САУДА ҮЙІНДЕ СОҚҚЫҒА ЖЫҚҚАН
Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде жасөспірімді өзі қатарлас қыздың аямай соққыға жыққаны бейнеленген видео тарап жатыр.
Видео авторы бұл АДК сауда үйінің дәретханасында болған оқиға екенін жазған. Онда белгісіз қыз бала екіншісін аямай ұрып, соғып, үстіндегі киімін шешіп алып жатқанын аңғаруға болады. Бұл желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, қазақстандықтар тиісті органдардан дереу осы істі қолға алуды талап етуде.
Бұл оқиғаға қатысты облыстық ПД-ның баспасөз қызметі төмендегідей жауап берді.
«Аталған жарияланымға қатысты Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті оқиға бір айдан астам уақыт бұрын, яғни ағымдағы жылдың 1-2 наурызында болғанын хабарлайды. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі бойынша Өскемен қалалық ПБ Ертіс ПБ СДТБТ-да тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесінде Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», – делінген ақпаратта.
Жамал Ермен