Мәдениет

Әсем әнге бөленген күн

Өткен жұма күні Өскемен құшағында шырайлы Шығыстың таңғажайып табиғатына тамсанып, бұлбұлдар сайрады. Тамылжыған тәтті әуенді асқақ Алтай мүлгіп тыңдаса, ерке Ертіс елжірей құлақ түрді. Бұл құдіретті саз Тарбағатай мен Шыңғыстайды һәм Мұзтауды да тебірентпей қалған жоқ. Себебі, ел көлеміндегі өнер патшалығының өңшең ханзадалары мен ханшайымдары сағыныштарын кілең осыларға арнады.

Әсем әнге бөленген күнБұл – Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайында өткен «Жерім менің» атты республикалық байқаудан түйіп қайтқан ойымыз.

Тамаша табиғаты мен алты алаштың абыройын асқақтатқан ұландары бар шұрайлы Шығысты жырлайтын әндер жоқ десек, бір Алладан, онан соң Оралхан Көшеров бастаған талантты тұлғаларымыздан ұят болар. Бірақ осы әндер неге Қызылорданың «Сыр сұлуындай», Оңтүстіктің «Арыс жағасындағыдай» немесе «Алматым жүрегімде» сияқты әрбір об-лыстың бейресми әнұранындай болып қалыптаспайды? Мысалы, Орекеңдердің Алтай немесе Тарбаға-тай туралы әндері бүкіл ел көлемінде жаңағы әндердей неге кеңінен таралмайды?

Бұл – бірінші мәселе, екінші мәселе – осынау керімсал өңірге арналған заманауи үлгідегі әндер неге аз?

Осынау олқылықтардың орнын толтыру мақсатын ұстанған облыстық мәдениет басқармасы өткен жылы қазақ елінің әр түкпіріне сауын айтып, ақындар мен сазгерлерге Шығысты жырлайтын әндер байқауы өтетінін жариялаған еді. Ал бұл күні Өскемен аспанында ән қалықтатып жатқан осы байқаудың ақтық сынына өткен өнерпаздар болатын. Жалпы алдын ала іріктеу барысында білікті музыка мамандарының алдына жанры, стилі бір-біріне ұқсамайтын 27 ән келіп түскен екен. Сөйтіп, жабық түрде, яғни, шығарма авторларының аты-жөнін білмей тұрып, бағалаған байқаудың мәресіне өнердегі өз биігін бағындырып үлгерген белгілі тұлғалар мен өңірімізде жүрген талант иелерінің де шығармалары өткен көрінеді.

Құттықтаулар мен сазды сағыныштар қатар өрілген салтанаттың шымылдығын облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев ашты.

– Бұл игі шараға болашақта тек әкімшілік саласы ғана атсалыспай, халықтың да етене араласып, көмектескені жөн. Сонда ғана біз басталған істі өзінің биік шыңына жеткіземіз әрі оның көлемін кеңейтеміз, – деді кештің шымылдығын ашқан облыс Әкімінің орынбасары. – Демек, туған өлкемізді тебірене жырлайтын бұл шара болашақта да өз жалғасын табатынына сенімдіміз.

Бұдан кейін зал толы халық асыға күткен жеңімпаздар да анықтала бастады. Сонымен «Ең таңдаулы лирикалық ән» аталымы бойынша белгілі ақын, Шығыстың тумасы Жанат Әскербекқызының сөзіне жазылған Роза Әлқожаның «Ертістің жағалауында» атты әні марапатталды. Бұл әнді жиналған қауым ән авторының орындауында тыңдады. «Заманауи ән» аталымындағы жүлдені Сергей Корынбаев (сөзі) пен Анжелина Корынбаеваның әні еншіледі. Сонымен қатар сөзін Мақсат Қайырбеков жазған Серік Бабақанның «Ауылым – бағым» әні, Мұрат Тастағановтың өлеңіне жазылған талантты жас әнші, бүлдіршін Руфина Кәрібаеваның орындауындағы «Өскемен туралы жыр» атты әндері тиісінше аталымдармен марапатталды.

Айта кетейік, шұғылалы Шығысты жырлаған бұл байқауға Қытайда тұратын қандастарымыз да өз туындыларын жіберген екен. Солардың ішінен Іле облыстық қазақ театрының әртісі Елеусіз Сүлейбекұлының «Алтайым» әні «Ата жұртқа сағыныш» аталымын иеленді. Бұл әнді біздің ортамызға жеткізуші ретінде (орындаушы) облыстық филармонияның әншісі Алтай Мүбәрәкұлы марапатталды.

Ару Алтай мен маңғаз Марқаны, бір сөзбен айтқанда, шырайлы Шығыс жерінің сұлу бейнесін суреттеп, халықты асқақ рухқа жетелейтін ән байқауының жүлделі орындарына да кезек келіп жетті-ау ақыры. Алдыңғы үштікті бес ән иеленген екен. Анығырақ айтсақ, үшінші орынды «Туған елімнің әуені» атты әнімен Светлана Апасова және республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболаттың «Жерұйық өлкем» (сөзі Ұлықбек Есдәулеттікі) әні қанжығаға байласа, екінші орынды Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған Елена Әбдіхалықованың «Тарбағатай – Барқытбел» әні еншіледі.

– Мен өмірі Тарбағатайға барып көргем жоқ. Тіпті, ол маңда таныс, туысым да жоқ. Тек «Ол да бір қазақтың қасиетті мекені ғой» деген сезім осы әнді жазуға жетеледі, – деді әнші, ақын һәм сазгер Е.Әбдіхалықова «Тарбағатай – Барқытбел» әнін орындау барысында. Аталмыш әнші бұл байқауға «Өскемен – Семей» атты әнін де ұсынған екен. Бірақ сарапшылар тек бір әнін ғана бағаласа керек. Сахнаға көтерілген әнші Шығысқа күнде келмейтінін айтып, өнер сүйер қауымға екі әнін де орындап берді.

Дәл осындай екінші орын туған бауыры Қалқаман Саринның сөзіне жазылған Гүлмира Саринаның «Шығысым – шырайлы өлкем» әніне бұйырды. Әнді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның өзі орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Бүкіл елдің делебесін қоздырып, сазгерлердің шабытын тудырған, ақындардың қолына қалам алдырып, Шығыс жайлы ойға батырған байқаудың басты жүлдесін, яғни, бірінші орынды «Баса алмай саған деген ғашықтығын, шашып нұрын, Шығыстан шығады ылғи күн де асығып», деп келетін Қалқаман Саринның сөзіне жазылған Медет Салықовтың «Шығысым – шынарым» әні еншіледі. Жүлдегер-әнді Президент оркестрінің әншілерінен құралған «Аламан» тобы орындады. Жүлдегерлердің барлығына арнаулы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Кеш барысында өзі сөзін жазған екі бірдей әні жүлделі алдыңғы орындарды иеленген ақын Қалқаман Саринның шара туралы лебізін білген едік.

– Шығыс өңірін жырлайтын әндер бұрыннан бар. Бірақ оның барлығы халыққа кеңінен танылмаған. Бұл – әнге деген насихаттың жоқтығы. Осы жағдайды ескеріп, республикалық деңгейде осындай салтанатты шараны ұйымдастырып, өткізіп жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді бүгінде жазғандары нағыз хитқа айналып жүрген ақын.

Иә, байқау мәреге жетті. Халық тарады. Олармен бірге отты жырлармен өрілген сазды сағынышқа толы туған жер туралы әндер және көңілге қонған ырғақтар бүкіл қазақ даласына тарап бара жатты. Міне, дәл осылай алтын Алтай асқарында ән қалықтады…

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button