Саябақтың көркіне көңіл толмайды.

Семейдегі Орталық саябақтың жағдайына ешкім назар аудармағанына 50-60 жыл өтіпті. Сондықтан да жағдайы мәз емес.
Десек те, бұл күндері Орталық саябақтың жоспарын архитекторлар жасап жатыр. Мамандар Шәкерім ескерткішін алып тастамақшы. Себебі, әр ескерткіш, мәселен, Абайдың ескерткіші өз көшесі, өз даңғылының бойында тұр. Сол сияқты Шәкерімді де басқа жерге ауыстырсақ десті жиналғандар. Бірақ бұл мәселе әлі толық шешілмегенін айтты, әлі қаралып жатыр. Оның орнына Лондондағы Биг Бен сияқты қала сағатын қою керек-міс. Немесе Шәкерім ескерткішінің орнына ештеңе қоймау керек. Сөйтіп, саябақты сәл-пәл кеңейтсе дейді архитекторлар. Саябақты жөндеп, көгалдандыру қажет. Қарағаш пен басқа да жасыл желектің орнына жаңасын отырғызу керек.
-Енді осы шап-шағын ғана саябақ үшін ғана қоғамдық кеңес, тыңдау өткізіп қажеті жоқ, – деді облыс басшысы, – сөйтіп уақыт өткізе береміз. Бұл саябақтың проблемасын қала әкімі шешсін. Мамандарды жинасын, кеңессін, сосын шешімін шығарсын. Әр нәрсеге жиын ашып, уақыт өткізбеңіздер.
Саябақтың тағы бір проблемасы оны көгалдандыруға қатысты болып отыр. Жоғарыда айтқандай жаңадан ағаш отырғызу үшін осындағы қаптаған шағын және орта бизнес иелерінен рұқсат алу керек. Кішкене ғана саябақтың ішіне дүкен, кафе сияқтылар толып кеткен. 12 жекеменшік иесі саябақ жерін 49 жылға алған.
-Саябақ жерін шағын бизнес өкілдеріне түрлі нысандарға беріп қойыпсыздар, енді қала әкімі не істеу керек? Ол енді архитекторларды шақырып, осы күркелерді қалыпқа келтіруі тиіс. Сосын саябақтың директоры эскизді бекітсін, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, – осының бәрі архитектура-құрылыс қызметімен сай болуы тиіс. Дизайны көркем болып шыққаны қажет Семей қаласының тұрғындары мен қала қонақтары үшін аса бір көңілге қонымды, қолайлы болуын қарастырған жөн.
Раушан Нұғманбекова
Семей.