Мәдениет

«Щелкунчик» ерекше шабытпен сахналанды

«Щелкунчик» ерекше шабытпен сахналанды


Семейде әйгілі композитор Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті сахналанды. Даңқты композитордың ең танымал әрі сұранысқа ие туындысының қойылымына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысып, жылы лебізін білдірді.

«Щелкунчик» балетінің қоюшы-режиссері – Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Шығыс Қазақстан облыстық арнайы мамандандырылған балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова. Чайковскийдің осынау атақты балетінің премьерасы 1892 жылғы 6 желтоқсанда Санкт-Петербургтың Мариинский театрында өткен екен. Семейдегі балет мектебінің педагог-хореографтары Әлия Көшербаева, Анна Качанова, Альмира Айдарханова, Рыстығайша Иманбекова «Щелкунщиктің» әр тұсын қырлауға, сомдауға ерекше мән бергені көрініп тұр.

Мәселен, олар дайындаған жеке нөмірлер: күміс Фея, «Қар ұшқындары» биі, шыршаны безендіру, марш, Машаның қуанышы, қуыршақтар биі, Дроссельмейер мен Маша диалогы, жекпе-жек, Щелкунчиктің принцке айналуы және екінші бөлімдегі тәттілер сарайы, араб кофесі, кәмпиттер Феясы, қытай шайы, испан шоколады, жұмақ құстарының биі, орыс пірәндіктері, гүлдер вальсі, міне, осылардың барлығы ерекше сезімге толы. Абай театрының кең залы көрерменге толы болды. Қойылымның әр бөліміндегі нөмірлерге көрермен қауым ризашылықтарын білдіріп, жапырлата қол соғып, риза болып отырды. Маша мен Щелкунчиктің бастан кешетін барлық оқиғалары композитор П.Чайковскийдің керемет музыкасы арқылы берілген. Композитордың жанының сұлулығы музыкалық туындысынан да көрініп тұр, бидің күрделілігін талап етеді.

– «Щелкунчик» балетін ең талантты деген өнер иелері ғана халық назарына ұсына алады. Балеттің партитурасы орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің музыкалық мұрасының классикасы ретінде жоғары бағаланады. Біздің балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова премьера деп шақырғаннан кейін, арнайы келіп отырмыз. Қойылымды тамашалағаннан кейін Шығыс өңіріндегі балеттің дамуын жоғары деңгейге жеткізудің мәселесін де назарға аламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова.

– Қазір аймақтарда қазақ би өнерінің қарқынды дамып отырғанын байқап отырмыз. Сондықтан да біз шәкірттерімізді классикалық бимен қатар ұлттық би өнеріне де тәрбиелеудеміз,- деді балет мектебінің диреторы Камилия Исмаилова,-біз бұрындары ұйымдастырған «Бидің ғажайып әлемі», «Әлем халықтарының билері» жобасына бес мыңнан аса ауыл балалары қатысты. Олардың бұл өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Былтыр «Без границ» атты балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-конкурсында бірінші дәрежелі үш дипломға ие болдық. Бұлардың барлығы да бұрынғы Семей полигоны жерінде туып-өссе де қасиетті Абай, Шәкәрім, Мұхтар елінің дарынды тұлғалары екендігін дәлелдеп, Мәскеуде, Франция, Швейцария, Латвия, Болгария, Финляндия, Испания, Түркия сияқты түрлі елдердің байрақты сындарында бәйгелерге қол жеткізген, болашақтарынан көп үміт күттіретін жастар. Біздің жыл сайын халықаралық сайыстарда осындай деңгейге көтерілуімізге облыс әкімі Даниал Ахметов, қала әкімі Ермак Сәлімовтің еңбегі зор дей аламын. Сондай-ақ Мәскеуде өткен «Өнер планетасы-Этнотайм» конкурсынан Гран-при алып келдік. Балет – үздіксіз жаттығуды, темірдей төзімді, белгілі бір жетістікке жету үшін уақытты қажет ететін өнер. Балет – бекзат өнер. ХVІІІ ға¬сырда өмірге келген классикалық осынау би¬де, сәулет өнері мен кескіндеме өнерінің үлес салмағы басым. Шәкірттеріміз Виолета Костенко, Камила Домагова, Диляра Мұхамадиева, Александра Ли-зун-сяндар Мәскеуде классикалық хореография биі бойынша Гран-приге қол жеткізсе, ұлттық би өнері аталымында да бірінші орыннан көрінді. Айта кету керек, «Өнер планетасы-Этнотайм» конкурсы «Қалалар өмірі» фестивалі аясында Мәскеуде жыл сайын өтеді. Мақсаты – ұлттар арасындағы достықты өнер арқылы насихаттау. Қазақстандық, яғни, Семей балет мектебі биыл бірінші рет бас бәйге алып отыр, бұған дейінгі жылдары аталмыш өнер додасында Швейцария, Франция, Италия, Болгария, Латыш елдерінің өкілдері бас бәйге алып отырған. Ал Астана қаласындағы «Оқушылар сарайында» өткен «Fiestalonia – Қазақстан» халықаралық конкурсын Астана қаласының әкімшілігі, еліміздегі Испания Королдігінің елшілігі және Еуропадағы Fiestalonia Мilenio деп аталатын арнайы комитет ұйымдастырыпты. Халықаралық бәйгеде «Аққу» деген биді билеп шыққан Ақбаян Серіққазинова «Ұлттық би» номинациясында Гран-приді жеңіп алған. Алдағы уақытта Семей қаласында интернат үйін салу да жоспарымызда бар. Сонда алыс ауылдардағы талантты балалар да балет өнерін үйреніп, салауатты өмір салтына дағдыланар еді.

«Щелкунчик» ерекше шабытпен сахналанды

Қазақстандағы үздік балет мектебі болып саналатын Семейдегі арнайы мамандандырылған балет мектебі әзірше жалға алынған ғимаратта дайындалуға мәжбүр екен. Балет мектебінің жұмыс істеп келе жатқанына – 25 жыл. 180 орынға арналған мектеп әзірше ғимарат тарлығынан 40 оқушыны ғана қабылдауда. Бірінші қабатта орналасқан балет мектебі әзірше барлық балаға тиісті мөлшерлемені толық орындау үшін таңның атысы, кештің батысына дейін тығыз кестемен жұмыс істеп келеді. Тіпті, мұнда демалыс күндері де тыным жоқ. Десек те, хореографиялық өнер әркімді болсын тартады. Тек қала балалары ғана емес, алыс ауылдардағы өрендер де осы өнерді үйренгісі келеді.

-Жаңа балет мектебі 180 орынға негізделген, ал интернатымен қоса алғанда қосымша тағы 60 орындық ғимарат сонау 2013 жылы салынуы керек еді,-дейді Семейдегі балет мектебінің директоры Камилия Рашитқызы,-сол кезде жаңа нысанның техникалық экономикалық жобасы қолға алынды. Сөйтіп, мектеп пен интернаттың салынуына 640 млн. теңге қажет болған еді, қаражат сол күйі бөлінбей қалды. Семей қаласының орталығы «72 квартал» аумағындағы «8 Наурыз» көшесі бойынан қала әкімдігі әлдеқашан жер бөліп қойды. Бірақ қаржы берілмегендіктен, жобалық-сметалық құжат та сол күйі жасалмады. «Семстройпроект» ЖШС бағалағандай, мектеп пен интернаттың құрылысының жобалық-сметалық құжатына барлығы 15 млн. теңгеден артық қаражат керек екен. Ол үшін қазірден бастап, 2018 жылдың бюджетіне осыны кіргізу керек. Заңнама бойынша, облыстық бюджетке тек жобалық-сметалық құжат жасалған соң ғана тапсырыс беріледі.

-Әрине, Семейдің балет мектебіне лайықты арнайы ғимарат керек. 2018 жылдың бюджетіне жобалық-сметалық құжатты жасау үшін қаржы қараймыз. Мәселен, «72 квартал» ауданында емес, қала сыртындағы «Қарағайлы» деген жерде төрт мектеп, төрт балабақша салмақпыз. Осы ғимараттардың бірін балет мектебіне лайықтасақ па, деген ой да туындап отыр, -дейді осы мәселе туралы қала әкімі Ермак Сәлімов.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button