Сағынбау сені мүмкін бе?
«Аудандық мәдениет үйінде Оралхан Көшеровтің әндерінен концерт болады» дегенді естіп, Күршім жұрты күні бұрын елеңдеулі болатын. Олар дарынды жерлестерінің туған күніне орайластырылып, жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі өнер мерекесінен соны леп, өзгеше қуаныш күткен-ді. Көрермендердің бұл үміті молынан ақталды.
Тамаша концертте Оралханның жанды тербер сазды әуендерін әдеттегідей тек аудандық мәдениет үйінің әншілері ғана емес, алыс-жақын ауылдардан арнайы шақырылған өнерпаздар да шырқады. Мұның өзі осы кешке жаңаша бір рең беріп, өнерсүйер қауымды жаңа есімдермен таныстыруға себепкер болды.
Сахна төріне алдымен көтерілген облыстық «Дидар» газетінің осы аудандағы меншікті тілшісі, Оралханның өмірдегі әрі өнердегі сыйлас досы, ақын Хасен Зәкәрия сазгер жайында сыр шертіп, өзі Ошан деп атайтын замандас құрбысының көзі тірі кезіндегі әзілге астар болатын кейбір мінездерін ортаға салып, көпшілікті күлкіге кенелтті.
Бұдан соң залды екі сағат бойы сазгердің сазды да назды, әрлі де нәрлі әуендері кернеді. Бір ән селкеусіз сезімге бөлеп, көңілді көкке өрлетсе, енді бірі қайта оралмас аяулы шақтарға жетелеп, сағынышқа толы мұңымен баурады.
Концерттің қорытынды сәтінде «Сарын» ансамблінің сүйемелдеуімен белгілі әнші Сандуғаш Тоқтарова Оралханның «Сағынбау сені мүмкін бе?» атты әнін үзілте аяқтаған соң, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Бақытхан Өлмесеков сахнаға көтеріліп, кешті тәмамдауға ниеттенген еді. Бірақ, әлі де болса құмардан шықпаған көрермендер «Достарға» қайда?», «Ол ән неге орындалмады?» деген сауалдармен сазгердің күллі қазаққа әйгілі болған айтулы әнін сұрап, тұрып алды. Жұрт пейілін айтпай аңғарған әнші Есен Мәженов көп сұраған әнді бастай жөнелгенде, зал толы жұрт орындарынан тік тұрып, қосыла шырқады. Сөйтіп, сазгер әндерінің кеші Әнұрандай болған осы тамаша әуенмен тұжырымдалды.
Күршім ауданы