«Сәби көңіл» сазгердің әндері шырқалды

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында қазаққа «Сәби болғым келеді», «Дариға-ай, домбырамды берші маған» атты әндерімен танымал болған белгілі әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимовтың құрметіне арналған халықаралық байқау өтті.
Тұрсынғазы Рахимов Мұқағали Мақатаевтың көптеген өлеңдеріне ән жазған адам. Оның жазған әндері әлі күнге дейін халық жадында. Салтанатты шара барысында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов пен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов сахна төріне шығып, шетелден келген қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
«Сәби болғым келеді» деп аталған байқауға Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман, Толғанбай Сембаев, Ерлан Рысқали, Алмасбек Алматов, Әділ Тұрғанбаев, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ғалым Мұхамедин, Ербол Айтбаев, Жоламан Құжыманов, Мәншүк Тұрсынғазина және Әсем Омарова сияқты халықтың сүйікті өнер тарландары қатысты. Сонымен қатар, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан елдерінен келген әншілер өнерлерін ортаға салып, бақ сынады. Байқау шарты бойынша, өнерпаздар сазгердің екі әнін және бір халық әнін орындап шықты. Кеш барысында Еркін Шүкіманов пен Толғанбай Сембаевтың авторлығымен Тұрсынғазы Рахимовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сағынбасқа не шара?» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Семей халқы өздерінің біртуар перзенті, әнші, сазгер, актер, Қазақстан Республикасының мәдениет қызметкері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынғазы Рахимовты үнемі еске алып отырады. Бұдан бұрын оның туғанына 65 жыл толуына орай «Ұлтының жаны мен жүрегіне айналған өнерпаз» тақырыбында «Әнге ғашық жүрек», «Актерлік қыры», «Әндер тарихы», «Өмірім-өнерім», «Арнаулар», «Кітаптар», «Бейнежазбалар», «Фотогалерея», «Сілтемелер», «Библиография» атты 10 бөлімнен тұратын виртуалды көрме ұйымдастырылған еді. Шара барысында жиналған қауым Тұрсынғазы Рахимовтың өмірі мен шығармашылығы жайында Абай кітапханасының қызметкерлері дайындаған естеліктерді тыңдады. Аталмыш шараға Тұрсынғазы Рахимовтың отбасы мен туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері, өзі қызмет еткен облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филармония мен Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің қызметкерлері, студенттер қатысты. Шара соңында ақынның жары Фатима қонақтар мен кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
– Біздің мақсатымыз қазақтың дәстүрлі ән өнерін сақтап қалу, бұл жолда Тұрсынғазының салып кеткен дара жолы ерекше, -деді Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония директоры Адай Азаматов, – өкінішке қарай, бүгінде байқасаңыздар, эстрада жанры былай тұрсын, қазақтың дәстүрлі әндері де шетелге ойысып жатыр. Сондықтан қазақтың дәстүрлі әндерін Тұрсынғазы Рахимов арқылы халық жүрегіне жеткізуді мақсат тұттық. Өткен жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы фестиваль өткен еді. Биылғы байқауды сол бастаманың жалғасы деуге болады. Байқауды алдағы уақытта тек Семей қаласында емес, Қазақстанның өзге қалаларында да ұйымдастырған жөн деп ойлаймын.
Сонымен «Сәби болғым келеді» байқауының қорытындысында бас жүлде алматылық Нариман Абдрахмановқа бұйырды. Моңғолиядан келген Өзгеріс Шерікбай мен алматылық Жасұлан Сатаев екінші орынға лайық деп табылса, Төлеген Шәкәрімов және Е.Саятқызы үшінші орынға ие болды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен қомақты жүлдеделер тапсырылды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.