Білім

Сексен балаға оңалту қызметі тегін көрсетіледі

     «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлеген мен «Мархабат.kz мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дарын Акрамханұлы инклюзивті білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Бұл екіжақты келісім жоғары білікті мамандарды даярлау, университеттегі «Зияткер» инклюзивті білім беру орталығының қызметі аясында эксперименттік-зерттеу жұмыстарын жүргізу, қызметкерлердің біліктілігін үздіксіз арттыру, кәсіптік білім мен ғылымды интеграциялауға бағытталған. Светлана Стельмах басшылық ететін «Зияткер» орталығы бүгінде өңірдегі инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы.

-Өңірдегі дефектолог, психолог және басқа да арнайы педагогикалық мамандар университетіміздің базасында даярланады. Мұнда тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар алған білімдерін тәжірибемен ұштастыратын «Зияткер» инклюзивті білім беру орталығы жұмыс жасап келеді. Бұл орталықты институт дәрежесіне көтермекшіміз. Қазірдің өзінде «Мархабат.kz» оңалту орталығында сексен пайыз біздің университет түлектері жұмыс жасайды. Енді бұдан былай тек мамандарды даярлап қана қоймай, ғылыми негізін бағыттаймыз және әр түрлі техникалық қамтамасыз ету мәселелерін бірлесіп шешетін боламыз. Төртінші курстағы дефектолог студенттеріміз бен осы мамандықтың магистратурасындағы бірінші курс студенттеріміз мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып көмектесуге барынша жағдай жасайтын болады,-деді Мұхтар Әділбекұлы.

Бірлестік басшысының айтуынша, оңалту орталығындағы мамандардың көпшілігі аталған жоғары оқу орнының түлектері.

-Мәселен, арнайы мамандарды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан шақыртсақ, қымбатқа түсер еді. Сондықтан осындай тапшы мамандарды жергілікті жерде даярлап жатқан университет басшылығына мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының атынан алғысымды айтамын,-дейді Дарын Акрамханұлы.

Артықшылығы, бұл орталықта психикалық дамуы тежелген, сөйлеуі бұзылған, нашар көретін, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, ақыл-ой кемістігі, аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға оңалту шаралары тегін жүргізіледі. Мұндағы балаларға логопед, психолог, дефектолог, сурдопедагог, невропатолог, емдік денешынықтыру мамандары көмек көрсетеді. Өңірдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша биыл 80 балаға тегін оңалту қызметін көрсетуді жоспарлап отыр.

Университеттің стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Ирина  Ровнякова атап өткендей, қазір елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 161 826 балалар мен жасөспірімдер бар. Оның он пайызы біздің облыстың үлесінде. Өкініштісі, мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл сайын үш пайызға артып отыр.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button