Сәбилік шақты сағындырған сазгер
1976 жыл. Қарашаның қара желі ызғырып тұрған күзгі күндердің бірі. Павлодар қаласынан келетін бір топ артистерді қарсы алмақ болып, Мәдениет Ешекеев екеуміз Семейдің әуежайына бардық.
– Әй, Қыдыш, осылардың ішінде менің бір әнші бауырым бар, – деп Мәкең маңғаздана мұрнын сипады да қойды. Әдеті солай болатын.
Сапырылысқан жолаушының арасынан қолында жасыл ши барқытпен тысталған домбырасы бар, еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, дорба ауыздау келген, көкке қарап аңқиып тұрған жылтыр қараны иығынан қағып ағамыз: «Әй, Азынабай! Қайда қарап тұрсың»- деп, қапсыра құшақтады. Әуежайдан бірден Мәдениет ағаның үйіне келдік. Асылы өнер адамы аңғалдау болады ғой, ағам әлгі жылтыр қараны дастарқан басында бір-ақ таныстырды.
– Қыдыш-ау, мынау менің өнердегі жақын бауырым – Жүсекеңнің шәкірті. Аузыңнан сөз шықса, аңқылдап күле беретін қонағымыз жаңа көргендей бетіме қарап тұрып «Тұрсынғазы» деп гүж ете қалды. Айбике шешеміздің жылы-жұмсағынан кейін бойымызды жазып кең бөлмеге келіп отырған соң, Мәкең: «Ал Тұрсын, дауысыңды сағындым», – деді.
Жүсекең Азынабай деп атапты
Тұрсынғазы домбырасының бұрауын ұзақ келтіріп, Жаяу Мұса атамыздың «Көгершінін» шырқап қоя берді. Тумысымда мұндай зор дауысты естімегенмін. «Көгершінді» көкке өрлетіп, шырқау биігіне жеткізгенде құлағымды бастым. Ән әуелеп қоя бергенде өн бойымды шымырлатып, алпыс екі тамырды идірді, әлгінде сәл ғана ашып қойған терезенің әйнегі сықырлап қоя берді. Толқын-толқын бұйра шаштарын салалы саусақтарымен тарақтап отырған ағасы жымиып қана орнынан тұрып, «әй, Азынабайым-ай!» – деп, маңдайынан иіскеді. Жүсекеңнің алдына алғаш келгенде, «ән сал» десе, зор дауысымен азынатып қоя беретін көрінеді. Содан Азынабай атанып кеткен.
Сол жүрегіме адалдық пен балалық мінезін ұялатқан, мені бауырына басқан, балаша еркелетіп, балаша алдандыратын, жанын жараласам қабағын шытпай, оңашада ғана әні арқылы өз жарасын өзі емдеп отыратын аңғал ағаммен алғаш кездескеніме де қырық жыл болыпты.
1979 жыл. Сәуір айының шуақты күндері. Азаматтық борышымды өтеп, әскер қатарынан оралған бетім. Өнер ордасының алдында маңғазданып, аузы ашылып тұрған жылтыр қараны тағы көрдім. Сол баяғы аңғал қалпы. Елге оралыпты. Мінезі жұмсақ, қожанасырлығы да бар қамқор ағамен осылайша қайта қауыштым. Әрнеге әуес, әсершіл көңіл жастық шақтың романтикасымен үндесіп, бір дуылдаған думанды шақ басталды. Семейдегі алғашқы қазақ жастарының эстрадалық ұжымының бел ортасында жүрдік. Көшбасшымыз өнерлі жастардың қамқоры, белгілі абайтанушы, әдебиет пен тарихтың білгірі, ән мен күйге талғамы биік, арқа әндерінің ғибратын айрықша зерттеген, Біржан сал, Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырайдың әндерін әспеттеп Тұрсынғазының зердесіне құйған Төкен Ыбраев еді. Бертін келе сол ағасы «Серілердің соңғы сілемі сенсің» деп отыратын. Ол уақыт өнер сапарында айлап жолда жүретін сағынышты жылдар еді ғой. Сол сапарлардың бірінде тұла бойы тұңғышы Сұңқарына арнап алғашқы әнін шығарды. «Сәби болғым келеді». Әуезді әуен иісі қазақты бірден-ақ баурап алды. Күллі әлемді сәби үні тербеп тұрғандай болатын. Әлі де солай. Мұқағалидың ұлы мұратын орындағандай, әр сөзіне әуезін теліп, қазақ әлемін мәңгі әлдилеп тұратын ғажап әнді дүниеге әкелді. Рахимов шығармашылығының шырқау биігі осыдан басталған. Жалпы әншінің Мұқағали поэзиясына иек артуы бала күнінде қылаң берген «Тегінде мен Мұқағалидың сарқытын ішкем»,- дейтін. Мұнысы шындық та еді. Ол жөнінде естеліктің орта шенінде айтамыз.
Қайран, аңғал ағам-ай
Адам тегіне тартады деген рас болар. Өзі найманның бір кездері тұз егіп, ел-жұртқа күлкі болған аңқаулау руы –малытүгелден тарайды. Бір жылы қақаған қыстың ортасында соғым алмақ болып, Тұрсын ағамыздың еліне бардық. Аягөзден пойыздан түскеніміз сол еді, қол-аяғымыз жерге тимеді. Сексенінші жылдары сері ағамыздың әндері жиі шығып, елден-елге таралып, әсіресе, «Сәби болғым келедінің» исі қазақтың ауызынан түспейтін кезі еді. Екі күнде бес-алты үйде қонақ болып, ауылдың мәрт жігіттері төрт жылқы мінгізді. Келер күні қайтуға ыңғайландық, ағамның асығатын түрі жоқ, «шешеме соғамын», – дейді.
– Ойбай-ау, аға малдарды қайтеміз?- деймін.
– Олар кеше-ақ жөнін тапқан.
Сөйтсем, төрт жылқыны табан астында төрт досына үлестіріп жіберіпті.
– Енді не істейміз?
– Биылғы соғымды шешемнен қарызға аламын, ох-ох-хо,- деп, дорба ауызын дүрдитіп күле салды.
Қайран аңғал ағам-ай…
Тарбағатай ежелден береке-бірлігі жарасқан өнерлі жандар ауылы болатын. Ірі кеңшардың дәл іргесінде «Малытүгел» деген 50 түтін мекен бар. Тұрсын ағамның шешесі осы ауылда тұратын. Сықырлаған сары аязда омбы қарды белден кешіп келеміз.
– Анау тұрған Ешенғазы ағамның үйі, – дейді Тұрекең, – әлі есімде, 7 сыныпта оқитын болуым керек, Аягөзде тұратын Ерғазы ағаммен еріп бір ақын келіпті дегенді естіп, мектептен шығысымен сол үйге бардым. Дастарқан басында екі иығына екі кісі мінгендей шашын артына қайырған бидай өңді дәу аға бұрқыратып өлең оқып отыр екен. Олар мені елеген де жоқ. Шілденің шіліңгір ыстығы болатын, киімімді іле бастағам.
-Әй, мына батыр менің інім – Тұрсынғазы, әнді тамаша айтады, – деді салған жерден Ешенқазы аға, – кәне, домбыраны ал. Мен Қасымның «Өзім туралы» толғауын айттым, есімде жоқ қолқалап тағы бірнеше ән салдырды. Уақыт біраз болған. Жаздың қысқа таңы. Ағалар далаға тыныстауға шықты. Дастарқан жиылмаған. Қонақтың алдында ішілмеген қырлы стақанға құйылған қызыл арақ қалыпты. Неге екенін білмеймін, ойланбастан қағып салдым.Ұйықтап қалыппын. Қонағым әлде қашан Аягөзге кетіп қалыпты.
Ағамның айтуына қарағанда, Мұқағали біздің ауылдан ерекше шабыттанып қайтыпты. Сол сапарында Қозы мен Баянның зиратында болып, «Аягөз аруын» жазды. «Бұрын ақынның өлеңдерін тиіп-қашып оқитынмын. Кейін зерделеп оқыған сайын Мұқағалидан тұмадай тұнып жатқан мөлдір махаббаттың шәрбәтін сездім», – дейтін. Тұрсынғазының Мұқағали сөзіне жазылған сол әні орда бұзар отызында шықты. Бүгінгінің белді әншілерінің репертуарларынан нықтап орын алып, ұлттың ән қазынасына қосылды. Тұрсынғазының әуендері құйылған саф алтын сияқты. Ол Мұқағалидың қырықтан астам сөзіне әуен жазған бірден-бір сазгер. Оның біразы әлем сахналарында шырқалды, радио-телеспектакльдер мен деректі фильмдерге лейтмотив болып таратылды.Осының бәріне ойлы көзбен қарап, тағдырына шүкіршілік етіп отыратын. Құдай-ау, гонорар сұрамайсың ба? – деймін. «Қайдан білейін», деп дорба ауызы салпиып тұра беретін.
Сексенінші жылдары әншінің шабытты шағы болды. Бірде маған Әміре атам жайлы ән жазсам ба деп жүрмін, маған бір талантты ақынды тауып берсең деп қолқа салған. Мен бірден Әбубәкір Қайран деген талантты студент жігіттің үйіне алып келдім. Жайшылықта жалбыраған бұйра шашын желкесіне қарай қайта-қайта сілкіп тастап, ойқастап тұратын Әбіш Тұрсекеңнің Әміре атамыз жайлы ойларын ұзақ тыңдады. Түнімен көзін ілмей, санамен сарғайып жазған бес шумақ өлеңді ұстап ертесінде жетті. Арада бір жұма өткенде жұмысқа келіп, маған «Әлгі досыңды тауып берші, Әмірені жуайын» деп едім дейді.
– Құдай-ау, қайдағы Әміре? – деймін.
– Інішек сөзін жазған Әміре әні дайын болды.
Ақынды іздегелі сыртқа шықсам, өзі де аяңдап ағасының үйіне келе жатыр екен. Тегінде өнер адамы қашан да баспанаға жарымаған ғой, ағаның алақандай бір бөлмесі біздер үшін кең сарайдай болатын. Шағын дастарқан жасалыпты. Әнді әлденеше қайталап тыңдадық. Айтары жоқ, теңдессіз туынды болыпты. Түс ауғанша ән шырқалды, өлең оқылды. Біреулер есіктің қоңырауын шалды. Жеңгей екен. Есіктен кіре бізді көріп, «қайындарым келіпті, қазан көтерейін» деп бәйек болды. Тұрсын ағам тұла бойы тұңғышы – Сұңқарын балабақшадан әкелуге кетті. Көп ұзамай ағамыз да жетті. Қайта шай жасалды. Мәре-сәреміз. Бір мезетте жеңгей «Сұңқар қайда?» демесі бар ма? Жайшылықта маңғаз ағам мылтықша атылды. Аң-таң болып отырып қалдық. Көп ұзамай қолында балпанақтай баласы бар ағам жетті.
– Ойпырым-ай, Бакош! Құдай сақтады,- деп сылқ етіп отыра кетті.
Сөйтсек, ағамыз баласын аялдамаға тастап кетіпті, сол жерде құммен ойнап отыр екен. Ағамыздың аңғалдығында шек жоқ еді ғой.
Рахимов сомдаған рөл Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған
«Жүсібектің шәкірттері шетінен талантты»-деп, біртуар әнші Ғарифолла Құрманғалиев атамыз жиі айтатын. Жәнібегі -жазушы. Қайраты – қолөнердің қас шебері болса, Семейдегі қос шәкірті де құралақан емес еді. Келденбай Шәкерімнің ән мұрасын зерттеп өтті. Ал Тұрсынғазының тағы бір қыры 80-ші жылдардың екінші жартысында ашылды. Қазақ театрының өнерінің бүгінгі аса білгір режиссері Есмұқан Обаев оны актерлік биік деңгейден көрсетті. Абайдың музыкалық-драма театрында әнші ретінде басты партияларды орындап, актерлік шеберлігімен де өлшеусіз із қалдырды. «Қайран Майра» спектакліндегі ол орындаған Есет ролі заманында мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ іші тарлардың кесірінен ол бұйырмады. Т.Базарбаевтың «Жас Абай» опереттасындағы Қодардың партиясы – Семей театрының алтын мұрасы. Өнердің ұлы көшін бастаған ұлағатты аға қазақ әнінің Қабанбайдай дарабозы бола тұра, ешқашан басшы біткеннің алдына бас иіп бармаған жан. Бұл – нағыз өнер адамына тән қасиет. Халқының арқасында атақ та, данқ та өзі келді. «Мен» дегенді білмеген жұдырықтай сәби жүрегін ән ғұмырына арнады.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.