Спорт

Сарытеректе аудан біріншілігі өтті

Сарытерек ауылында шайбалы хоккейден ересектер арасында Зайсан ауданының ашық біріншілігі өтті.

Айнадай жалтыр мұздың үстіне қызыл кілем төселіпті. Ортада көк байрағымыз желбіреп тұр. Әуелете әнұран шырқалған сәтте арқа-жарқа болып, қауқылдасып жатқан көпшілік жұрт сілтідей тынып, ерекше бір салтанатты шақ орнады.

Жарыстың ашылуында біраз адам сөз сөйлеп, тілегін жеткізді. Осы біріншіліктің өтуіне мұрындық болған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәкен Хамитов, Сарытерек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабек Нұрбаев пен орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі, қаншама спортшы баланы тәрбиелеген Қайрат Жакупов құттықтау тілектерін айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Артынан ақ кимешек киген ауыл әжелері ескінің көзі, ұлттық дәстүрдің жолымен шашу шашып, қонақжайлық танытты.

Ашық аспан астында Сарытерек ауылының азаматтары құйған мұз айдынында шайбалы хоккей ойынының барлық талабы сақталған. Аудан біріншілігіне үш команда ғана қатысқаны болмаса, ойын өте тартысты өтті. Аудандағы тоғыз округке қарасты жиырмадан аса елді мекен барын ескерсек, аудандық біріншілікке тек үш команда қатысуы ыңғайсыз жағдай. Жалпы, Зайсан өңірінде қыс ұзақ, қар қалың түседі. Демек қысқы спорт түрлерін дамытуға өте қолайлы. Келешекте жауапты тұлғалар бұны ескерер деп сенемін.

Сонымен біріншілік басталды. Өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Сәкен Жұмабекұлы өзі де қолына хоккей таяғын ұстап, мұз айдынға шықты. Шайбаны көсілте соғып, тамаша ойын өрнегін көрсетті.

Аудан чемпионатының қорытындысы бойынша бірінші орынды Сарытерек ауылының «Жастар» командасы иеленді. Ойыншылары: Д.Елжасов, Ж.Мұратұлы, А.Тоқтарханұлы, Д.Қайырбеков, Ғ.Жақиянов, Р.Баймұханбетов. Жүлделі екінші орынды «Ұстаздар» командасы қанжығасына байлады. Ойыншылары: Б.Үлгібаев, Е.Байбосынов, С.Хамитов, О.Раев, Ғ.Сейлханов, Қ.Шпекбаев, Б.Жарқын. Үздік үштікті Зайсан қаласының «Зайсан» командасы түйіндеді. Ойыншылары: А.Қайратов, Қ.Адильханов, А.Мерекеев, Т.Әндірбаев, А.Гайсин. Жүлдегерлерге ауыспалы кубок, медальдар және мадақтама қағаздары табыс етілді.

Өткенде DIDAR газетінде Зайсан ауданындағы шайбалы хоккейдің мәселесін көтеріп, мақала жариялаған едік. Нәтижесі жаман емес. Аудандық әкімдік жергілікті хоккей командаларына спорттық киім-кешек, құрал-жабдық алуға тапсырыс беріліп қойғанын хабарлады. Ал бүгін міне, үш команданың басын қосқан дүбірлі дода өтіп жатыр. Осының бәрі Зайсан өңірінде бұл спорт түрінің кең қанат жаюына оң ықпал етеді деген сенімдеміз.

Еркебұлан Зағыпаров

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button