Тағдыр

Саша мен Жанарды тағдыр тоғыстырды

Шынайы сыйластығы орныққан адамдар арасында ұсақ-түйек бақастық пен пендешелікке орын жоқ. Не дүниені әріден ойлап, терең түсіністіктің тезіне салып, парасат биігінен қарайтын жандар ғой бұл қоғамды ізгілендіріп жүретін. Мұндай кеңдік пен ақ пейіл қазекемнің ежелден болмысына дарыған. Содан да болар елімізде қаншама этнос өкілдері алаңсыз, жаймашуақ өмір сүруде. Ешқайсының өзегінен теуіп, өгейсітіп көрген емеспіз. Қайта «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп құшағымызды айқара ашып келеміз.        

Бейбітшіліктің көк аспанын бұлт торламасын деген тілектестігіміз берекемізді арттырып, ел тұрғындары тату-тәтті ғұмыр кешуде. Татулықтың қадірін сезіндіретін бір мереке болса, ол 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Аумалы-төкпелі заманда қазақ жеріне қоныс аударылған өзге ұлттар аз болған жоқ. Олардан бүгінде неше буын алмасты, ұрпақ өрбіді. Жергілікті халықпен біте қайнасып кеткен өзге этнос өкілдері «Қазақстан – кіндік қаным тамған жерім, ортақ Отаным» дейді. Болашағын туған елімен ғана байланыстырады.

Тарбағатай ауданында көпұлтты, көпке үлгі отбасылар туралы көптеген мысал келтіруге болады. Солардың қатарында Ақсуат ауылында тұратын Беннерлер жанұясына аз-кем тоқталғымыз келеді. Александр Беннер, ұлты – неміс. Ақсуаттықтар оны Саша дейді. Қазақшаға судай, өзі де, сөзі де, болмысы да қазақы. Былайша айтқанда, Ақсуатта туып-өсіп, шаңын жұтып, топырағында аунап өскен «нағыз қазақ». 2005 жылы Семейдегі оқу орнын бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген. Аудандық құрылыс бөлімінде жұмыс істеген.

2006 жылы Семейдің құрылыс колледжінде оқитын Жанар есімді студент қыз ауылға іс-тәжірибеден өтуге келеді. Ақылына көркі сай қылықты қыз Сашаның көңілін баурап алады. Ғашықтық сезімнің оты маздап, беймаза күй кешкен ол ақыры Жанармен танысып, жақын араласа бастайды. Өзара үйлесім тапқан албырт сезім екеуінің екі ұлт өкілі болғанына қарамастан көңіл жарастырады. Екі жас 2007 жылы шаңырақ көтеріп, бір жылдан соң тұңғыш ұлдары дүниеге келеді.

– Отбасылы болғанымызға он бес жыл болыпты. Арамыздағы сыйластыққа сызат түсірген емеспіз. Ұлтқа байланысты ешқашан әңгіме болған да емес. Отбасын киелі ұғым әрі ортақ отанымыз деп білеміз, – дейді Саша жерлесіміз. Өзі 2009 жылдан бері Ақсуаттағы Қожакелді батыр атындағы орта мектептің бастауыш сыныбына информатика пәнінен сабақ береді. Білікті де білімді ұстаздың әріптестерімен де ынтымағы жарасқан. Жары Жанар аудан орталығындағы ДЭУ мекемесінде кассир  болып жұмыс істейді. Саша үйдегі үш баланың кенжесі. Бір әпкесі қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан, осы Ақсуатта тұрып жатыр. Екінші әпкесі Тараз жаққа тұрмысқа шығыпты. Бірақ 2003 жылы Германияға қоныс аударған.

– 2008 жылы ұлды болғанда Германиядан келді, кіндік шешесі атанды, тұсауын кескен еді. Ұлымның аты – Максим, бүгінгі таңда 8-сыныпта оқып жүр, анамның сүйікті немересі, көз қуанышы. Анам Екатерина осы Ақсуаттың тумасы. Әкеммен жас кезінде ажырасып кеткен, ол кезде мен бес жаста болыппын. Анам бәрімізді бағып-қағып өсірді. Баға жетпес байлығым да, қымбат қазынам да осы асыл анам, сүйікті жарым, арттан ерген тұяғым ұлым ғой, – дейді Саша тебіреністі ойын ортаға салып.

Бұл отбасы үшін 1 мамыр – айтулы мейрам. Бірлік пен береке еліміздің басты құндылығы деп біледі бұл отбасы. Жасы 72-ге келген Екатеринаға келіні қызындай, енесі болса Жанарға анасындай жақын. Бұл жақындық шынайы түсіністіктің, адамгершіліктің арқасында қалыптасып, тамырын тереңге жіберген. Айтпақшы, Сашаның қасиетті Рамазан айына деген құрметі ерекше екен. «Әйелім Жанар кішкентай кезінен ораза ұстайды. Бұл мұсылмандық парызын әлі күнге орындап, жылда ауыз бекітеді» деп мақтанышпен айтқанына бәрекелді дестік.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button