңында «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу бітіріп, Өскемендегі «Білім-инновация» лицейінде жұмыс істеп жүрген Арсен Дүйсенбай сөз алып, жылы лебізін білдірді.

– Елімізде білім аламын, еңбек етемін деген жастарға барлық жағдай жасалған. Сол үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын, – деді ол.

 

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button