Сексенінде де – сахнада
Абай театрының белді актері, Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік факультетін бітірген. 1959 жылдан Семей облыстық музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетуде. Театр сахнасында Ақан серіден бастап, Қара Қыпшақ Қобыландының, Бауыржан Момышұлының, данышпан Абайдың, Шәкерім қажының рөлдерін сомдады. Өмірінің 60 жылға жуық уақытын өнерге арнап, театрда 200-ге тарта образды сахналады. Бекен Имахановтың 80 жылдық мерейтойында облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ құттықтауын оқып берді. Онда былай делінген: – «Құрметті Беке! 80 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын. Сіз жастайыңыздан өнер жолына бет бұрып, театр сырына қаныққан сахна саңлағысыз. Көптеген спектакльдерде сомдаған рөлдеріңіз көрермен көңілінен шығып, жүрегіне жол тапты. Бұл өзіңіздің ерекше дарыныңыздың, шеберлігіңіздің және тынымсыз еңбегіңіздің жемісі. Құрметті Бекен Имаханұлы, Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға ырыс-ынтымақ, шығармашылық табыстар тілеймін!».
– Сіз сөзді құрметтей білетін адамсыз. Ана тілімізге деген адалдығыңыз ерекше, – деді республикалық «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанов, – образға енгеніңізде әр сөзіңіз терең мағынаға ие болып, көрермендерді шешендік өнер құдіретіне бас игізіп жатады.
Халықтың жүрегінен берік орын тепкен қазақтың тарихи фильмдері некен-саяқ. «Қыз Жібек», «Жаушы» сияқты керемет кинолардың санатындағы «Шәкерімнің соңғы күзі» фильмінде қажыны сомдаған Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов ағамыздың еңбегі айрықша деуге болады.
– Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында еңбек етіп келе жатқан, бүгінгі жастардың тәлімгері, театр тарланы, сахна саңлағы Бекен ағамыз жайында қанша айтсақ та артық емес екендігі рас, – деп игі тілегін арнады ғалым, профессор Арап Еспенбетов,-Қарауылдағы қарапайым қазақ отбасында өмірге келген ағамыз бүгінде бар қазақтың маңдайына біткен мақтанышы. «Нағыз мықтыға оңы бір, солы да бір» деген бар ғой. Бекен ағамыз да жанр талғамайды, комедиялық, трагедиялық рөлдерді қатар сомдап, көрермендерін тәнті етумен келеді.
– Мерейтойыма қарақұрым халық болып келіп, қуанышымды бөлісіп жатқандарыңызға үлкен рақмет,-деді Бекен Имаханов ағалық ақ көңілден, – рөлдерді жағымды-жағымсызға, басты немесе кішіге бөлу қателік дер едім. Кейбір шағын образдардың өзі жарқ етіп, халық есінде ұзақ сақталып қалады. Мен үшін ойнаған рөлдерімнің бәрі қымбат. Осы театрда қойылған пьесалардағы ақындар мен батырлардың бейнесін сомдағанымды мақтан тұтатыным да рас. Тәубе деймін.
1967 жылы Александр Бектің “Волоколамск тас жолындағы” Б.Момышұлының образын сәтті шығарғаны үшін Бекен аға Қазақстанның еңбегі сіңген артисі атағына ие болды. Кейінгі кезде М.Әуезовтің «Қаракөзінде» Жарылғап рөлін, «Айман-Шолпанында» – Маман, Т.Ибрагимовтің «Жас Абайында» Құнанбай ролін сомдап, қазақ өнерін биік тұғырға көтеріп жүр.
Бекен Имаханов Семей қаласы мен Абай ауданының Құрметті азаматы. Мерейтой иесін жазушы Медеу Сәрсеке де құттықтап, сахна тарланына табыстар тіледі. Жиналған халықтың ықыласында шек болмады. Өнер саңлағына «Шәкәрім» медалі табысталды. Жиында облыс және Семей театрларының әртістері Бекен ағамен бірге түрлі қойылымдар көрсетті.
Раушан Нұғманбекова
Семей.