«Сенің дауысың – сенің болашағың» атты байқау басталды
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматыдағы бөлімшесінде «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер конкурсының басталғаны жөнінде арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиынға бейнебайланыс арқылы өскемендік бір топ белсенді жас та қатысты.
Биылғы 26-сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына орай елімізде постерлер, яғни, жарнама мақсатында қолданылатын көркемдік тұрғыда рәсімделген плакаттар байқауы басталып отыр. Кез келген ниет білдірген адам өзінің авторлық жұмысында Қазақстан президенттігіне кандидаттарға дауыс беруге үндеген үгітін бейнелей алады. Осылайша, байқауды ұйымдастырушылар дауыс берушілерді сайлауға қатысуға ынталандыруды көздеуде. Конкурсты жас журналистердің «Қаламгер азамат» қоғамдық қоры қолға алып отыр, сондай-ақ, бұл іс-шараға Қазақстанның суретшілер одағы мен ІТ компаниялар қауымдастығы атсалысып, «Қазконтент» ұйымы ақпараттық қолдау білдірмек.
– Бізді, қазақстандық суретшілерді, бұл бастама ерекше қуаттандырып отыр, себебі, аталған байқау Президент сайлауы туралы идеяларды шығармашылық тұрғыда іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл сайысқа тек кәсіби суретшілер ғана емес, сондай-ақ барша қоғам өкілдері қатыса алады және ол тұрғындарды сайлауға қатысып, дауыс беруге ынталандыра түседі, – деп ой білдірді Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбек.
– Біз «Қазконтент» акционерлік қоғамына осындай бір байқау өткізуді ұсындық, олар біздің бастамамызды қош көрді. Байқау қатысушыларына дауыс беру ашық түрде өтеді, дауысты интернет қолданушылар беретін болады, – деп түсіндірді конкурс шарттарын Қазақстан интернет бизнесі қауымдастығының жетекшісі Константин Горожанин.
Өңірлерден баспасөз мәслихатына алғашқы болып Шығыс Қазақстан қосылды. Белсенді жастар арасында «Х-фактор» байқауының жеңімпазы Евгений Выблов, Еуразия және Қазақстан Барысы Айбек Нұғымаров, жуырда өткен қысқы Универсиаданың чемпионы Анастасия Слоново болды.
– Мен әлеуметтік желілерді өте жиі қолданамын, әншілер байқауында жеңіске нақ осы интернет-дауыс беру арқылы жеткенім анық. Бұл акция туралы мен достарымнан естіп-білдім, жалпы, бұл өте игі бастама екен, мен де өз постерлерімді ұсынуды жоспарлап отырмын. Барша қазақстандық жастарды сайлау тақырыбына арналған постерлер конкурсына атсалысуға және сайлауға қатысып, өз дауыстарын беруге шақырамын, – деп телекөпір арқылы ел жастарына үндеу тастады жас талант Евгений Выблов.
Айбек Нұғымаров та өз сөзінде дарынды да талапты жастардың осы іс-шараға белсенді қатысатынына сенім білдірді. Ол сондай-ақ, елімізде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, жастарға, оның ішінде спортшыларға үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын баса айтып, өз құрдастарын Президент сайлауына бір кісідей қатысуға, дауыс беруге шақырды.
Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар конкурстық жұмыстармен бірге қатысушыларға өздері туралы ақпаратты да, айталық аты-жөнін, туған күнін, тұрғылықты жері мен оқу орнын, байланыс телефондарын жөнелтуді сұрайды.
– Конкурстың негізгі ұстанымы – ашықтық, ең көп дауыс жинаған жұмыстарды білікті қазылар алқасы бағалайтын болады, – деп мәлімдеді «Қазконтент» АҚ-ның медиажоспарлар жөніндегі басқарушы директоры Диас Есдуәлетов.
Байқау «El.kz» әлеуметтік желісі базасында сәуірдің 20-сына дейін үш кезеңмен өтеді, бірінші кезең – конкурстық жұмыстарды қабылдау (17 наурыз – 15 сәуір), екінші кезең – қазылар алқасының өтінімдерді қарастыруы (17-19 сәуір), соңғы кезең – қорытынды шығарып, жеңімпаздарды марапаттау (20 сәуір). Конкурс туралы толығырақ ақпаратты «El.kz» әлеуметтік желісінен алуға болады.
Ержан Әбіш