Серік Жұмат, ақын: — Мүшәйра өткіземін деп зейнетақым кейде өзіме жетпей қалады

Серік Зейнетайұлы Жұмат Ақсуат ауданына ғана емес, еліміздегі айтыссүйер қауымға да таныс есім. Ол Бородулиха ауданында дүние есігін ашқанымен, барлық саналы ғұмыры Ақсуат ауданында өтіп келе жатқан азамат. Семейдің Абай атындағы мәдени-ағарту училищесін бітіріп, Мәскеудегі Бүкілодақтық Өнер институтында оқыған. Республикалық, облыстық, аудандық ақындар айтыстары мен жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. «Өмір баспалдақтары»,  «Ел сыйлаған азамат», «Жаны жайсаң Зақаң», «Ой, қуанғаным-ай!», «Қасиетті Қарғыбам және мен», «Елім деген Еркімбек», «Ақын Сембай», «Қалау», «Ақсуаттың айтқыштары және басқалар», «Шығыстың қазанаттай азаматы» кітаптарының авторы. Жазушылар және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі. Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.

Серік Жұмат, ақын: - Мүшәйра өткіземін деп зейнетақым кейде өзіме жетпей қалады

             Нағашы атасы бас бәйгені жеңіп алыпты

– Серік Зейнетайұлы, сіз айтыс және жазба ақынысыз. Қызыңыз Айнұр Тұрсынбаеваның да таланты елге мәлім. Жалпы, осы ақындық өнер сізге қайдан қонған? Анаңыз бен әкеңізде, болмаса арғы аталарыңызда осы қасиет болды ма?

– Менің анам – Бақтыбала (жұрт Бақай атап кеткен) Борашқызы. Бұл өңірде Бораш Кәукеншекұлы деген ақын болған. 1935 жылы КСРО Конституциясының құрметіне айтыс болып,  соның бас бәйгесін жеңіп алған адам. Менің анамның сол кезде 15-16 жаста екен. Айтысты көзімен көріп, екеуінің өлеңдерін тыңдап отырып, жаттап алғанын бертінге дейін айтып өтті ғой. Сондай құймақұлақ, жады мықты, шежіреші адам болды. Анамның әкесінің (нағашымның) өлеңдері әлі күнге дейін елдің есінде. Мысалы:

«Баласы Кәукеншектің атым Бораш

Болғанмен сөзге шебер, көзге қораш.

Ортаңа өлеңіммен өрт қояйын,

Ағайын, ысырылып, маған жол аш!» – деген бірен-саран өлеңдері әлі күнге дейін ел аузында. Ал әкем Зейнетай – соғысқа қатысқан адам. Майданнан жазған хаттарын тек өлең жолдарымен өрнектейтін. Рас, көркемдік жағы керемет еді деп айта алмаймын. Бірақ ұйқастары шымыр, ойлары өзекті болатын. Сосын майданға аттанғанынан келгеніне дейін суреттейтін «Ұзақ жолда» деген дастаны бар. Адам жасы ұлғайғаннан кейін өткенге көз жіберіп отыратын әдеті ғой. Әкемнен қалған жазбаларды бір кітап қылып шығарсам деген арманым бар. Ал, жалпы, біз отбасымызбен өнерге жақын болдық. Бала кезімде әкемнің құрдастары үйге келеді. Әңгіме, дүкен құрған. Мені қажайды. Өлең айтқызады. Әлгі бір «Қалқаның кім біледі аты Қалқа» дейтін халық әні бар ғой. Соны заулатам. Олар кеу-кеулеп, көтермелеп тиын береді. Сосын сол кезде ептеп «плагиатпен де айналысқан» сияқтымын ғой. Бастауышта оқып жүрген кезімде «Балдырған» журналын оқып жатсам, ішінде байлардан қиянат көрген бір жетім бала:

«Өзім жас,

Қарным аш.

Жөн айтуға сіздерге

Болмай тұр ғой ықылас», – дейді.  Соны жаттап алғам. Бір күні әкемнің құрдастары «Өлең айт!» деп қолқалаған кезде соны айттым. Кішкене өзіме ыңғайлап өзгертіңкіреп:

«Өзім жас,

Ауырып тұр бас.

Өлең айтуға сіздерге

Болмай тұр ғой ықылас», – деп соғып жібердім. Құдай салмасын, олар риза болысып, шулап кетті. Қалталарынан бір-бір сом алып, маған берді. Алғашқы табысым шығар сол менің. Мен 9-10 сыныпты аудан орталығы Ақсуаттан бітірдім. Оған дейін Ақсуаттың іргесіндегі Қарғыба ауылында оқыдым. 4-5 сыныптан белсенді оқушы болдым. Ол кезде Жаңа жыл мерекесі кеңінен тойланушы еді ғой. Аяз Ата мен Ақшақардың жанында балаларға тәтті үлестіретін түлкі (түлкінің маскасын маған кигізіп қояды) болып еріп жүрем. Әлгі «Қуаныш сөмкем толы, ей,  арқалаған, Сәлем хат әр ауылдан, ей, артқан маған» дейтін «Почтальонның әнін» айтқызып қояды. Осылайша, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Бірақ сабағым түгел «үш» деген баға. Құдай-ау, денешынықтыру сабағынан да «үш» тұр ғой қазір аттестатыма көз жүгіртсем. Бір мұғалімім үйіне картоп салысуға бармағаным үшін барлық бағаларымды «үштікке» түзеп тастапты. Әйтпесе, соншалықты жаман оқыған жоқпын. Өзім сол кезде Оспанхан Әубәкіров пен Шона Смаханұлының бүкіл сықақтары мен өлеңдерін жатқа білем. Концерттерде сықақ айтатынмын. Кейін Ақсуатта 9-10 сыныптарда ештеңеге қатысқан жоқпын. Бәлкім, жігіт болып қалған шағым ба, кім білсін.

Аудандағы үздік киномеханик

Содан?

– Содан ешқайда барған жоқпын. Самсап тұрған «үштікпен» қай оқуға бармақпын?! Алматы деген ойға да келмейді ол кезде. Семейдегі бір жылдық киномеханиктің курсын бітіріп алдым да, Қарғыбаның клубына киномеханик болып орналастым. Құдай салмасын, ол тұста бұл – бір керемет мамандық. Шағын ауылда жүдә беделді! Мен бірде-бір жас баладан киноға ақша алып көрген жоқпын ғой деймін. Түгелі ақысыз кіреді. Үлкендерден ғана алатынмын. Ол кезде кино алдымен аудан орталығы Ақсуатқа келетін ғой. Алдын ала жарнамалатып қояды. Аудан орталығына барып, тиісті азаматтарға бірер тиынын беріп, алдымен Қарғыбаға алып келіп қоямын. Таңертеңнен кешке дейін, әй, бір алты-жеті сеанс қоятын шығармын. Соның арқасында айлық жоспарымды асыра орындап, аудандағы үздік киномеханик атанып жүрдім. Мысалы, үндінің «Бобби» фильмін қойып, бір күнде 130 теңге түсірдім. Өкіметке өткізетін айлық жоспарым – 60 сом! Сонда өзім көп қоймаймын. Ауылдың балаларына үйретіп қойғанмын. Өздері табақтарын тасып, өздері айналдырып жүргізіп жатады. Мен тек билет сатумен айналысамын. Осы күні соны бәрі жырдай қылып айтады.

 Айнұрдың туған күні 3 мамыр болатын

– Қызыңыз, қазіргі атақты айтыскер ақын Айнұр  Тұрсынбаева бар ма еді ол кезде? 

– Жоқ. Ол кейінірек дүниеге келді ғой. Сөйтіп жүріп, Айнұрдың анасына үйлендім. Ол Семей медучилищесіне түскен болатын. Оқуы Семейде болғандықтан, енді екеуіміз де қалаға көштік.  Жолдасымның аяғы ауыр болған соң, Ақсуатқа, ауылға қайтты. Өзім қаланың Калинин ауданына қарасты Семейдің ет комбинатында жұмыс істеймін. Сол жерде «Жастық» деген халық театры болды. Оркестрге отырамыз. Концерт, спектакльдерге қатысамыз. Анарбек Жолдыбаев, Дәулет Әубәкіров үшеуіміз домбырамен ән айтамыз. Жазда гастрольге шығамыз. Мамыр айының басында Айнұр дүниеге келді. Бірақ, қазір айтылып жүргендей, ол мамырдың 1-інде емес, 3-інде туған. Сол күні «переговорный пунктке» барып, ауылмен сөйлесіп, мен де естідім. Талант Әбдрахманов деген жолдас екеуіміз әлі күнге дейін «Вермуд» алып жуғанымызды ұмытпаймыз. Мамырдың 4-і күні жұмысыма кіріп шықтым да, 5-і күні Ақсуатқа келдім. Үйге кірсем, шешем мен көрші тәтей шай ішіп отыр екен. «Бауы берік болсын!» айтып, әрі-бері отырған соң «Иә, балаңыздың атын кім қойдыңыз?» деп сұрасам, көрші тәтем: «Бәле! Мына Бақай тәтем келіні босанардан екі апта бұрын түс көріп, нәрестенің есімін Айнұр деп қойыпты», – деді. Түсінде анамыз айдың нұрына шомылып жүрген екен. Сосын 8 мамыр күні перзентханадан шығарып алдық. Айнұрдың шешесі көп ұзамай Семейге оқуына кетті де, Айнұр апасының, менің анамның қолында қалды. Бір таңғаларлығы, жасы 60-тағы шешем нәрестеге иіп, омырауынан сүт шыққан ғой.

– Секе, айтысқа қалай келдіңіз?

– Ой, қызық болды. Бір күні түс көрдім. Түс пе, аян ба, білмеймін. Көкпектіде белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевпен айтысып жатыр екенмін деймін. Бір кезде ол кісі сахнада орнынан тұрады да, маған келіп бірдеңе айтады. Сосын орнына барып отырады. Бірақ сөзі ұғынықсыз. Сонда мен былай деймін:

«Қал-аға, кеңейді ғой өрісіңіз,

Бізбен де сан қызықты бөлісіңіз.

Ойпыр-ай, мына елден ұят болды-ау,

Неге сіз менімен көрістіңіз?» – деппін түсімде. Жұрт күледі. Содан кейін бір-екі күннен кейін Ақсуатқа барып құдалық тойды басқардым. Әдеттегідей, қағазға түртіп алғаным да жанқалтамда. Құдайдың құдіреті, анаған да, мынаған да өлең шығарам. Ойым тұнық, көкейімнен құйылып, құдашалардың бәріне өлең шығара берем. Ой, Алла, өзім таңғалдым.Үйге келгеннен соң терезеге, қабырғаға қарап, өлең шығара берем. Сосын сағатқа қарап есептеп көрдім. Бас кезінде 15-18 секундта, кейін 12-ге түсті. Қазір 4-5 секундта кез келген тақырыпқа өлең құрай берем. Сол кезде марқұм Қалихан Алтынбаевқа түсімді айтып едім: «Ондай болады!» деді.

– Алдын ала жазып алмайсыз? Бірден заулатасыз ғой!

– Иә, Семейге бардық. Тақырыптық өлең және өтірік өлең айтуымыз керек. Ондай қалжың, өтірік өлең менің қолайыма жағады. Тақырыптық өлеңге машықтанып алғанмын. Өтірік өлеңді:

«Бірімін сөзден өлең құрайтынның,

Белгісіз, ұнамайтын, ұнайтыным.

Емеспін Алдар көсе, Тазша бала,

Ақсуаттың Серік дейтін суайтымын», – деп заулата береміз. Алайда кейде аузыңа сөз түспей абдырап қалатын да кездер болады. Қызық болды. Ертеректе Ақсуатта бір үлкен айтыс болды. Әмина Құрманғалиева екеуіміз айтыстық. Айтыстық деген жай сөз. Іштей өлеңдерімді жаттап дайындалып келген мен екі жолдан кейін құдай тас төбемнен ұрғандай сілейдім де қалдым. Аузыма сөз түссейші! Есім шығып кетті! Бір шумақты әрең құрадым. Әминаға керегі сол, жеп қойды. Сахнаны тастай тұра қашқаным бар. Сахна да, айтыс та киелі ғой. Кейде солай да болып тұрады.

Мәскеуге берілген жалғыз жолдама

Секе, өмірбаяныңызға қарасам, Мәскеудегі Бүкілодақтық өнер институтында оқыған деп тұр екен. Ол оқу орнын тауыса алдыңыз ба?  

– Жоқ, оны бітіре алмадым. Қалай болғанын мен өзіңе айтып берейін. 1989 жылы Алматыда халық театры режиссерлерінің конкурсы өтіп, соған Ақсуат халық театры да қатыстық. Аталмыш сайысқа Қазақстандағы 141 халық театрынан 76 режиссер қатыстық. Сол жерден суырылып шыққан халық театры режиссеріне Мәскеудегі Бүкілодақтық өнер институтына берілетін жалғыз жолдаманы мен жеңіп алып, сол кездегі Одақтың астанасына барып оқу бақыты бұйырды. Орысшам да оңып тұрған жоқ. Бірақ соған қарамастан жақсы оқыдым. Белгілі-белгілі мамандардан дәріс алғанымды қазір мақтан тұтамын. Мәселен, Александр Гук, Аркадий Райкиннің досы Гагин деген режиссерлер сабақ берді. Мәселен, Гук – 1980 жылғы жазғы Олимпиаданың көріністерінің сценарийін жазып, режиссерлік жасаған маман. Ал Гагин – «Театр за колючими провадами» деген атақты кітаптың авторы. Екі жыл сессияға барып, оқығанымыз бойынша емтихан тапсырдық. 1991 жылы қараша айында диплом қорғап, бітіріп шығуымыз керек болатын. КСРО тарап кетті де, кейін бізге «1-ші дәрежелі режиссер» деген бір-бір жапырақ қағаз берілді. Сол жылы Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында республика бойынша «Қазақстандық ең үздік халық театры» деген атақты алу үшін тоғыз театр қатыстық. Қойылатын талап та оңай емес. Еліміздегі көзі тірі драматургтің бір шығармасын сахналау. Соны автордың өзі көріп, бағасын бермек. Мен Аманжол Шамкеновтің «Сен жалғыз емессің» деген пьесасы бойынша спектакль қойдым. Ақсуаттан 25 адам барғанбыз. Барымды салып кірістім бұл жұмысқа. Пьеасадағы автордың барлық өлеңдерін алып тастап, жаңадан шыққан кітабынан басқа өлеңдерін кіргіздім. Тіпті бір-екі өлеңіне ән де шығардық. Зал да көрерменге лық толған. Қойшы, әйтеуір, спектакль аншлагпен өтті. Автор Аманжол Шамкенов өте риза болды. Тіпті спектакльді 1969 жылы қойған Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрынан да асып кеткенін айтты. Сол жолы тағы да Ақсуат халық театры бірінші орынды жеңіп алдық. Сол тұста республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналының атауы «Парасат» болып өзгерген кезі. Бұл туралы Әнуар Тарақов деген журналист жазды да.

 Есенин мен Высоцкийді де аударыпты

– Сіздің «Вампир күйеу» деп аталатын комедияңыз Татарстан, Башқұртстан  республикаларында, Нұр-Сұлтанда, Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрында қойылды. Жалпы, сатира жанрына жақындығыңыз бар екен…

– Иә, 1988 жылы ма екен, үйде жатыр едім. Бір адам келіп: «Сізді райкомға шақырып жатыр!» – деді. Жүрегім зу ете қалды. Айдалада жатқан ақында Ақсуат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының не шаруасы болуы мүмкін?! Келсем, бір жігіт отыр екен. Кейін белгілі сатирик болған, аты-жөні журналдан қанық Қажытай Ілиясов екен. «Ара» журналының «Жатыпатар» деп аталатын конкурсынан менің «Көзжұмар» деген сатиралық әңгімем бірінші орын алыпты. Соған 100 рубль сыйақысы бар екен. Қажекеңмен жүзбе-жүз таныстығым осылай басталған…

Бұдан кейін аудармамен де біршама айналыстым. Есенинді, Высоцкийді тәржімаладым. Айналыспаған жанрым аз, бауырым.

– Қазір «Өтірік өлең», «Тікен өлең», «Р»-сыз өлең», «Аллитерация,  ассонансқа құрылған өлең» сияқты онлайн мүшәйралар өткізіп жүрсіз. Жүлде қорын өзіңіз тағайындап, ұсынып жатасыз…

– Бұл аса қажет деп санаймын өз басым. Мүшәйралар арқылы қазақтың тіл байлығының шексіз екенін кейінгі буынға дәлелдегім келеді. Қазіргі жастар бұрынғы біздің заманымыздағыдай көп кітап оқымайды. Солардың көзін жеткізгім келеді. Ал жүлде қоры өзімнің зейнетақымнан. Тіпті кей айларда зейнетақым өзіме жетпей қалады. Оған еш өкінбеймін. Бастысы, мақсатым орындалса болды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан — Берікхан Тайжігіт