Сергейдің сұлу әлемі
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және ландшафтық музей-қорығының Сол жағалау кешеніндегі үлкен павильонында өңірге есімі танымал фотограф Сергей Суровтың «Менің қасиетті өлкем» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көрме музейдің «Ең бастысы дарындылық туралы» атты ұзақ мерзімді жобасының да бастауы болып отыр.
Қабырғадағы фотосуреттерге қараған сайын қарай бергіңіз келеді. Бір қарағанда бәрі де жаныңызға жақын, өзіңіз талай куә болған көріністер. Тамылжыған сұлу табиғат… Еңбек адамының мейірім тұнған жанары… Ағарып атқан таң… Қызарып батқан күн… Шұғылалы шаһар тірлігі… Бірақ осының бәрін сіз жаңа ғана көріп тұрған сияқтысыз біртүрлі. Бәлкім, фотографтың шеберлігі де осында болар. Қалай десек те, бұл – ерекше сұлу әлем.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге фотографтың 60-тан астам суреті қойылыпты. Көрмеге қойылған бұл картиналардың барлығы да оның ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі. Барлығы да шырайлы Шығыс өңірінің адамдары мен табиғаты жайында сыр шертеді. Мұны өз сөзінде шығармашылық адамын құттықтауға келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова мен облыстық этнографиялық музей-қорық директорының орынбасары Тамара Быкова да ерекше атап айтты.
Сергей Суров 1951 жылы Өскемен қаласында дүниеге келіпті. 1973 жылы Ленинград қаласындағы киноинженерлер даярлайтын институтты тәмамдаған соң, 1973-1994 жылдары облыстық телестудияда, 1994-2003 жылдары мемлекетаралық «Мир» телерадиосында оператор болып қызмет істепті. Ал 2003-2017 жылдар аралығында облыстық «Рудный Алтай» газетінде зейнетке шыққанға дейін еңбек етеді. Қарап отырсаңыз, ол өзінің саналы ғұмырын туған өлкесіне арнады. Оның тауы мен тасы, өзені мен көлі, дархан даласы фотографтың объективінен тыс қалған емес. Ең бастысы, ол – еңбек адамының жанына үңілуге тырысты. Бақытын еңбектен тапқан адамдардың бар болмысын шынайы көрсетуге тырысты. Туған өлкенің шежіресін жасауға ол осылай еңбек сіңірді. Бүгінде С.Суров аталған музей-қорықта фотограф-маман болып қызмет істейді.
Сергей Суровтың бұл жеке көрмесі музей-қорықтың 50 жылдығына арналып отырған көрінеді. Сондай-ақ биыл Сергей Борисовичтың өзі он бес жылдай қызмет істеген «Рудный Алтай» газетіне 100 жыл толып отырса, облыстық телевидениеге 60 жыл.
Сергей Суров өзінің шығармашылығына ерекше ықпал еткен адамдар қатарына ресейлік фотожурналистер Василий Песков пен Юрий Росты қосады. Өзінің айтуынша, ол үйреншікті дүниеге жаңаша көзқараспен қарайды. Кадрға сұранып тұрған дүниенің бәрін нысанаға алады. Оған өзінің түсірген әр суреті қымбат. Тіпті, қабырғаға ілінген мына фотоларының әрқайсысын қалай түсіргені де әлі есінде.
– Кадрлардың сәтті шығуы сенің ықыласың мен қалауыңа тікелей байланысты. Жақсы фото түсіргің келсе, түсіресің. Тек оған ерекше ынта мен ниет керек. Бұл жағынан менің жолым болды. Мен жұмыс пен хоббидің басын біріктіре алдым, – дейді Сергей Борисовичтің өзі.
Айтуынша, бала кезінде фотография өнерімен айналысу оған қолжетпес армандай көрінетін.
– Білесіз бе, кеңестік заманда фотоаппарат, саяжай, көлік алу дегеніңіз өте қиын болатын. Оған әркімнің қолы оңай жете бермейтін. Қазір ғой оның ешқайсысына да таңдалмаймыз, – дейді С.Суров.
Көрмедегі әр шығарма келушілердің қызығушылығын тудырды.
– Мен Сергейді адам ретінде де, фотограф ретінде де бұрыннан білемін. Біз бірімізден-біріміз көп нәрсені үйрендік. Ал көрмені тамашалаған кезде тіршіліктің қызуын, күннің жылуын, табиғаттың тынысын сезінгендей күйді бастан кештім. Шындығында бұл өте сирек кездесетін нәрсе. Бұл жай көрме емес, жанды көрме, – дейді фотографтың әріптестерінің бірі, «Кристалл» фотоклубының жетекшісі Светлана Бирюкова.
Мейрамтай Иманғали