Сексендегі ақын-сазгердің ән кеші

Аудандық Мәдениет үйінде тамаша бір кеш өтті. оның Күршім ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер, республикалық өнер фестивалінің лауреаты, Күршім аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрсовет Қайыровтың 80 жылдық мерейтойына орай өткізген есебі іспетті ел-жұртпен кездесуі болатын.
Өнерге жастайынан құмар болып, ес білгелі ән шығарумен, жыр жазумен айналысып келген Нұрсовет Қайырұлының бірқатар әуендерінен хабардар едік, осы кеште сексенге сергек ағамыздың өнерін бастан-аяқ тамашалай келе, шын таңданып, сүйіне бас шайқадық. Кезінде терме, айтыстарға қатысып, өзінше өнер көрсетіп жүретін ақсақалдың кейіннен де көптеген әндер жазып, онысын талай жерде жариялап келгенінен осы жолы құлағдар болдық. Екі сағатқа созылған ән кешінде Нүкеңнің нағыз сазгерлік күйге еніп, шығармашылық өрлеу үстінде жүргеніне көпшілік тегіс куә болды.
Кешті ашып, баяндама жасаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытхан Өлмесеков көптеген ауылдарда мұғалім, кейіннен мектеп директоры болып еңбектеніп, өзінің бүкіл саналы ғұмырын жас буынға тәлім-тәрбие беруге арнаған ардагер ұстаздың өмірбаянына кең көлемде шолу жасады. Ол сонымен бірге жүрген жерінде өнерге ерекше ден қойып, түрлі үйірмелер, өнер бірлестіктерін ашып, халықты әнмен, күймен сусындатуға, ел ішіндегі жас өнерпаздардың талаптарын ұштауға да баса көңіл бөлген Нұрсовет Қайырұлының жан-жақты, дарынды азамат болғанына арнайы тоқталды.
Бұдан кейін сөз тізгінін ұстаған білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ә.Қосанбеков, қартты бұрыннан білетіндіктен осы кешке арнайы келген ақын Ә.Қаңтарбаев, сыйлас інілерінің бірі, ақын Х.Зәкәрия өздерінің Н.Қайыров жайлы жүрекжарды пікірлерін емен-жарқын күйде ортаға салды. Семейліктерді бастап келген Б.Төлегенова атындағы халық аспаптары оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі Нұрлан Төкей де ағасы жайлы оң пікір білдіріп, оның өнеріне нақты бағасын берді.Семей филармониясының әншілері Мафруза Өтеулинова, Гүлдана Ноғайбаева, Жасұлан Тәжиев, Таңат Мұқалиев, ерлі-зайыпты Қадырбек пен Маржан Омаровтар, күршімдік Қазымбек Әбдірахманов, Есен Мәженов, Мақпал Нұрпейісова, оның шәкірті Тілеулі Асылжан, Елдос Бақытбайұлы сияқты өнерпаздар сазгер ағаларының әндерін нақышына келтіре шырқап, кеш қызығын арттыра түсті.
Нұрсовет ақсақалдың әндері негізінен махаббат тақырыбына шығарылған әуендер, ал мұны сөз сөйлеген замандастары қадап айтып, қарияның қуат-қарымының әлі де мол екендігін, сол себепті туындыларының тек әйелдерге қаратып айтылатындығын әзілге сүйей тұрып, тілге тиек етті.
Н.Қайыровтың ағасы, аудандық мәдениет бөлімін 18 жыл бойы басқарып, Күршімнің өнерін талай қырдан асырған Қабдолла Тұраровтың есімі де кеңінен аталып, ол кісі туралы да жылы естеліктер айтылды. Осы мерекеге Қабаңның зайыбы Айша әжей балалары, немерелерімен Алматыдан әдейілеп жеткен екен. Сөз кезегі тигенде ол кісі өзі келіншек болып түскенде небәрі жетінші класта оқып жүрген Нұрсовет қайнысының сексенге келіп қалғанына таңданыс білдіріп, риясыз пейілімен құттықтау тілегін арнады.
Есімдері облыс көлеміне жақсы танымал ардагер ақсақалдар, той иесінің кластас достары С.Аухадиев, Е.Қасымханов, К.Тоқанов, Е.Қожахметов, Т.Қизатаевтар ақ көңілден туған ақ тілектерін арнап, сонау соғыстан кейінгі аш-жалаңаш кезеңдерде Құйған мектеп-интернатында өткізген оқушы кездерін тебірене еске алды. Осы еске алуларда Нұрсовет Қайырұлының сол кездің өзінде пысық-ширақ, не нәрсеге икемді бала болғаны айтылып жатты.
Ақын ағасына шапан сыйлаған Әлібек Қаңтарбаевтан кейін Күршім ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы М.Қалелов аудан жұртшылығы атынан құттықтау тілек айтып, мерейтой иесіне ата салтымен тағы бір шапан жапты.
Ақын, сазгердің қызықты өткен ән мерекесі, сексен жастағы есепті кеші көздеген жерден көрініп, көпшілікті шынымен риза етті. Қарияның замандастары, көз көрген тұстастары осы кештен ерекше бір қуат алып, бір сергіп қалғандарын қайталап айтып, аса ризалықпен құттықтап жатты.
Х.Қайроллаұлы
Күршім ауданы.