Семей қаласының болашағы зор
Семейге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Ертістің оң жағалауындағы сенбілік жұмыстарына қатысып, жаңадан қолданысқа берілген медициналық нысандарын аралады, тұрғын-үй құрылысының барысымен танысты.
Енді Ертістің оң жағалауы мен Түйемойнақ аралы түгелдей күл-қоқыстан арылатын болды. Әу бастан қаланың ең көрікті демалыс орны саналған жағалау бүгінгі күнде жөндеу, жаңғырту жұмыстарын қажет етіп тұр.
– Бұл жер – Ертістің тамаша табиғаты тұнған жер, тұрғындардың бос уақытын өткізіп, демалатын орны. Сондықтан да оны көркейту үшін екі жарым миллиард теңге бөлуге шешім шығардық. Көгал, ағаш, гүлдер санын кем дегенде алты-жеті есеге көбейту керек. Бұл қаланың экологиясына тиімді әсер етеді. Қаланың бас жоспары бойынша Ертістің осы жағалауында субұрқақ тұрғызылады. Субұрқақ жаны көріктендіріліп, орындықтар, тіпті, қоқыс жәшіктері қойылуы керек. Бұл жерде жаздық дәмхана, балалар ойнайтын алаңқай, спортпен айналысатын демалыс орны салынады. Семей қаласының болашағы зор. Мұнда біздің елімізде, тіпті, бүкіл әлемде жоқ медициналық нысандар салынады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы «Сәт» тұрғын үй құрылысы комбинаты өндіріп шығарған асфальт төсемдерінің сапасын тексеріп, велосипедшілерге арналған жолға сұр түсті азайтып, қызыл түсті төсемді көбейте төсеуді тапсырды. Жалпы көлемі 3 мың шаршы метрге созылатын өзен жағалауы жақын аралықта демалысқа барынша қолайлы орынға айналуы тиіс.
Айта кету керек, жалпықалалық сенбілікке облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге қатысқан қала басшысы Айбек Кәрімов, қалалық мәслихат депутаттары, түрлі мекеме, ұйым жетекшілері бұл күні қолдарына күрек, қайла, тырмауыш алып, күннің жаңбырлы екендігіне қарамастан оң жағалауды күл-қоқыстан тазартты. Жаңадан салынатын жаяу жүргіншілер жолына құм төседі. Облыс әкімі осындай таза ауада атқарылатын жұмыстар адам ағзасына аса пайдалы екендігін мысалға келтіріп, қарапайым еңбек адамдарын құрмет тұтуға шақырды. Сенбілік аяқталған соң аймақ басшысы ат басын «Зайтенов» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Зәйтенов ашқан «Ай» сауда үйіне бұрды. Аталмыш сауда үйіне жиналған халықпен бірге дүкенді аралаған аймақ басшысы сауда нысанына көңілі толатындығын айтты. Сауда орталығында сатып алушылар мен қызметкерлерге барынша жағдай жасалыпты. Ал жылқы, сиыр, қой еті сынды сұранысқа ие өнімдер өзге сауда орындарымен салыстырғанда біршама арзан. Шаруа қожалық басшысы Ерлан Зайтеновтың айтуынша, мұнда 20 орындық дәмхана бар. 25 адам жұмыспен қамтылып отыр.
-Ауыл кәсіпкері Ерлан Зәйтеновтың осындай үлкен сауда орталығын ашып, халық игілігіне ұсынғаны көңілімнен шықты,-деді облыс Әкімі Даниал Ахметов.
Қаланың медициналық әлеуетін арттыра түскен жаңа нысанның бірі – жедел жәрдем стансасының қосымша ғимараты. Семейдің төңірегінде 80 шақырымға дейін орналасқан барлық елді мекенге қызмет көрсететін орталық жылына жүз мың адамды қабылдайды. Стансаның құрамына қаланың негізгі бөлігі мен оң жағалау ауданына қызмет көрсететін екі қосалқы бекет кіреді. Орталық тұрғындарға жедел жәрдем көрсетіп қана қоймай, ел аралап, салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулық күту бойынша үгіт жұмыстарын жүргізеді.
Бір жарым миллиард теңгеден астам қаржыға салынған жаңа ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары облыс басшысының өткен жолғы сапарларында сынға ілігіп, бірқатар ескертулер айтылған. Сол ескертулердің есепке алынғанын көрген аймақ басшысы әлі де болса еденге төселген плиталарды ретке келтіру керектігін айтты.
– Қалада жедел жәрдем қызметіне арнап екі ғимарат тұрғызылған. Соның екеуіне немқұрайлы мердігерлер тап болғаны өкінішті. Нақты осы нысанға келер болсақ, қарапайым еден плиталарының өзі қисық-қыңыр төселген. Барлығы көз алдау үшін жасалғаны көрініп тұр. Бұған қала басшылығы да жауапты. Өз үйінде ешкім мұндай бассыздыққа жол бермейді ғой. Ал халықтың игілігіне салынған құрылысқа жауапсыз қараған. Бұлай болмауы керек, – деген облыс басшысы қала әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Надежда Шароваға медициналық мекемелердің жұмысына жіті назар аударуды тапсырды.
Аймақ басшысы жаңадан салынған жедел жәрдем ауруханасындағы жұмыстардың да дұрыс бағыт алғанын атады. Өткен сапарларда бұл нысан да қатаң сынға ұшыраған болатын. Кемшіліктердің қалай жойылғанын мекеме директоры Қайноллан Мусин таныстырды. 2013 жылы қолданысқа берілген нысанның қыс болса шатырынан суық кіріп, көктем мен күзде жертөлесіне су толып кететін. Осы олқылықтарды жою жөнінде облыс басшысының тапсырмалары толық орындалыпты. Тіпті, ғимарат ішіндегі еденнің бояуы да өзгертілген. Іргесінен жел аңыраған есік-терезелер бітеліп, келбеті де көз тартар күйге түскенін көрген аймақ басшысы ескертулерден кейінгі жұмыстарды жақсы бағалады.
Алайда, биылғы көктем ауруханаға байланысты тағы бір мәселенің құлағын қылтитып кетіпті. Ғимараттың жертөлесі судан қорғалғанымен маңындағы үйлердің ауласына су жайылған. Тұрғындар құрылыс кезінде жерасты бұлағының арнасы бұзылғанын айтып, бұл іске құрылысты жобалаушыларды жазғырып отырса керек. Аймақ басшысы бұл мәселені мұқият зерделеп, ешкім зардап шекпейтіндей етіп шешуді тапсырды.
Алдағы екі жылдың ішінде Семей қаласының Қарағайлы кенті ең сәулетті ауданға айналуы тиіс. Қала басшылығы мен тұрғын үй құрылысы мамандарының алдына осындай міндет қойылды. Бұл бағытта облыс әкімінің тікелей тапсыруымен бірқатар дайындық жұмыстары атқарылған. Осы сапар барысында көппәтерлі үйлердің бірнеше типтік жобалары пысықталып, бекітілді. Соның бірі – «Фирма Азия» ЖШС дайындаған 32 пәтерлік, тоғыз қабатты кірпіш үй. Осы жоба бойынша қаланың Народная және Ә.Қашаубаев көшелерінің қиылысында жаңа баспана бой көтеріп келеді. «Ертіс» ӘКК, «Тұрғынүйжинақбанкі», «Фирма Азия» ЖШС арасындағы үшжақты келісім бойынша тағы осындай екі үй салынады. Мемлекет және жеке серіктестік аясында жүзеге асқан жоба аз қамтылған және жас отбасыларды, бюджеттік мекеме қызметкерлерін жалдамалы баспанамен қамтуды көздейді. «Ертіс» ӘКК мердігерге екі үйдің құрылысына қажет қаржыны береді. Салынған үйді «Тұрғынүйжинақбанкі» сатып алады. Осы арада пайда болған айналым қаржыға мердігер өз шығыны есебінен тағы бір үй тұрғызады. Облыс басшысы құрылысқа қолданылатын материалдың 90 пайыздан астамы жергілікті өндірістен екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек «Сәт» тұрғын үй құрылысы комбинатының монолит және газоблок материалдарын пайдаланып салынатын үйлердің жобасы да аймақ басшысының көңілінен шықты. Сондай-ақ, аймақ басшысы шаһардағы құрылыстың барлығы Қарағайлы кентіне ойысу керектігін, алдағы екі жылда бұл ауданда газоблоктан тұрғызылған 15 үй, кірпіштен салынған 10 үй бой көтеруі екенін айтты. Бұл халқының саны күн сайын артып келе жатқан шаһардағы баспана мәселесін шешіп қана қоймай, қала сәулетіне жаңа серпін беретін болады. Ол үшін аталған үйлердің қасбеті суыққа төзімді, қарапайым сылақтан бірнеше есе жеңіл, өңін бермейтін түрлі-түсті плиталармен қапталады.
– Бұл типтік жобалар көңілге қонымды. Бұған дейін ұсынылған жобаларда әр шаршы метрі 2000 долларға тең болған. Әсемқан Досқожанов пен Нұрлан Байбеков ұсынып отырған жобалар бүкіл қалаға таратылуы керек. Қарағайлы кентінде әзірге осы жобаларға негізделген 25 үй бой көтеретін болады. Егер сметалық құжаттарын маусым айында дайындап, бітірсеңіздер, шілдеде құрылысты бастап кетуге болады. Бұл үйлердің сыртқы келбетіне де қатты көңіл бөлеміз. Қасбеттің түстері біркелкі болмай, барынша қанық түстермен әрленуі керек. Қарағайлы кентінің келбеті қаланың өзге мердігерлеріне құрылысты қалай салу керектігін көрсетіп тұруы тиіс, -деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Облыс басшысы «Фирма Азия» ЖШС директоры Әсемқан Досқожановқа «Мерей» спорт кешінің жанынан 100 орындық пансионат тұрғызу жөнінде ұсыныс берді. Бұл пансион өңірдің ауылдарынан жиналған дарынды спортшы балаларға арналмақ.
-Пансионат барынша қарапайым болуы тиіс. Төрт адамдық бөлмелерден бөлек, шағын спортзал мен асхана, жуыну кабиналары болса жеткілікті. Ғимараттың «Мерей» спорт кешенінің жанына салынғаны өте маңызды. Бұл балалар сабақта бос уақытында кешенде жаттығуларын өткізеді. Ал білімді жалпыға білім беру ошақтарында алатын болады, – деді аймақ басшысы.
Семей қаласына жасаған кезекті сапарын қорытындылаған облыс әкімі ескертулерден нәтиже шыға бастағанын айтып, тұрғын үй құрылысының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын жеткізді.
Раушан Нұғманбекова,
Есімжан Нақтыбайұлы