Денсаулық сақтауТОП

Сәбилердің өмірін сақтайтын медициналық аппарат

«Басқарылатын гипотермия» жобасы арқылы өңірлердегі облыстық перинаталдық орталықтарды жабдықтау жалғасуда. Бүгін босану кезінде ауа жетпей тұншығып туған нәрестелерді құтқаруға арналған аппараттық кешен Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығына берілді. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілігімен өңірлерге беріліп жатқан төртінші медициналық жабдық жиынтығы.

Терапиялық гипотермия босану кезінде орташа және ауыр асфиксияда туған балалардың өмірі мен ақыл-ойын сақтау үшін қолданылады. Оны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану керек. Құрылғы орнатылғанға дейін дәрігерлер өздігінше амалдап бақты, сәбилердің айналасына мұз немесе суық су салынған пакеттер қойылды. Реанимациядағы дәрігерлер мен медбикелер ондаған сағат бойы нәрестенің орталық жүйке жүйесін сақтау үшін қажетті дене температурасын қолмен ұстап тұруға мәжбүр болды. Ал гипотермия аппараты осы қиындықты жеңілдетті. Ол автоматты түрде дәл температураны ұстап тұрады, бұл нәресте миының зардап шеккен аймақтарындағы метаболизмді және жасушалардың қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Амплитудалық электроэнцефалография мониторы дәрігерлерге жаңа туған нәрестелерді құтқару және күту үшін қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді реттеуге көмектеседі.

«Балалардың өлім-жітімін төмендету мәселесі – өңір үшін өзекті мәселе. Медициналық жабдықтар біздің дәрігерлерге жаңа туған нәрестелерді құтқаруға, емдеуге және сауықтыруға көмектеседі. «Samruk-Kazyna Trust» және «AYALA» қорларына гипотермия аппараты және амплитудалық электроэнцефалография мониторы үшін алғысымызды білдіреміз», – деді ана мен бала орталығының директоры Жайық Жұмаханов.

Облыста 2021 жылы нәрестелердің шетінеу көрсеткіші 8,0 промиллені құрады. Ана мен бала орталығында жыл сайын 9 мыңнан астам бала туады. Бұл медициналық мекеме перинаталдық көмектің III деңгейін қамтамасыз етіп, қала мен жақын орналасқан аудандардан жоғары қауіптегі жүкті әйелдерді көптеп қабылдайды. Орталықта терапия мен жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімшесінде жыл сайын 500-ден астам шала туған нәрестеге күтім көрсетілсе, ал жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесінде 1200-ден астам сәбиге жәрдем жасалады. Өткен жылы ана мен бала орталығында механикалық гипотермияны 41 бала алды.

«Бұл аппараттар асфиксиямен туған балаларға үлкен көмегін көрсетеді. Нәрестелердің неврология және балалардың өлім көрсеткішін азайтуға сеп болуда. Сондықтанда біз өте қуаныштымыз. Келешекте кеңірек қолданатын боламыз», – деді ана мен бала орталығының дәрігері Жұлдыз Абулова.

«Samruk-Kazyna Trust» және «AYALA» қорларының бірлескен жобасы 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, екі жыл аралығында алты облыстық перинаталдық орталық реанимациялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Осыған дейін «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен автоматты гипотермияға арналған жабдық Қарағанды облысының облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық бөлімінде, Талдықорған және Ақтау қалаларының облыстық перинаталдық орталықтарында орнатылған болатын. 2022 жылдың қазан айының соңына дейін «AYALA» қайырымдылық қоры гипотермияның аппараттық кешендерін Орал мен Шымкенттің перинаталдық орталықтарына береді. 2017 жылдан бастап Қазақстанның 12 қаласында орнатылған жабдықта 216 жаңа туған нәресте құтқарылды.

«Біздің қор елімізде бала мүгедектігін азайтуға көмектесуді өзінің негізгі міндеті деп санайды. Қазіргі уақытта туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі 100 мыңға жуық баланың мүгедектігі бар, бұл орта есеппен тұтас шағын қаланың халқын құрайды. Баланың өмірін сақтап қалу – өте жауапты міндет. Ел болашағы үшін жаңа туған нәрестені функционалды сау ұстау өте маңызды. Сондықтан біз балалар реанимациясын бала туғаннан бастап мүгедектігін төмендетуге көмектесетін осындай жабдықпен және күту технологияларымен қамтамасыз етеміз. «Samruk Kazyna Trust» қорына көмек көрсеткені үшін зор алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті «Ayala» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button