Қоғам

Сайлаушылардың өтініші назардан тыс қалмайды

Облыстық мәслихат депутаттары оның хатшысы Владимир Головатюктің есебін тыңдап, облыстық мәслихаттың жұмысы есепті кезеңде Конституцияға,  «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға, облыстық мәслихат регламентіне, жұмыс жоспарларына сәйкес және облыс әкімі аппаратымен, облыстық басқармалармен, департаменттермен, қалалық, аудандық әкімдіктермен және мәслихаттармен, қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен, тұрғындармен өзара тығыз іс-қимылда жүргізілгендігін атады.

– VІ шақырылым депутаттарының қызметі кезеңінде облыстық мәслихаттың 41 сессиясы өткізілді. Сессиялардың күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындылары бойынша 469 шешім қабылданды. 101 шешім мемлекеттік тіркеуден өтті. Тұрақты комиссиялардың 64 отырысы өткізіліп, онда 102 қаулы қабылданды. Депутаттар 8 шешімнің орындалуын қарап, бақылаудан алды, тағы 18 шешім бақылауда тұр. Кезектен тыс сессияларда бюджеттерді нақтылау кезінде бюджет жобаларын қарау үшін 4 уақытша комиссия құрылып, жұмыс істеді. 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қарау бойынша депутаттық уақытша жұмыс тобының отырысы өткізілді, – деді Владимир Головатюк.

Мәслихат хатшысының баяндауынша, әрбір депутаттың қызметінде сайлау округтеріндегі жұмыс маңызды орын алады, онда халықпен кездесулер өткізіліп, азаматтарды қабылдайды, олардың өтініштері қаралады. Депутаттар өз сайлаушыларының өтініштерін назардан тыс қалдырмай, тұрғындардың өзекті мәселелерін басшылармен жеке кездесулер кезінде және депутаттық сауалдар арқылы шешіп келеді. Азаматтардың өтініштеріне жасалған талдау тұрғын үй-коммуналдық сала, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жиі өтініш жасалатындығын көрсетіп отыр, әлеуметтік қорғау бойынша да сұрақтар өте көп.

Үстіміздегі жылы депутаттар пандемияның таралуына жол бермеуге бағытталған, коронавируске байланысты зардап шеккен және өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарға көмек көрсетуге бағытталған барлық іс-шараларға белсене қатысқан. Халық арасында түсіндіру жұмыстарына қатысқан депутаттар жергілікті атқарушы органдарға шектеу шараларын енгізуге және сақталуына жәрдемдесіп, халықтың аз қорғалған топтарына жан-жақты қолдау көрсетті. Облыстық мәслихат депутаттары 100 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Сонымен қатар депутаттар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін де жақсы пайдаланды. Халықтың пандемияға байланысты өмірлік қиын жағдайға түскен топтарына азық-түліктей, қаржылай, дәрілік препараттармен көмек көрсетті, ауруханаларға аппараттар сатып алынды. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаттары 32 млн. 667 мың теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетті. Депутаттар дәріханаларда қажетті медикаменттердің болуын және бағаларын, азық-түлік дүкендеріндегі әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларын тексеру бойынша мониторинг жүргізу топтарының құрамында жұмыс істеді, – деді облыстық мәслихат хатшысы.

Мәслихат аппараты қалалық және аудандық мәслихаттарға әртүрлі қызмет бағыттары бойынша кеңестік-әдістемелік көмек көрсетуде. Бұдан бөлек, облыстың атқарушы органдарымен бірлесіп, депутаттардың сайлауалды бағдарламаларын орындау бойынша да жұмыс жүргізеді.

Облыстық мәслихат жанында «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы жұмыс істейді. «Nur Оtan» партиясына мүше депутаттар партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде бекітілген кесте бойынша сайлаушыларды қабылдайды. Қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары мен хатшылары қоғамдық кеңестер құрамында  нәтижелі қызмет етіп келеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button