«Семей таңы» 100-ге толды
Семейде Қайым Мұхамедханов атындағы көше ашылып, «Семей таңы» газетінің 100 жылдығы аталып өтілді. «Семей таңы» газетінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезовтердің қолтаңбасы қалған. Басылымның бас редакторы Риза Молдашеваның айтуынша, «Семей таңы» газеті тұңғыш рет «Сарыарқа» деген атпен жарыққа шығып, осы күнге дейін аты 8 рет өзгертілген екен.
Бұдан бұрын «Семей таңы» редакциясы ғимаратына газетте ұзақ жыл еңбек еткен Әзілхан Нұршайықов пен Рысхан Мусинге ескерткіш тақта орнатылған еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Семейде Қайым Мұхамедханов көшесі ресми ашылғаннан кейін, осы «Семей таңы» газетінің редакциясы орналасқан үйде Қайымға арналып алғашқы мекенжайлық тақта, монумент ілінді. Себебі, Қайым аға осы басылымда өзінің еңбектерін жариялап, қоян-қолтық еңбек еткен. Көшенің ашылу салтанаты «Семей таңының» 100 жылдығы, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерекелерімен тұспа-тұс келгендіктен, Қайым Мұхамедхановтың шәкірттерінің бірі, ғалым Арап Еспенбетов осынау тарихи сәтте халық алдында тебірене толқи сөйледі. Ал ветеринария саласының белді ғалымы, қоғам қайраткері Зейнолла Тоқаев «Семей таңы» газетінің 100 жылдығы аясында Қайым Мұхамедхановтың құрметіне орнатылған мекенжайлық ескерткіш тақтаның ашылуымен барша жұртты құттықтады. «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев осындай игі істерге мұрындық боп жүретін «Семей таңы» газетің ұжымының еңбегін жоғары бағаласа, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев «Семей таңы» еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар газет екенін деп атап өтті. 100 жылдық тарихы бар «Семей таңы» газеті әрдайым игі жаңалықтардың жаршысы, Қайым Мұхамедхановты осылай ерекше еске алып құрмет көрсетуінің өзі көпке үлгі деген қала әкімі Ермак Сәлімов жақсы істі жүзеге асырып отырған басылым басшылығы мен ұжымына табыс тіледі.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.