Аймақтар аухалы

Семейді абаттандыруға басқа азаматтар да қатысады

Семей әкімі Ермак Сәлімовтің тұрғындармен есептік кездесуінде тұрғын үй жетіспеушілігі, көшелерді абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көктемгі тасқынға дайындық, басқа да мәселелер айтылды. Қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2020 жыл жоспарлары талқыланды.

Жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының әкімін қабылдаған. Кездесуде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындар әл-ауқатын арттыру туралы қала басшысының есебі тыңдалды. Тоқтап тұрған былғары комбинатын іске қосу мәселесі қаралды. Радиологиялық орталықтың жұмысы,салынып жатқан мектептер құрылысы, жолдарды жаңарту, көшелерді абаттандыру проблемалары талқыланды.

Президентшетелдік мамандарды тартпай, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шараларды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

– Президенттен Семей орманын сақтау, қалаға инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, Еріктілер жылына орай жастар белсенділігін арттыру бойынша тапсырмалар алдым, – деді Ермак Сәлімов.

2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп деңгейі 13%-ға, сауда айналымы 17,8%-ға өскен. Қала басшысы әлеуметтік тауарлар бағасын ұстау шаралары, Қарағайлы шағын ауданындағы мәдени-спорт кешені туралыайтты.

– Бұл нысан әсіресе әлеуметтік желілерде біршама сұрақ тудырды. Көп адамдарды оның тағдыры қызықтырды. Нысан конкурстық негізде жекешелендіру құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға берілді. Кешен қызметін өз бизнес-жоспары негізінде жүзеге асырады. Бұған бюджеттен қаржы құйылмайды. Жоба өз құнын өзі ақтайды. Қазір кешен жақсы жұмыс істеп тұр, – деді Ермак Сәлімов.

Қарағайлыда инновациялық технологиялар мектебінің құрылысы жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысы да жалғаспақ. Қала басшысы қаланы инфрақұрылымдық және инженерлік коммуникациялармен қамту қорытындыларымен, жоспарларымен бөлісті. Осы бағыттағы жобалардың көбі республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ.

– Су, жылу, энергиямен жабдықтау желілерін жаңғыртудан басқа, биыл көшелерді жарықтандыруды қолға аламыз, – деді Ермак Сәлімов. – Оны іске асыруға 1,8 миллиард теңге жоспарланып отыр.

Биыл орталық саябақты жаңартуды аяқтау жобада бар. Семейді абаттандыруға Қазақстанның басқа аймақтары қолдау көрсетпек.

– Абайдың 175 жылдығы аясында біз барлық облыстарға өтінішпен шықтық, – деді қала басшысы. – Қазір барлық өңірлер үшін саябақтарды, алаңдарды жаңартудың жобалық құжаттамасын дайындаудамыз. Аулаларды қалпына келтіруге назар аударамыз. Осы мақсатта бюджеттен 5 миллиард теңге аламыз. Өтініштерімізге барлық өңірлер жауап берді. Мысалы, Әуезов даңғылындағы скверді Алматы облысы абаттандырмақ. Жазда облыстар қолдауы арқылы осындай көп жобаларды жүзеге асырамыз.

Жолаушы тасымалы саласында жетістікте, мәселе де бар.2019 жылы тасымалдаушылардың автобус паркі 90%-ға жаңартылды. Бірақ жүргізушілердің жетіспеушілігі орын алып тұр. Өткен жылы электрондық билеттеу, жол жүру үшін сараланған төлем енгізілді. Артықшылықтарға қарамастан, бірқатар кемшілік болды. Маршруттарда іркіліс байқалуда.

– Жағдайды қадағалап, адамдар пікірін біліп отырамын, – деді Ермак Сәлімов. – Азаматтардың интернетте жазғандарын оқимын. Әділ пікірлерді көп көремін. Жолаушылар тасымалы саласындағы қиындықтар уақытша, мәселе шешіледі. Бірнеше жыл бұрын тасымалдаушылар бізге ультиматум қойды. Тарифті көтеруді талап етіп, маршруттарға шықпады. Бүгінде барлық қиындықтарға қарамастан электронды билеттеу жүйесі жұмыс істейді. Барлық автобустарда стационарлық және тасымалды валидаторлар орнатылған, осының арқасында бірқатар мәселені шеше алдық. Сондай-ақ электронды билеттеу енгізуде маршруттық желідегі проблемаларды анықтадық. Кейбір аудандарда, мысалы, Восточный кенті бойынша алынған мәліметтер негізінде маршруттарды қайта қарау керек.

Кездесуде білім және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, салу, осы салалар үшін маман даярлау, материалдық-техникалық базаны жаңарту жоспарлары айтылды.

«Поколение» қоғамдық бірлестігінің өкілдері көптеген аулалардың санитарлық жағдайының нашарлауына, қоқыс контейнерлерінің сапасына алаңдаушылық білдірді. Қала басшысы осыған 30 миллион теңге бөлініп, проблема шешілетінін айтты. Сондай-ақ жұртшылық қалалық зираттардың жағдайы туралы мәселе көтерді. Көп жыл бойы қайтыс болған адамдарды жерлеу бақылаусыз жүргізіліп, содан көп зираттар қоршалмаған, санитарлық жағдайға байланысты да проблемалар бар.

Биыл Семейге қар қалың түсті. Бұл – азаматтардың өз бетінше шеше алмайтын мәселесі. Есептеулер бойынша, қарды бір рет машинамен шығару бағасы – кем дегенде 15 мың теңге.

– Қаладан міндетті түрде қарды шығарамыз, – деді әкім. –Оның ішінде жеке сектор аумағынан да. Әйтпесе, көктемде бұл үлкен проблемаға ұласады. Қар шығару мәселесі қалалық мәслихат сессиясында қаралады. Қазір мамандар проблемалық учаскелерді анықтап жатыр.

Кездесуде инфаркт, инсульт, ауыр жарақаттар мен күрделі жедел медициналық араласудан зардап шеккен азаматтарды тегін оңалту туралы айтылды.

– Бұл бағытта «Қарағайлы» емдеу-сауықтырумекемесі жұмыс істейді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша семейліктердің осы емдеу орнынан көмек алу мүмкіндігі бар, –деді қала әкімі.

Сондай-ақ Суықбастау кентінің тұрғындары көше жарығының жоқтығы, судың, жолдардың нашар сапасы, қаңғыбас иттердің көбеюі туралы шағым айтып, автобус қатынасын оңтайландыруды өтінді. Юность шағын ауданының тұрғындары қаңғыбас иттердің көбеюіне қатысты қауіптерін білдірді.

Кездесуде он шақты шағым-өтініш айтылды. Кейбірі тікелей шешілді, басқаларына кейін жазбаша жауап беріледі. Ермак Сәлімов атап өткендей, бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button