Мәдениет

Әсемдікке жаны құштар әже

Әсемдікке жаны құштар әже


Қалбатау ауылының тұрғыны, 80 жасқа аяқ басқан Кәмилә Юсупжанова апамыз әсемдікке жаны құштар, ерекше дүниелер жасайтын ісмер, еңбекқор жан.

Ол кісінің қолынан шыққан бұйымдары, тіккен киімдері, жасаған заттары басқаға ұқсамайтын өзгешелігімен көз тартады. Балаларын түгел өзі тіккен киімдермен киіндіріп, үріп ауызға салғандай етіп өсірді. Апамыздың күйеуі Жәлел Хасенов ақсақал заманында озат шопан болған адам. Шопандарға келетін автодүкеннен кілем, палас, бағалы ыдыс-аяқ сияқты заттарды ғана алып, басқа қажетті дүниелердің бәрін ісмер жан қолдан өзі тігетін…

«Қыз анадан үйренбей, кесте тікпес, ұл әкеден үлгі алмай, сапар шекпес» демекші, Кәмилә апа мұның бәрін анасынан үйренген.

– Анам 54 жасында қайтыс болды. Артында балаларымен әкем қалды. Ол кезде екі сіңлім мектеп жасында болса, бауырым Алымжан жеті жаста еді. Әкем Юсупжан, аға-жеңгем Кәмәлжан мен Жамалхан, күйеуім Жәлел бәріміз менен кейінгі балалардың бәрін алақанға салып өсірдік, оқыттық. Әкеміз бала-шағасының ортасында ақыл-кеңесін айтып, тірегіміз болып қартайғанша жүрді. 93 жасында өмірден өтті, – дейді.

Кәмилә апамыз жасының егделігіне қарамай үйренген ісін әлі жалғастырып келеді. Іс тігеді, тоқыма тоқиды. Құрақ көрпенің түр-түрін жасайды. Тоқыған заттары таңдай қақтырады. Түбіті бұрқыраған шәлі, өрнек салынған бас киімдер мен жейделер, желетке және басқа да киімдерді көрсеңіз қолдан тігілген десе сену қиын. Өйткені тым керемет.

Қолы ашық, жаны жайсаң Кәмилә апамыз қонақ күтуден де жалықпайды-ау. Дастарқанында астық түр-түрі самсап тұрады. Ол аздай келген меймандарына өз қолымен жасаған заттардан сый-сияпат көрсетіп жіберетінін қайтесіз.

2015 жылы Кәмилә апа қажылық сапар шегіп қайтты. Сол жылы Арафа мерекесі өтіп, біздің елден барған қажылармен бірге апамыз да қасиетті мейрамға қатысты. Бұл да бір ниеті түзу, жүрегінде иманы бар жанға деген Жаратқанның сыйы болар.

Қазақтың салт-дәртүрі мен ырым-тыйымдарына жүйрік қария өз білгенін жастарға үйретумен келеді.

Былтыр жазда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Есболовтың ұйымдастыруымен өткізілген «Шебердің қолы –ортақ» сайысында Кәмилә апа бас жүлдені жеңіп алып, бағалы сыйлықпен және мақтау грамотасымен марапатталып, ЭКСПО-ға жолдама алды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Есполовтың ұсынысы бойынша Ардагерлер үйінен бір бөлме беріліп, ол жерде жас қыз-келіншектерді оқытып, үйретуге өтініш жасалды. Апамыздың үйренем деушілерге көмегі дайын. Бүгінде қарияның жалғыз қызы Махфуза да қолөнершілікті жалғастыруда. Бүкіл Жарма жұрты «қажы апа» атап кеткен Кәмилә апамыз «сексенге таяп қалдым ғой, тігуді де, тоқуды да қояйын-ақ деймін, бірақ іс мәшинем мен бізім екі досымдай тартады да тұрады», дейді. Бүгінгі таңда қажы апа немерелері мен шөберелерін де өзінің қолымен тіккен басқа ешкімде жоқ сәнді киімдермен киіндіріп отыр. Апамыздың өзі де жасына сай киініп жүреді. Жазда жұқа матадан кимешек кисе, қыста аппақ қардай етіп тоқылған тоқыма кимешегін тастамайды. Өнері асқан, өмірден көргені көп, кеудесі қазынаға толы Кәмилә апамыз міне, осындай!

Жұмабақыт Рахметова
Қалбатау ауылы,
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button