Қоғам

Әсел Сағатованың атасы майданға самолет жіберген

Әсел Сағатованың атасы майданға самолет жіберген

Соңғы жылдары кино өнерінде жұлдызы жарқырап жүрген Әсел Сағатова жайында алып қашты әңгіме көп. Біреулер «Алматының қызы десе, енді біреулер Семейдің төл тумасы екен» дейді. Анықтап білуімізше, ол – Семейде кіндік қаны тамған. Осында өсіп, мектеп табалдырығын аттаған. Есігін алғаш ашқан білім ордасы да сол жағалауда орналасқан. 1924 жылы қазақ-жұмысшы жастарына арнап ашылған алғашында «Алаш» мектебі деп аталған тарихи білім ордасының ғимараты әлі сақталған. Қазіргі кезде бұл мектеп Шәкерім Құдайбердиев атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын мамандандырылған мектеп. Мектеп басшылығы Әселдің бастауыш сыныптарда ғана оқып, кейіннен Алматы қаласына көшіп кеткенін айтты. Зейнет демалысындағы алғашқы ұстазы 80-нің сеңгіріне шыққан ойы сергек, байыпты сөйлейтін Қапия Сексенбайқызы деген апамыз екен. Келген бұйымтайымды айттым. Соңғы жылдары апамызға оқушысы туралы сұхбат алуға біздің әріптестер, оның ішінде орыстілді тілшілер жиі келетін көрінеді.

Қалаға келген сайын Қапия ұстазына соғуды ұмытпайды

– Оқушым туралы білген естелігімді айтып, бар орысшамды тауысып, шығарып салып отырам, – деп күліп қояды. Жұлдызды қыздың қолына алғаш қалам ұстатып, әліппенің әліпбиін үйреткен апамыздың алдына Әсел 1992 жылы келген.
– Ел егемендігін енді алған жылдар болатын. Оған дейін қазақ сыныптарын толтыра алмай әлек болатынбыз. Сол оқу жылында үш бірдей бірінші сынып ашылды. Бұл бұрын-соңды болмаған еді. Менің сыныбымда 25 оқушы болды. Алдыма келген шәкірттерімнің тең жартысы қазақ тілін білмек түгілі, мүлде түсінбей келгендер. Олардың арасында Әсел Сағатова да болды. Сөйткен Әселім жылдың аяғында қазақ тілін еркін меңгеріп, бірінші сыныпты кілең «бестік» бағамен аяқтады. Бірде тақтаға жазатын кәдімгі бор болмай қатты қиналдық. Ертесінде Әселдің мамасы бір жәшік борды өзі көтеріп әкелді. «Бор таппасаң сабаққа бармаймын» деп лаң салды – дейді анасы Амангүл. Баланың бойында бекзаттық пен қайырымдылықтың барын сонда байқағанмын, – дейді ұстазы. Өнер адамы жайында әркім әртүрлі айтып жүретінін естимін ғой, қалқам. Қалай десек те, Әсел туған қаласына келген сайын маған соқпай кетпейді. Алғаш Алматыға көшкен жылдары тіпті жиі келетін. Ел аузына іліге бастаған кезде ғой деймін, біздің үйге бірнеше рет келіпті. Мен ауылда болсам керек, кешкісін қас қарая үйге келді. Қолында бір қорап шоколады бар. Үйге келген сайын үйден шай ішпей кетпейтін. Сол баяғы қарапайымдылығы, тілшілерге сұхбат берген сайын мені «Алғашқы ұстазым!» деп еске жиі алып отыратын көрінеді. Бақытты болсын айналайын! – деп Қапия апам көзіне жас алды.

Әсел Сағатова 14 жасынан көрерменнің көзайымы болған. 15 жасында «Алматы аруы» атануы көп нәрсені аңғартады. Осы тұста айта кетерлік бір жай, алматылықтар Әселді өздеріне еншілепті. Мейлі қай жердікі болса да «Қазақтың аруы» емес пе? Әсел қыз аға баласы Арғыннан тарайды. Кешегі Қаздауысты Қазбек бабамыздың ұрпағы. Нағашы жұрты да осал болмаса керек, Аягөз өңіріндегі аты шыққан он жеті ақынның ұрпағынан тарайды деседі. Бала күнінен бойына біткен қайсарлық, өжеттілік, қайырымдылық өзінің үлкен атасынан дарыған ба дерсің. Атасы Нығмет Сағатов соғыс жылдарында Семей өңіріне белгілі «Белағаш» элеваторының алғашқы ұйымдастырушысы, аш-жалаңаш жүрген дүйім елдің қамқоршысы болған. Сол уақытта «Бәрі де майдан үшін!» деп, елден қаражат ұйымдастырып, Семейден майданға самолет жіберген осы Әсел Сағатованың атасы Нығмет ақсақал болған. Бұл дерек «КССРО қорғаныс министрлігінің мұрағатында сақталған» дейді туыстары. Өнер адамының шоқтығы биіктеп жұздызы жанған сайын сын көзге ілігетіні бар. Қайсы бір ақпарат құралдары сенсация іздеп, шырақ ұстап жүретіндерін қайтерсің. Соңғы жылдардағы берген сұхбатында «Сырымды сыртқа ақтарғым келмейді» депті. Онысы осы жылдарда түскен фильмдерінің ішіндегі 30 қыздың ішінен озып шыққан «Махаббат тәлкегі» картинасындағы ресейлік продюссер «А.Чадов екеуінің арасында махаббат болды» деген сыбыс тараған. Оны маздатып жүрген тағы өзіміздің орыстілді әріптестер. Тіпті осы оқиғаны кейін белгілі қоғам қайраткерлері де «Қазақ қызына осындай қылық тән бе екен?» деп айыптапты. Ал қайсар қыз осының барлығына ақыл парасатымен әлдеқашан жауап берген. Жоғарыда өзі айтқандай «сырымды сыртқа ақтарғым келмейді» деуі содан болса керек. Ал кино өнерінде мұндай бейне көріністер тіптен көп болады. Әсел осы жылдарда 15-тен астам үлкенді-кішілі картиналарда талай тамаша образдарды сомдаған, солардың басым көпшілігі басты кейіпкерлер. Менің білгенімде өнер адамдары жарғақ құлағы жастыққа тимей, үнемі ізденіс пен арпалыста жүріп армандайды. Жақында берген бір сұхбатында: – Ендігі арманым – Тұмар ханымның бейнесін сомдасам! – депті.
Несі бар қайсар қыздың қолынан бәрі де келеді.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button