Сегіз бағытта қызмет көрсетеді
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» тыныс-тіршілігі мен хал-ахуалы жайлы мекеме директоры Салатанат Селиханова айтып берді.
-Салтанат Қаймолдақызы, өзіңіз басқарып отырған мекеме жайлы толығырақ ақпарат берсеңіз…
-«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 2011 жылдың 1 қаңтарында облыс әкімдігінің қаулысы негізінде ашылды. Орталықта бүгінгі таңда 56 балаға қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 20-ы тірек-қозғалу бұзылушылықтары бар балалар және 36-ы психоневрологиялық ақауы бар балалар. Бүгінгі күні орталықта 27 қыз бала және 29 ұл балаға қызмет көрсетіледі. Комуналдық мемлекеттік мекеме қызметінің мақсаты – тірек қозғалу аппаратының бұзылушылықтары бар балалар үшін жартылай стационар және стационар жағдайында, психоневрологиялық ауытқушылықтары бар балалар үшін жартылай стационар жағдайында балалардың жеке қажеттіліктерін есепке ала отырып, олардың тұлғалық даму деңгейін арттыруға, әлеуметтенуіне және кірігуіне бағытталған арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларға сегіз бағытта арнаулы әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Медицина қызметкерлерінің 10-ы жоғарғы санатты, 1-і бірінші санатты білікті мамандар болса, педагог қызметкерлерінің 1-і бірінші санатты, 18-і екінші санатты. Орталықта түзете-дамыту арқылы қолдау көрсететін дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі маман, ЕДШ және еңбек нұсқаушылары, тәрбиешілер, дәрігерлер, орта буынды медицина қызметкерлері, музыка маманы мен іс-мәдени шараларды ұйымдастырушы, заңгер, денешынықтыру мұғалімі, аспаздар сынды білікті мамандар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Арнаулы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету мемлекеттік лицензияға сәйкес іске асырылады. Ашылған мерзімнен бастап мекеменің материалдық-техникалық базасы жүйелі түрде, қазіргі заман талабына сай нығаюда. Орталықта барлық нормативтер бойынша кедергісіз орта ұйымдастырылған: лифт, пандус, кең ойылған есіктер, өздігінен жүріп-тұруға тұтқалар бар және арбамен қозғалуға кедергі келтіретін табалдырық жоқ. Орталықтағы әр кабинет, ойын бөлмесі, ЕДШ залы, кітапхана, жатын бөлме, асхана, акт залы, кір жуатын орын көрсетілетін қызмет түріне, жұмысына, аумағына байланысты заманауи оңалту құралдармен жабдықталған.
-Таратыңқырап айтыңызшы…
-Екі ойын бөлмесіндегі қызмет алушылар интернет желісіне қосылған интерактивті тақтамен жұмыс жасаса, логопед маманы «Дельфа 142» тренажерымен, дефектолог мамандары кестеге байланысты «Мультикид» құрылғысында, тәрбиешілер Монтессори материалдарымен жабдықталған кабинетте, психолог маманы «Сенсорлық» кабинетте балалармен түзету сабақтарын түрлендіріп, ізденіп, қызықтырып жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып жұмыс істейді. Дәрігерлер қызмет алушылардың денсаулық жағдайын, емдік іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы болуын және ас мәзірін үнемі бақылап отырады. Балалар екі апталық ас мәзірі бойынша күніне 6 уақыт құнарлы, пайдалы тағамдармен тамақтандырылады. Әлеуметтік-еңбектік қызмет түрінің балаларға пайдасы өте жоғары. «Еңбек терапиясы» арқылы қызмет алушылардағы бұзылған функциялар мен еңбекке қабілеттілігі қалпына келтіріліп, болашақта өз қажеттіліктерін қанағатандыра алатындай еңбекке дағдыланып, нұсқаушының көмегімен түрлі қолөнер бұйымдарын дайындайды. Сонымен қатар, әр маман жеке компьютермен, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мекемеде қызмет алушылар диагнозына, жастарына байланысты 5 топқа бөлінген. Күн тәртібіне, жоспарға байланысты күнделікті жұмыстар жүргізіледі. 2021 жылдың тамыз айында өткен ПМПК қорытындысы бойынша 29 қызмет алушы 2021-2022 оқу жылына ұсыныс беріліп, мектептерде білім алды. Мекеме ашылғалы орталық қызметкерлерінің түзету жұмыстарын нәтижелі жүргізуінің арқасында 5 баладан мүгедектігі алынып тасталды. Бітіруші түлектердің арасында арнаулы білім алып, жұмысқа орналасып, отбасын құрып, қоғамның толыққанды мүшесі болғандары да бар. Қызмет алушылар арасында түрлі номинациялар бойынша аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда өз өнерлерін көрсетіп жүлделі бірінші орыннан көрінген қызмет алушыларымыз да аз емес.
– Өздеріңізде қызмет алып жатқан балалардың ішінде өнерпаз жеткіншектер де баршылық екен…
-Иә, сіз дұрыс айтасыз. Бізде ондай өнерлі балалар жетерлік. Мәселен, балалар жылы аясында орталығымыздың ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Үміт оты -2022» облыстық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Фестивальде Қатонқарағай, Тарбағатай, Аягөз, Семей, Зайсан, Үржар аудандарының өнерпаздары гала -концертте өз өнерлерін көрсетті. Біздің балалар бірқатар жүлделі орындарға ие болды. Мәслен, «Қолөнер» номинациясы бойынша жүлделі орын иегерлері келесідей марапатталды: ІІ орын Азатов Ерасыл (Үржар ауылы). Сондай-ақ, «Хореография» номинациясы бойынша жүлделі орын иегерлері келесідей марапатталды: бас жүлде Берік Ақжол «Қара жорға» биін орындап ие болды (Үржар ауылы).«Вокал» номинациясы бойынша жүлделі орын иегерлері: бас жүлдені Тыныбекова Мөлдір (Үржар ауылы) жеңіп алды. Сол сияқты, «Шапағат» әншілер тобы да бас жүлдеге ие болды (Үржар ауылы). І орын Еркін Нұрәділ (Үржар ауылы), ІІ орын Жасұланов Әлижан (Үржар ауылы) иеленгенін мақтанышпен айтамыз.
Орталығымыздың қызмет алушысы Тұрсынова Малика «JULDYZAI» XVI Халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысып, ІІІ орын иегері атанды.
Сол сияқты, биыл еліміздің шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толу төл мерекесіне орай, «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қызметкерлері мен қызмет алушылары Мақаншы ауылында орналасқан ҰҚК ШҚ Абай облысы бойынша шекара басқармасы қызметкерлері мен сарбаздарын құттықтап, концерттік бағдарламамен барып келді. Мерекелік іс – шараға ел тыныштығын күзететін шекарашы сарбаздар қатысты. Бір сөзбен айтқанда, біздің орталықтың балалары өз қатарларынан қалмай, Тәуелсіз Қазақстанның адал ұл-қыздары болуына қызмет етеміз.
Кезінде белгілі реформатор Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген ұлт болмаса, ұлтым дейтін бала қайдан шығады!», деген болатын. Сондықтан, біздің де мақсатымыз – балаларға сапалы қызмет көрсетіп, Отанының адал ұл-қыздары етіп тәрбиелеу.
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.