Семейде доп додасы басталды

Шығыста дүбірлі доп додасы басталды. Өткен жексенбіде Семейдегі «Арена» көпфункционалды спорт кешенінде қала тарихында тұңғыш рет қыздар арасындағы клубтық Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Байрақты бәсекеге еліміздің волейболшыларымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран мен Тайланд елдерінің командалары қатысуда. Бұл біріншілікте Қазақстанның намысын екі бірдей ұжым – Петропавлдың «Қуанышы» мен алты дүркін ел чемпионы – Өскеменнің «Алтайы» қорғауда.
Осы ретте, бұл Шығыс Қазақстанда жалауын желбіреткен үшінші Азия біріншілігі екенін айта кеткен орынды. Бұған дейін, яғни 2017 және 2018 жылдарғы құрлықтық жарыстар Өскемен қаласында өткен болатын. Енді міне, кезек Семейге де келіп жетті.
Биылғы доп додасының ашылу салтанаты шаһардағы жаңа спорт кешенінде өткенін айту керек. Сары құрлықтың кіл мықтысы жиналған чемпионаттың ашылуына облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп қатысты.
– Құрметті жерлестер! Семейде волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатын ашу мен үшін зор мәртебе болып тұр. Осымен үшінші рет облысымыз әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараны қабылдап отыр. Ұзаққа созылған пандемиядан кейін мұндай жарыстар спортшылар мен жанкүйерлер үшін өте қажет еді. Аталмыш чемпионатқа бес елдің командалары қатысуда. Әр клубтың өз тарихы бар, барлығына да сәттілік тілейміз! Ал біздің елден жарысқа бір емес, екі бірдей команданың қатысуы бәріміз үшін ерекше қуанышты жайт болғаны сөзсіз. Әсіресе өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы – «Алтай» командасына артылар сенім зор болып тұр. Азия волейбол федерациясына бізге осындай ауқымды жарысты өткізуді сеніп тапсырғаны үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді спорттық іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Ал енді жарыстың өзіне келсек, чемпионаттың алғашқы күнінде Семейдегі спорт кешеніне жиналған жанкүйер қауым қазақстандық дербидің куәсі болды. Яғни, алаңға ел чемпионы, біріншіліктің басты фавориті «Алтай» мен Петропавлдың «Қуанышы» шықты. Тартысты өткен бұл кездесуде 3:1 есебімен көпшілік күткендей «Алтай» арулары жеңіске жетті. Ойынды ширақ бастаған «алтайлықтар» алғашқы партияда қарсыластарынан 25:18 есебімен басым түскенімен, келесі кезеңде «Қуаныштың» мерейі үстем болды, есеп 19:25. Дәл осыдан кейін өскемендік қыздар шындап іске кіріскен болуы керек, қалған екі партияда қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, екі кезеңді де бірдей есеппен өз пайдасына аяқтады. Үшінші және төртінші партиялардағы есеп 25:19.
Кеше «Қуаныш» турнир фавориттерінің бірі саналатын тайландтық «Diamond Food Fine Chef Sport Club» командасымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетсе, кешкісін «Алтай» қырғыз елінің мықтысы «Kyrgyzstan VC» волейболшыларымен шеберлік байқасты. Аталмыш ойын туралы газетіміздің келесі санында тарқатып жазатын боламыз.
Жоғарыда хабарлағанымыздай, биылғы құрлықтық додада барлығы алты команда сынға түсіп жатыр. Оның ішінде былтырғы чемпионаттың жеңімпазы атанған «Алтай» да бар. Қазірдің өзінде волейбол мамандары биылғы жарыста да дәл осы ұжым жеңіске жетуі тиіс деген болжам айтуда.
Тағы бір айта кетер жайт, чемпионаттың негізгі бөлігі басталмас бұрын барлық команда өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздескен шетелдік спортшылар мен бапкерлер биылғы турнирге мұқият дайындалғанын және жеңіске жетуі үшін барын салатынын жасырмады. Сондай-ақ қонақтар жарыстың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға ықыластары үшін алғыстарын білдірді.
Сәрсен Қабылым