Серік ақын мақтаған өлең
Марқұм Серік Ғабдуллин екеуіміздің жас айырмашылығымыз небәрі 11 күн. Яғни, мен одан бір жарым апта үлкендігім бар. Оның жолдасы біздің жақтың қызы. Осы жайларды алға тартып Секеңе «сен маған күйеу баласың» деймін ғой. Сонда Секең: «Иә, қайнаға, солай екені рас. Соны айта бергенше күйеу балаңның орындыққа таңылып, қағазға шұқшия-шұқшия көз майы таусылып, құйрығы жауыр болып, жүдеп-жадап жүргенін неге байқамайсың?! Сен сияқты шүйделі қайнағам бола тұра, көтерем болып жүргенім ел-жұрттан ұят екен. Тым болмаса бір соғымның етін ала келмейсің бе?»-деп, «мүләйімси» қалатын. Міне, осылайша қалжың-қақпайымыз басталатын. Шынымды айтсам, Секеңді қалжыңнан сүріндірем деп дәмеленудің қажеті шамалы. Сөзге шешен, тілі орамды, сөйлеп кетсе іштен де, сырттан да шалып, омақастыратын. Жайы келсе алаулаған жалынды сөзімен орай шауып, орғыта кеп өңгеріп әкетер еді.
Секең өз жұмысына тиянақты, қаламы жүйрік журналист, поэзияның қыр-сырын, теориясын терең меңгерген, дарынды ақын болатын. Ол 1966 жылы «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне қызметке орналасты. Кіші әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейінгі журналистік жолда кәсіби мамандығын ұштап, табиғи талантын таныта білді.
Менің Секеңмен таныстығым сол 1966 жылдан бастау алды. Ол кезде мен де газетке өлең, әртүрлі тақырыпқа мақалалар жазып жүрдім. Әрине өлеңдерім Серіктің қолынан өтетіні белгілі. Жолдаған дүниелерім ертелі-кеш жарияланып тұрды. Бірде одан хат алдым. Әлі бетпе-бет кездеспегендіктен болар айтарын сыпайы бастапты. «Құрметті Қалиғожин Советхан, сіздің өлең жазудағы беталысыңыз жаман емес. Келешекте мықты ақын болғыңыз келсе, Абай атамыздың мына бір өсиетіне құлақ асып, көп оқып, көп ізденгенің жөн. Абай атамыз былай деген:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы».
Ақыл-кеңес беріп хат жазғанына рахметімді айтып, Серікке жауап жолдадым. Сөзсіз оның хаты үлкен ой салып, өздігімнен білімімді көтеруіме себепкер болды.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Газетпен байланысымды одан әрі жалғастыра бердім. Бірде жолдағаныма көп уақыт болмаса да, газетке әдебиет бетінен тыс «Шарбақ қос» деген өлеңім шапшаң жарияланды. Іштей риза болып, рухтанып қалдым. Осыдан кейін іле-шала облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі мен «Коммунизм туы» газетінің редакциясы ұйымдастырған штаттан тыс тілшілер мен ақындардың семинарына қатыстым. Осы семинарда Серік Ғабдуллин редакцияға түскен өлеңдерге талдау жасап, оған қойылатын талаптар туралы сөйледі. Міне, қызық, ол өз сөзінде мені жағымды жағынан тілге тиек етіп, мысал ретінде «Ауылым-атамекенім» атты топтама өлеңдерімді мақтады емес пе! Солардың ішінен «Шарбақ қос» деген өлеңнің мақтауын асыра айтты.
Бұл да бір тәрбиелік тағылымы бар тарихи оқиғаның куәсі ғой. Сондықтан алашқа аты әйгілі Серік Ғабдуллиннен мақтау алған «Шарбақ қосты» естелік ретінде жарты ғасырдан кейін, бүгінгі ұрпақтарымыз оқысын деген ниетпен газетке ұсынып отырмын.
Шарбақ қос
Теректінің бойындағы төмпешіктер жанынан,
Өткен сайын еске түсіп, шарбақ қосты сағынам.
Қиын-қыстау кезеңдерде ел бірлігін сақтаған–
Күні бүгін сол қостардың құдіретіне табынам.
Емін-еркін кіріп-шығып жылан тесіп іргесін,
Жүретұғын ыршып-шоршып баданадай бүргесі.
Қара күрең қандаласы қабырғасын ұялап,
Бит мекендеп алатұғын жамау көрпе бүрмесін.
.
Сонда ешкім демейтұғын кетіп тұр деп күйісім,
Хан сарайдан кем тұтпайтын шарбақ қосын,үй-ішін.
Көсіп-көсіп қоламтаны жерошақты маздатып,
Пісіретін талқан көже бұрқыратып иісін.
Көршілер де жиналатын әдетінше жасқанбай.
Терлеп-тепшіп көңілменен бөліп ішкен ас қандай!
Содан кейін бой алдырып өгіз тулақ үстінде,
Тәтті ұйқыға бататынбыз құс төсекте жатқандай.
Таң бозынан сайрағанда таң құстары тіл шығып,
Сол қостардан басталатын ұлы дүбір тіршілік.
Ауыл болып тізе қосып бүгінгі істі тындырып,
Ертеңінде тағы солай тұратынбыз құлшынып.
Теректінің бойындағы төмпешіктер жанынан,
Өткен сайын еске түсіп, шарбақ қосты сағынам.
Қиын-қыстау кезеңдерде ел бірлігін сақтаған–
Күні бүгін сол қостардың құдіретіне табынам.
Советхан Қалиғожин.
Өскемен.