Серебрянкалық балаларға тосынсый жасады

«Казцинк» компаниясы тағы бір игі істің басы-қасынан табылды. Бұл жолы түсті металлургия саласында облысымыздың ғана емес, еліміздің беткеұстар кәсіпорындарының бірінен саналатын компания балаларға ерекше тосынсый жасады.
Дәлірек айтсақ, бұл күні «Казцинк» ЖШС Серебрянка қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне «Торпедо» хоккей командасының ойынын тамашалау мүмкіндігін сыйлады. Дәл осы күні Pro Hokei Ligasy Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңі аясында өскемендік команда «Ақтөбемен» кездескен болатын. Облыс орталығындағы Борис Александров атындағы Спорт сарайында өткен ойынды тамашалауға келген жанкүйерлердің қарасы әдеттегідей көп болды. Арасында серебрянкалық балалар да бар еді.
Серебрянкадағы мектеп-интернаттың қызметкері Виталина Силантьеваның айтуынша, хоккей матчын тамашалауға мектеп-интернатта тәрбиеленіп жатқан түгелге жуық бала келіпті. Барлығы 38 оқушы. Солардың бірі – Альбина Сейілханова спортқа деген ынта-ықыласы ерекше екенін жасырмады.
– Бізді Өскемендегі хоккей ойынына апаратынын естігенде қатты қуандық. Өзім бұған дейін хоккей ойындарын теледидардан ғана көріппін. Ал бүгін өз көзімізбен тамашалауға мүмкіндік туып отыр. Бізге осындай эмоция сыйлаған «Казцинк» компаниясына көп рахмет айтамын. Бұл біз үшін ұмытылмас оқиға болды, – дейді Серебрянкадағы мектеп-интернаттың сегізінші сынып оқушысы.
Бұл күні ұйымдастырушылар атынан үлестірілген тәтті-дәмділер мен естелік сыйлықтар балалардың ойыннан алған әсерін күшейте түскені рас. Бұған қоса, тартысты өткен ойында «Торпедо» командасы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, балалардың қуанышын еселеді.
– Хоккей матчы балаларға жарқын эмоциялар сыйлағанына сенімдімін. Спорт дегеніміз – бұл тек тән саулығы ғана емес, сонымен бірге адамдардың бір-бірін қолдай білуі, команда болып жұмыс істеуі және нәтижеге жетуі. Бәлкім, осы ойыннан кейін балалардың арасынан хоккей немесе басқа спорт түрінде өзін сынап көргісі келетіндер шығып қалар. Бүгінгі ойын олар үшін жаңа, өте қызықты әрі маңызды сапардың алғашқы қадамы, бастамасы болуы мүмкін, – дейді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Нұржан Кенжеұлы