Мәдениет

Сембай атындағы айтыста Сембаев жеңімпаз атанды

Сембай атындағы айтыста Сембаев жеңімпаз атанды

Көкжыра ауылында елімізге танымал айтыскер ақын Сембай Жансақовты еске алуға арналған аламан айтыс өтті.
Бұл дода ақынның 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында ұмыт бола бастаған ұлы өнердің бел ортасында жүріп, жасындай жарқылдаған Сембай өмірден ерте кетсе де, артына тамаша мұра қалдырды: ауылда ақындар мектебінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді, талай додаларда ұмыт болған жұмбақ айтыс пен қайым айтыстың үздік үлгісін көрсетті. Бүгінде халықаралық деңгейде айтысып жүрген Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова аталмыш ақындар мектебінен түлеп ұшқан осы ауылдың тумалары еді. Оларды Сембай ақынның заңды жалғасы десе де болғандай.
Айтысқа кезінде Сембаймен сахнада талай сөз сайыстырған Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Дәмеш Омарбаева сынды жыр сүлейлері арнайы келді. Айтысты Әселхан Қалыбекова арнау өлеңімен ашты. Күні бойы Көкжыра аспанын жырға бөлеген дода күн еңкейе мәресіне жетті. Бұл жолғы кіл жүйріктер бас қосқан айтыс аламанында Тарбағатайдың Құмкөл ауылының тумасы Дәурен Сембаев бас жүлдені иемденіп, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Бірінші орынды белгілі айтыс ақыны Нұржан Өмірбаев алса, айтыстың ақтаңгері атанған Серік Құсанбаев пен шемонайхалық жас ақын Ерлан Дәулет екінші орынды иемденді. Үшінші жүлдені Абаш Кәкенов пен керекулік Оңғар Қабденов алды.
Несін айтасың, Көкжыра ауылында алғаш рет өткізілген бұл дода көрерменнің де, ақындардың да көңілін көктемдей шалқытты.
Осы орайда аталған айтысқа демеушілік жасаған ауылдың атымтай жомарт азаматы Мәулет Аязбаевты айтпасқа болмас. Өйткені, айтыс өткен саябақ пен сахна осы азаматтың қолдауымен жасалыпты. Ең шарапаттысы сол, бұл айтыс келесі жылы республикалық деңгейде өтетін болды.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button