Сексеннен асқан жолаушыларға жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Облыстық «Дидар» газетінің 2014 жылғы сандарының бірінен «Облыстағы жасы 80-нен асқан жолаушыларға қалааралық автобус билеттерінің құны 50 пайыз болады дегенді» оқыған едім. Өзім кейде алысқа жолаушылап шыққанда осы жеңілдікті қолданып жүрмін. Алайда, осы заңға енгізілген өзгеріс туралы жасы сексеннен асқан жолаушыларды былай қойғанда, қалааралық автобустарды жөнелтіп, қабылдайтын автобекет иелерінің өздері де білмейді. Мысалы, Өскемендегі Абай даңғылы бойындағы автобекет иелері мүлдем білмейді, билетті толық құнымен сатуда. Сұрасаң, «Ондайды білмейміз, бізге айтылған жоқ, бірінші рет естіп тұрмыз» деп жауап береді. Осы қарияларға арналған жеңілдікті дұрыстап, газет бетінде неге тағы бір әйгілемеске? Олар өзі көп те қалған жоқ, әрі анда-санда ғана автобусқа бір мінеді. Осыған жауап берсеңіздер екен.
Сәния Ілгекбаева, зейнеткер
Өскемен.
Сауалға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ахметов жауап береді:
– Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі №476-II заңына сәйкес қоғамдық көліктерде тегін жүру 7 жасқа дейінгі балаларға, ал 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға жол жүру құжатының толық құнының 50 пайыз мөлшерінде ұсынылады. Бұдан басқа жеңілдіктер түрі заң негізінде қарастырылмаған.
Бүгінгі күнде қалааралық, ауданаралық бағыттарда тегін және жеңілдікпен жол жүру конкурстық ұсыныстарға сәйкес тасымалдаушылардың өз еріктері негізінде (соғыс ардагерлеріне, тыл ардагерлеріне, 1,2 топтағы мүгедектерге және тағы басқаларға) ұсынылып отыр.
Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы