РуханиятТОП

Семейде Қытайдың елшілігі болғанын білесіз бе?

Семейде өткен ғасырдың басында Қытай елшілігі орналасқан ғимарат бар. Көнекөздердің айтуынша, ғимараттың балконында қытай елшісінің қызы демалғанды ұнатыпты. Ол қолшатыр астында күннен қорғанып, өтіп жатқан ел назарын өзіне аудартқан, өзі де жұртқа көз салған.  

Кезінде Қытай елшілігі орналасқан ғимаратты 1903 жылы көпес Федор Медведев өз отбасы үшін салған. Қазіргі заманғы құжаттамалар орталығында сақталған құжаттарға сүйенсек, Ф.Медведев 1897-1919 жылдары қалалық думаның мүшесі болған, 1903 жылдан бастап «Плещеев» спирт зауытына иелік етеді. Ал 1904 жылы әпкесі Елизавета Высоцкаямен Семейде «Медведев және Высоцкая» сауда үйін ашады. Сол уақытта азық-түлік, киім-кешек саудалау құқығы 100 мың рубльді құраған. Сауда үйі 1912 жылы Федор Антиповичтің науқастануына байланысты жабылған екен.

Федор  жұбайы Софья екеуі төрт баласымен тұрған үйдің ауласында кірпіштен салынған атқора, қойма болды. 1920 жылдардың басында ғимарат тәркіленіп, мемлекеттік сақтандыру мекемесінің Семей бөлімшесіне берілді.

Кеңес өкіметі орнаған соң Қытаймен сауданы қайта қалпына келтіру қажет болды. 1924 жылы екі ел басшылығы КСРО-ның Ташкент, Алматы, Семей, Зайсан, Әндіжан қалаларында Қытай елшіліктерін және Шыңжаңда бес кеңестік елшілікті ашуға уағдаласты.

1924 жылғы қарашада Семей облыстық атқару комитетіне Қытай елшігін орналастыру үшін ғимарат дайындау туралы хабарлама келеді, онда үйдің 10 бөлмеден тұруы, орталықтағы жақсы көшеде орналасуы тиіс екені, шаруашылық құрылыстары болуы  жазылған.

1925 жылдың наурызында Бақтыдан Семейге қытай елшісіне арналған орынжайды дайындау үшін делегация келеді.

Қытай елшісін орналастыруға  мемлекеттік сақтандыру ғимараты бөлінді. Елші жөндеу жұмыстары аяқталмай Семейге келіп, уақытша «Қазақстан» қонақүйіне орналастырылды, ал мемлекеттік сақтандыру кеңсесі қарашада Колыванская көшесі, 48 мекенжайына көшті.

Семейдегі Қытай елшілігі 1926 жылғы 8 қаңтарда ашылды. «Елшілік ғимаратында қонақтарды Қытай елшісі Лю Чан Бин күтіп алды. Елшілік бөлмелері түрлі мемлекеттік тулармен безендірілген. Кіреберісте Қытай көсемдерінің портреті, КСРО және Қытай тулары орналасқан» деп жазды «Прииртышская правда» газеті.

1928 жылдың наурызында елшілік ғимаратына Мәскеуден көшіп келген Шыңжаң провинциясы, Тарбағатай округінің губернаторы Ли Шоу Чен, ал 1929 жылдың қаңтарынан бастап генерал-губернатор Ли Джу Мин орналасты. 1929 жылы елші ауысты, Ли Чин Биннің орнына Му Вей Тун келді.

1929 жылы кеңес-қытай дипломатиялық қатынасы үзілсе де, Семейдегі елшілік жұмысын тоқтатпады. 1932 жылы қос ел арасындағы дипломатиялық байланыс қайта жанданды. Осыдан кейін Семейдегі елшілік Ташкентке, ал Ташкенттегі елшілік Семейге ауысты.  Елші болып Чжао Го Бин тағайындалды.

1947 жылы кеңес өкіметі Семейдегі елшілікті жабу туралы шешім қабылдады. 1948 жылы елшіліктің уәкілеттігі Новосібір мен Алматыдағы елшіліктерге берілді.

Бұдан кейін бұл ғимаратта қалалық комсомол комитеті, балабақша, қалалық білім бөлімі және ұзақ уақыт ағарту қызметкерлерінің үйі орналасты. Қазір мұнда Amanat партиясының филиалы жұмыс істейді.

Алдағы уақытта сәулет ескерткішін қалпына келтіру жоспарда бар. Өрнекпен безендірілген балкон және төбесіндегі ерекше мұнара жұртшылыққа Семейдің ертеректе көпестер қаласы болғанын еске салып тұр.

 Флора Левина

 Семей.

Осы айдарда

Back to top button