Мәдениет

Сасан би тұғырға қонды

Сасан  би тұғырға қонды


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, сонда ғана талай жарқын үлгілерді табуға болады делінген.

Соңғы екі жылда Тарбағатай өңірінде талай тарихи тұлғалар қайта жаңғыртылып, ескерткіштер тұрғызылып, құнды-құнды жәдігерлер қайта қалпына келтірілді. Міне, күні Құмкөл ауылында үш жүзге билік айтқан тарихи тұлға Сасан би Мыңбайұлына ескерткіш тұрғызды.

Заманында әділетті билік жүргізген ұлы тұлғаның ескерткішінің ашылуына Астана мен Алматы қаласынан, өзге де өңірлерден ғалымдар мен тарихшылар, бидің ұрпақтары жиналды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысып сөз сөйлеген аудан әкімі Д.Оразбаев ауыл тұғындарына құтты болсын айта келіп:

– Бұл – әділ билік айтқан дала дипломатына жасалған тағзым. Ұрпақтар осы арқылы болашағын бағдарлайтын болады, – деп ойын түйді.
Тарихи шараға арнайы келіп сөз алған бидің сегізінші ұрпағы, жазушы Жарқын Майқыбаев бабасы жайында терең толғанды.

– Қазақтың жарық жұлдызы Ш.Уәлиханов Қашқар сапарында бабамызбен арнайы сұхбаттасқан. 1845 жылғы патшалық Ресейдің сыртқы істер министрлігінің қазақ даласындағы ру-тайпалар туралы құжаттарына жүгінсек, Бәйжігіт Тоғас тармағынан шыққан, сахараға өте сыйлы Сасан бидің басқарғанын, би бабаның 1833 жылғы атақты Романовтардың таққа отырғанына 220 жылдығына қазақтан шақырылған алпыс бидің қатарында болғанын білеміз. Сондай-ақ, сол сапарда ақ патшаның тарту-таралғыға берген оқалы шапаны менің үйімде тұр, – деді ол.

15 жасынан билікке араласқан Сасан баба қазақтың ұлы биі Қаз дауысты Қазыбекке жиен, Қазыбек бидің қызы Рахиладан туады.

Міне, араға ғасырлар салып, қара қылды қақ жарған, әділ бидің ескерткішін туған жерінде тұғырға қондырды. Ұрпақтары дәстүр бойынша ас беріп, қатым түсірді. Жалпы, соңғы жылдары ауданда 11 тарихи тұлғаға ескерткіш-мүсіндер тұрғызылды. Бір әттегенайы, осы ұлы тұлғалар туралы толық зерттеулер әлі мардымсыз болып тұр, тіпті жоқтың қасы десе де болғандай. Өткен жылы аудан әкімдігі аталған тарихи тұлғалар жайында ғылыми-зерттеу кітаптарын шығарамыз деген. Ғалымдар да мұны құп көрген. Бірақ басталған іс сиырқұйымшақтанып барады.

Қолдан құйылып, тастан өрілген әсем мүсіндер қай елдің, қай ауданның болмасын төлқұжаты ғой. Ендеше, елге рух, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге сыйлайтын тағылымды ісіміз баянды болса екен дерсің.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button