Antikor Live

Сенімге селкеу түспесін десек…

Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған  өзекті мәселенің бірі сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни  себептері мен алғышарттарын жоюға ықпал ету. Осы орайда Күршім аудандық кітапханасында «Адалдық жолынан айнымайық» атты танымдық сабақ болды. 

Залда жиналған қауымға кітапхана қызметкері Гүлмира Жаменкенова сыбайлас жемқорлық, оның қоғамға тигізер зардабы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

– Сыбайлас жемқорлық дегеніміз не? Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осынау кесел бүгінде бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған кезден  бастап-ақ жүргізілгенімен, әлі күнге түбегейлі шешімін тапқан жоқ, – дейді кітапхана қызметкері Гүлмира Жамекенова.

Қазіргі таңда білім саласында да, мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң кеңінен түсіндіріліп, оның жолын кесу жəне болдырмау мақсатында жыл сайын елеулі жұмыстар жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зардаптары орасан. Ол қоғамның дамуын тежейді, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіреді, жұртшылықтың заң мен əділдікке, билікке деген сеніміне селкеу түсіреді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі қоғамның басты міндеті. Осынау мәселе бүгінде әлемдегі  барлық  елдің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық.

Мәдени іс-шара барысында  тақырыпқа  сай  кітаптарға  шолу жасалды. Солардың бірі – 2019 жылы Алматыдағы «Керемет медиа» баспасынан жарық көрген Қуат Қайырбаевтың «Ар мен Заң алдында» атты кітабы. Бұл кітапта  тек  сот жүйесі мамандарының ғана емес, қалың елдің абыройына бөленген автордың әріптесі Советхан Сәкеновтің өмір жолы мен атышулы «Қорғас ісі» процесінің барысы баяндалған.

Жалпы, «Қорғас ісі» бойынша 45 адам сотты болса, олардың 42-сі қамауға алынған. Айыпталушылардың дені –кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды шенеуніктері. Ұйымдасқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Қытайдан Қазақстанға контрабандалық жолмен тауар өткізіп отырған. Іс материалдарында аталған топтың «аса ірі көлемде экономикалық контрабанданы өткізгені» айтылады. Соттың мәліметінше, «бұл топқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды шенеуніктері қолдау көрсетіп келген».

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін судья қызметінің салмағын  көрсете алған бұл туынды оқырмандар жүрегінен орын тапқаны сөзсіз.

Аудандық кітапханада арнайы «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылыпты.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button