«Сарыбастың» сүтіне сұраныс көп
Халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етуде ірі қара мал шаруашылығының маңызы өте зор. Өйткені сүт өнімінің 99 пайызы, еттің 40-45 пайызы ірі қарадан өндіріледі. Қазіргі заманда табиғи таза өнімге деген қажеттілік арта түсуде.
Шығыста қиындықтардан қорықпайтын бастамашыл әрі еңбекқор адамдарға белсенді қолдау көрсетілуде.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, бүгінгі таңда әр салада өз кәсібін дөңгелетіп, оның жемісін көріп отырған іскер жандар аз емес.
Осындай азаматтардың бірі – Жарма ауданындағы «Сарыбас» шаруа қожалығының басшысы Асылбек Зидахан. Шаруашылық Үкімет тарапынан бизнесті қолдауға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 70 миллион теңге несие алып, Ресей Федерациясынан 115 бас сүт бағытындағы асыл тұқымды мал әкеліп, өсіріп отыр.
Әуезов кентінің іргесінде орын тепкен шаруа қожалығы иелігінде 1 мыңға жуық симменталь тұқымды ірі қара мал бар. Қожалық өңірдегі ірі «Эмиль» компаниясымен келісімге отырып, сүт өткізеді. Бұл өнімнің аймақ экономикасының дамуында елеулі маңызы бар, ең бастысы – баға, сапа және қолжетімділік. Өндірілген тауар сертификатталған, фирмалық қаптамасы бар, майлылығы 3,2 пайызды құрайды, әр литрі 250 теңгеден бағаланып, жергілікті азық-түлік дүкендеріне жеткізіледі.
Асылбектің мақсаты – мал басын көбейтіп, шаруа қожалығын одан әрі дамыта отырып, сүт бағытына түбегейлі көшу.
– Бұқалардан ешқашан ештеңе үнемдеуге болмайды, – дейді ол. – «Бұқа – табынның жартысы» деп бекер айтылмаған. Ертең олар фермаға сапалы төл береді, ал шаруашылық одан әрі өседі. Малмен айналысу – өмірдегі басты ісім. Шаруамды өркендету үшін мен бәрін жасауға тырысамын.
Асылбек Зидахан кенттегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға материалдық тұрғыда жыл сайын көмегін көрсетіп отырады. Сондай-ақ жергілікті мектеп оқушыларын, «Аққу» балабақшасының бүлдіршіндерін және «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-не қызмет көрсететін «САС Қазақстан» ЖШС-нің асханасын сүт және ет өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Жармалық фермерлер жергілікті билікке көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуде. Мәдениет және спорт мекемелерін жөндеу және абаттандыру, ауылдық аумақтарды күтіп ұстау, жолдарды қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыс көп. Жазда олар өз шаруашылықтарында еңбек ететін ауылдастарына шөп пен сабан жинауға көмектеседі, қыста жолдарды қардан тазартуға арналған техникамен қамтамасыз етеді.
Жарма ауданы әкімінің баспасөз қызметі