Саяси науқанға қай партиялар қатыса алады?
Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады.
Сайлау туралы конституциялық заңға сай партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы тек саяси партияларға тиесілі.
– Бүгінге дейін елде 7 партия тіркеліп, жұмыс істеуде. Олар: Қазақстанның Халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Amanat партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы, «Республика» партиясы. Аталған партиялардың жарғыларында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көзделген, – деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта аталған партиялардың қызметін тоқтата тұру, қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ.
Еске сала кетсек, 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау күні.
Ержан Кеңесұлы