Сауда үйінде домбыраны күмбірлетті

Таяуда облыс орталығындағы «Император» сауда үйінің фойесінде күмбірлеген домбыраның қоңыр үні жаңғырып тұрды. Бұл – Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өнерпаздары ұйымдастырған «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылардың флешмобы еді. Сауда үйінің тұтынушылары достық пен махаббаттың, патриотизмнің куәгері болды.
Жетпіс оқушыдан тұратын мектеп оркестрі Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Балбыраунын» күмбірлетті. Одан кейін домбырашылар жерлестеріне ерекше сый жасады. Кезек «Салкүрең» күйіне де келіп жетті. Бұл туындының авторы – шығысқазақстандық Раздық Ахметжанұлы.
– Біз қазақ күйлерін бірнеше жылдан бері зерттеп жүрміз, қыркүйек айынан бастап бізге тағы 20 бала қосылды. «100 күйдің тарихы» жобасы бойынша күйдің жазылу тарихы мен композиторлар туралы мәліметтермен танысамыз,– дейді 8 «с» сынып оқушысы Ақбота Нұрсолтан.– Күйлер қазақ халқының төл мәдениетінің туындысы. Бүгін барлығымыз домбырада күй шерткен кезде елім үшін, халқымның рухани байлығы үшін қуандым, бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Туған жеріме деген махаббатым шексіз екенін сезіндім.
Домбырашылардың флешмобын тамашалаушылардың қатарында қарапайым тұтынушылармен бірге туризм жөніндегі сарапшылар, Германияның азаматтары Геральд Бетцель мен Урсула Опоман да болыпты.
– Әр халықтың мәдениеті басқалардікінен ерекшеленеді. Біз Қазақстанға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің шақыртуымен келген едік, бүгін бесінші күн. Қазақ халқының тамаша өнерін бүгін алғаш рет естіп, тамашаладық. Керемет! Бізге өте ұнады! – деген пікірлерімен бөлісті шетелдік қонақтар.
Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажинаның айтуынша, домбырашылардың дәл осындай флешмобы Астана мен Алматы қалаларындағы, басқа облыстардың орталығындағы ірі сауда үйлерінде ұйымдастырылған. Оларды жыл сайын Назарбаев зияткерлік мектебі өткізіп келеді.
Айна Ескенқызы