Жаңалықтар

Суға шомылуға тыйым салынған сегіз жер

Құтқарушылар Өскемен аумағындағы сегіз жерде суға шомылуға қатаң тыйым салынған ескертеді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қаладағы суға шомылуға аса қауіпті жерлер картасын әзірлеген. Оған Ертіс өзенінің бойында орын тепкен «Колос» және «Урал» саяжай қоғамдарының аумағы, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың іргесінде орналасқан аралдың су қоймасы, Ертіс жағалауы (Сол жағалау мен Өскемен су электр стансасы аудандары), Самар тас жолы мен Бабкина мельница аудандарындағы су қоймалары, Лесхоз кентінің маңындағы су қоймасы және руда емес материалдар комбинаты жанындағы су қоймасы (котлован) кіреді.

Дәл осы жерлерде суға шомылуға тыйым салынғанын ескертетін арнайы белгілер орнатылып, жыл сайын жаңартылса да, әзірге бұл жұмыс бәлендей нәтижесін бермеуде.

– Өкінішке қарай, тұрғындар арасында ескертулерімізге әлі де құлақ аспайтындар көп. Адамдар өздерінің ғана емес, басқалардың да басын қатерге тігуден шаршар емес. Соның салдарынан былтырғы шомылу маусымында ғана бес адам суға кеткен. Жоғарыда айтылған қарапайым ескертулер ескерілсе, бұл қайғылы жағдайлар орын алмас еді, – дейді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Дастан Ахметов.

Дастан Ахметов сонымен қатар биылғы жаз мезгілінде жылдағыдай суға шомылуға болмайтын жерлерге арнайы рейдттер ұйымдастырылатын хабарлады.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button