Экономика

Серіктестік аясында екі балабақша салынып жатыр

Серіктестік аясында екі балабақша салынып жатыр
Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен Өскеменге өң беріп, шырайын кіргізе түсетін бірқатар шаруа қолға алынған-ды. Осы жүктелген міндеттердің қалай орындалып жатқанын облыс әкімі Даниал Ахметов тексеріп қайтты.
Аймақ басшысы ат басын алдымен Өтепов көшесінің бойында салынып жатқан 250 орындық балабақшаға бұрды. Мұнда құрылыс құлқын сәріден басталып, тоқтаусыз жүріп жатыр екен. Күннің қызуы көтерілгенге дейін талай шаруаны еңсеріп тастауды мақсат тұтқан жұмыскерлер кірпішті жылдам әрі асқан ептілікпен қалап, ширақ қимылдауда. Айта кетейік, аталмыш балабақша облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтеруде. Оның нәтижесі екі жаққа да тиімді. Сонымен қатар, артықшылығы да көп. Мәселен, Үкімет кәсіпкердің дамуына жағдай жасайды. Ал кәсіпкер табыс тауып, мемлекеттің тұралап тұрған саласын жақсартуға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл жобалар әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылады.

– Биыл Семей қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 320 орындық балабақша бой көтереді. Бұл нысан қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Өтепов пен Революционная көшелерінде де дәл осындай екі балабақша салынуда. Байқауымша, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде, – деді Даниал Ахметов.
Нысанның құрылыс жұмыстарымен «VK Development group» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысуда. Оған 733,1 миллион теңге қарастырылған. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, Өтепов көшесіндегі балабақша жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Бұдан соң аймақ басшысы Революционная көшесінің бойында жүргізіліп жатқан балабақша құрылысымен танысты. Осы орайда аталмыш ғимараттың құрылысына 801,3 миллион теңге қарастырылғанын айта кеткен орынды.

Аулалар абаттандырылады
Серіктестік аясында екі балабақша салынып жатыр
Алдағы уақытта Өскемендегі аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасын табатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов Карбышев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездескенде атап өтті.
Айта кетейік, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап қолға алынған жоба аясында 2020 жылға дейін шаһардағы 310 ауланың кіреберіс жолдары мен көлік тұрақтары кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайлары жөнделетін болады.
Бүгінде осындай аулалардың алғашқыларында тиісті жұмыстар аяқталып та қойды. Алдымен Карбышев көшесінде орналасқан аулалардың тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы келер жылы бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылатынын хабарлады.
– Абаттандыру жұмыстары қаланың барлық ықшам ауданында жүргізілетін болады. Әсіресе көп жыл бойы жөндеу көрмеген шалғай аулаларға басымдық берілмек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жаңарған аулаларды аралау барысында атқарылған жұмысқа жоғары баға берген аймақ басшысы кезекте тұрған аулаларды да дәл осылай, сапалы жөндеу керектігін айтып, осы жөнінде құзырлы мекемелерге тиісті міндеттер жүктеді.
Тындырылған шаруа, шынымен де, айтуға тұрарлық. Карбышев көшесіндегі үйлердің аулалары айнадай жарқырап тұр.
Мұнда су жаңа балаларға арналған ойын алаңдары бой көтерген. Балалар ойнайтын алаңға жұмсақ төсеніш төселіп, жер-жерде жаңа орындықтар қойылған. Сонымен қатар ауладағы кіреберіс жолдар кеңейтіліп, автокөліктерге арналған автотұрақ пайда болған, дейді мамандар.
Жағажай жөнделеді
Келесі жылдан бастап өскемендіктердің өз жағажайы болады. Енді қала тұрғындары мен қонақтары аптап ыстықтарда Бұқтырма мен Сібеге бармай-ақ, Ертістің жағалауында демалмақ. Бұл туралы Октябрь жағалауында жүргізіліп жатқан ауқымды абаттандыру жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Өскемендегі Октябрь жағалауында балаларға арналған түрлі ойын алаңқайлары бой көтереді. Бұдан бөлек, футбол, волейбол алаңдары салынады. Сондай-ақ 2,5 шақырымды құрайтын веложол тартылады.
– Жағажайдағы тәртіпті басты назарда ұстау керек. Бұл аумаққа жергілікті полиция бекетін орнату қажет. Сонымен қатар шомылуға қауіпсіз жерлерді арнайы белгімен қоршау керек. Ал кәуап дайындайтын орындар бір жерде шоғырланатын болсын. Жағажайдың аумағы түнде де күндізгідей жарқырап тұруы тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаға бұл аумақта санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін, өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған бірде-бір нысанның орнатылмауын қадағалауды тапсырды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button