Жаңалықтар

Семейде 54 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды

Қарағайлы шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Жап-жаңа пәтерлердің кілтін тұрғындарға қала әкімі Ермак Сәлімов табыстады. Баспанаға қол жеткізгендер қатарында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар бар.

– Бүгін біз қалыптасқан игі дәстүрге сай тұрғындардың қуанышын бөлісуге жиналдық. Жаңа пәтерлерге қоныстанып жатқан әрбір шаңырақ үшін ерекше болған бүгінгі күннің Тұңғыш Президент күні мерекесімен тұспа-тұс келуі қуанышымызды еселей түскені анық. Осының бәрі еліміздің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда көп ұлтты Қазақстан халқы Елбасымыз іргесін қалаған келісім мен бірлікте өмір сүріп келеді. Біз өз болашағымызға сенімдіміз, өйткені біз күшті, еркін және қарқынды дамып келе жатқан мемлекетте өмір сүреміз. Біз Елбасының басшылығымен еліміз өткен барлық өзгерістің куәсі болдық. Еліміздің дамуымен бірге сүйікті Семейіміз де өсіп-өркендеуде. Оның жарқын көрінісі – қазіргі заманғы және болашағы зор Қарағайлы ықшам ауданы. Бүгін біз кезекті мәрте жаңа пәтерлердің кілтін табыстап жатырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын құрметті жерлестер, – деп ізгі тілегін жеткізді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Салтанатқа жиналған тұрғындар да қуанышын жасырмады. Арқа-жарқа болған ағайын бірін-бірі құттықтап, мерекелік көңіл-күймен жаңа пәтерлеріне кіріп жатты.

– Бұл үлкен сыйлық. Менің ата-анасы жоқ жетім ретінде тұрғын үй кезегінде біраз жыл тұрдым, енді міне көптен күткен пәтерге Тұңғыш Президент күні қолым жетіп, қуанышым қойныма сыймай тұр. Мен үшін өте үлкен сыйлық болды, – дейді қоныстанушылардың бірі Марина Панчуковская.

Кілт тапсыру салтанатынан кейін қала басшысы жаңа пәтерлерді аралап, тұрғын үйдің сапалы әрі заманауи үлгіде салынғанына тағы бір мәрте көз жеткізді. Пәтер иелерін мерекемен құттықтады.

Жыл соңына дейін Семей қаласында тағы да 252 отбасы жаңа пәтерге ие болады. Олардың 125-і көпбалалы отбасына, 51-і балалар үйінің тәрбиеленушілеріне берілсе, 76 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындар арасында үлестіріледі.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button