Сазгер туралы кітап оқулық ретінде ұсынылды
Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, қобызшы, дирижер, композитор Оразғали Сейтқазының «Теміржан Базарбаевтың композиторлық мектебі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Рәсімді «Музыкалық білім» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Бақтыгүл Бодауова кітапты таныстыру баяндасымен ашты. Ол атап көрсеткендей, кітап оқу-әдістемелік құрал болып табылады. Көлемі 178 беттен тұратын бұл еңбекте Теміржан Базарбаевтан дәріс-кеңес алған 35 композитор, сазгерлер жайында энциклопедиялық анықтама стилінде қысқа да нұсқалы деректер берілген. Кітапта Теміржан Базарбаевтың композиторлық мектебі жайында автор барынша толық талдау жасаған.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, оқу-әдістемелік құралдың жаңашылдық бір ерекшелігі – автордың ғылыми айналымға «Теміржан Базарбаевтың композиторлық мектебі» атты ұғымды алғаш енгізуі. Оқу-әдістемелік құралында автор Теміржан Базарбаев композиторлық мектебі өкілдерін үш топқа бөліп, әр топқа ғылыми тұрғыдан дәлелді сипаттама берген. Сазгерлердің Т.Базарбаев туралы естеліктері де мәнділігімен ерекшеленеді. Кітапқа әр сазгерден бір шығарма нотасының енгізілуі, еңбектің ғылыми ғана емес, сонымен қоса, практикалық тұрғыдан да құндылығын арттырып отыр. Оқу-әдістемелік құралды оқу арқылы еліміздің шығыс өңіріндегі музыка мәдениетінің бүгінгі жайы туралы да біршама мағлұмат алуға болады.
Кітаптың символикалық лентасын Теміржан Базарбаевпен көп жылдар қызметтес болған әріптесі, Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің директоры қызметін атқарған Хамит Сыдықов және Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті ректорының менторы, профессор Ерғали Есенжолов салтанатты түрде қиып, құттықтау сөздерін сөйледі. Семей қаласының зиялы қауым өкілдері жиналған тұсаукесерге Алматы қаласынан арнайы келген қонақ – Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, белгілі виолончелист әрі композитор, Теміржан Базарбаевтың шәкірті Қадыр Адамбалинов қатысып, жұртшылыққа жылы лебізін, авторға алғыс сезімін білдірді.
Шараның екінші бөлімінде көпшілік кітапқа енген музыкалық шығармалардан іріктелген концерттік бағдарламаны тамашалады. Концертке Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің аралас хорының, қазақ халық аспаптары оркестрі, қобызшылар ансамблі, қалалық мәдениет сарайының «Семейтау» фольклорлық халықтық ансамбльдері қатысты. Көрермендер Баян Сағынбаеваның, республикалық конкурстардың лауреаттары Берік Омаров пен Айнұр Әбілқасымованың, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, әнші Нұриден Иманбаевтың, 5511 әскери бөлімшенің әншісі Мұратбек Дулатбаевтың, №5 мектеп-гимназияның оқушысы Гүлназ Қадырбекованың өнерлеріне ерекше тәнті болды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.