Қоғам

Сен менің қасымда бол

Жарқынның ең жақсы көретін мерекесі – Жаңа жыл. Жаңа жыл мерекесінде мұның аппақ армандары орындалады. Үйдегі түрлі-түсті жылтырақ ойыншықтар ілінген жасыл шыршаның астына Аяз ата мұның көптен бері армандап жүрген сыйлығын қалдырып кетеді. Аяз ата өткен жылы бұған планшет сыйлаған болатын. Ал оның алдыңғы жылы пультпен жүретін машина тарту еткен. Армандаған сыйлығына қол жеткізу үшін Жарқын жылда Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда Аяз атаға хат жазады. Оны анасы апарып, поштаға салады. Осы жолы Аяз атадан не сұрасам екен? Қолына қаламын алып, Аяз атаға хат жазуға отырған Жарқын кәдімгідей ойланып қалды. Қарап отырса, мұнда бәрі бар. Ұялы телефоны да, планшеті де бар, ойыншықтары да жетерлік. Аяз атадан әлде бокс қолғабын сыйлауды өтінсем бе екен? Өскенде боксшы болғысы келеді мұның. Рингте атой салып, жеңімпаз атанса, анасы қандай қуанар еді, шіркін! Жарқынның көз алдына анасының қуанышты жүзі елестеп кетті. Әлі кішкентай болса да, анасын көп ойлайды. Мұның анасы әлемдегі ең әдемі, ең сұлу жан ғой. Жарқын анасын ерекше жақсы көреді. Бүлдіршіннің қос жанары бір кезде әлдебір мұңға тұна қалған. Әкем болса, оны да жақсы көруші едім ғой… Бірақ ес білгелі Жарқын әкесін көрген емес. Бірде анасынан «әкем қайда?» деп сұрағаны бар. Сонда анасы «балам, ол бізден алыста, жұмақта» деп жауап берген.
– Жұмақ қайда?
– Жұмақ жеті қат көктің үстінде дейді ғой.
Анасы солқылдап жылап жіберген. Осы оқиғадан кейін анасынан әкесі туралы, жұмақ жайында сұраған емес.
Бір кезде Жарқын ойына бірдеңе түскендей қуанып кетті. Бұл Аяз атаға не жазуды біледі. Бала қаламын қолына алып, алдындағы қағазға маржандай әріптермен тілегін жаза бастады.
«Құрметті Аяз ата! Мен сенен ойыншық та, ештеңе де сұрамаймын. Менде бәрі бар. Өзіме жетеді. Білесіз бе, менің әкемді көргім келеді. Ол үшін маған жұмаққа бару керек. Анамның айтуы бойынша жұмақ жеті қат көктің үстінде көрінеді. Оған мен өздігімнен бара алмаймын. Ол үшін сенің көмегің керек… Аяз ата сен мені жұмаққа, әкеме апаршы…».
Хатты жазып болғаннан соң, Жарқын оны конвертке салып анасына берген. Іштей Аяз атаның мұның тілегін орындайтынына да сенімді еді.

Сен менің қасымда бол

Ұлының хатын сөмкесіне салып жатып, Сәнімгүл өзінен-өзі жымиып қойды. Кіршіксіз аппақ, бала көңіл-ай десеңші. Екінші сыныпта оқыса да әлі Аяз атаның барына сенеді. Кішкентай кезінде өзі де сенетін. Бірақ кейін мектептегі жаңажылдық шыршада Аяз ата болып жүрген адамның денешынықтырудан беретін мұғалім ағай екенін біліп қойып, бала көңілінің айран-асыр болғаны бар. Жарқын да кейін мынау өмірде Аяз атаның жоғын біле жатар. Әзірге бала арманын орындау қажет. Жалғыз ұлының арманын орындай алмаса несіне жер басып жүр! Іштей бүгін жұмыстан ертерек шығып, дүкен аралап, баласының тілегін орындауды да ойлады. Үйден шығып бара жатқанында ұлы:
– Анашым, хатты поштаға салуды ұмытпаңыз, – деп тағы да қадап тапсырды.
– Әрине, балам, ол жағын уайымдама!
Сағат тілі кешкі бесті көрсеткенде Сәнімгүлдің есіне ұлының Аяз атаға жазған хаты түскен. Қаладағы сауда үйлері жеті-сегізге дейін жұмыс істейді. Әлі дүкен аралап үлгереді. Ұлы өткен жылғы Жаңа жылда Аяз атадан планшет сыйлауды өтініш еткен. Ал бұл жолы не сұраған екен? Хатты ашып, оқыған Сәнімгүл өз көзіне өзі сенбеді. Құдай-ау, мына бала не жазған? Осындай да тілек болады ма екен? «Аяз ата сен мені жұмаққа, әкеме апаршы…» дегені не? Жоқ, құдайым-ау, керегі жоқ. Жалғыз ұлым жұмаққа кетсе, мен қалай өмір сүрем? Келіншектің ақ жүзін ащы жас жуды. Ол жаққа барса оралмайтынын қайдан білсін байғұс бала! Жетеді, күйеуінен ерте айырылып, жесір атанғаны да жетеді. Енді бауырындағы жалғыз баласын жұмаққа жібере алмайды…
…Әлден уақытта есін жиған Сәнімгүл іштей бір ойға бекіп, «менің оған Аяз атаның бұл өмірде жоқ екенін, ол тек ертегілерде, мультфильмдер мен киноларда ғана болатынын» айтуым керек деп шешті. Бірақ қалай айтады? Бала қиялын, бала арманын қалай ғана быт-шыт етіп қиратады? Бәріне өзі кінәлі. «Аяз атаға хат жаз, бар тілегіңді орындайды» деп ұлын сендірген де өзі ғой. Енді, міне, қарашы, бала қиялын улаған сол өтірікке өзі өртеніп барады… Балапаным-ау, мен сені жұмақтағы әкеңе жібере алмаймын ғой… Жұмақта әкең-ақ жүре берсін, ал сен менің қасымда қал… Ешқайда кетпе…
… Орнынан әзер тұрған ана ұлының хатын жыртып-жыртып қоқыс жәшігіне тастады…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button