Білім

Сақтанған қор болмайды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) биылғы бірінші жартыжылдықта 420 білім беру нысанының өртке қарсы жағдайын тексеріп, екі мыңнан астам бұзушылықты анықтаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Өміржанов мәлім етті.

Айтуынша, облыс аумағында 653 білім нысаны бар. Облыстық ТЖД-ның аумақтық бөлімшелері ағымдағы жылы тәуекел дәрежесін бағалау үшін  ақпан-мамыр аралығында  420 білім беру нысанына өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, екі мыңнан астам бұзушылықты анықтаған. Яғни, 417 нысан (99%) өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған көрінеді. Сол себепті 392 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде 320-сына ескерту түрінде, 82-сіне  жалпы сомасы 3 млн. 607 мың 560 теңге айыппұл салынған.  Бірінші басшыларға оларды жою туралы ұйғарымдар енгізілген.

Жалпы, облыстық ТЖД инспекторлары профилактика шеңберінде 4541 мектеп және балабақша қызметкерін қамти отырып 179 нұсқама, педагогтар мен балаларды эвакуациялауды пысықтауға бағытталған 98 бірлескен оқу өткізіпті. 10 415 оқушыны қамти отырып 62 интерактивті сабақ ұйымдастырған.

Нұржан Өміржанов бірінші қыркүйекке қарай білім беру нысандарының басшылары оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар талаптарды қарастыруы қажет екенін ерекше атап айтты. Яғни, түтін жою жүйесін, өртті анықтау және сөндірудің автоматты қондырғыларын, өрт кезінде адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды дұрыс жағдайда басқаруға ерекше назар аудару керек.

Сондай-ақ Н.Өмірбаев эвакуациялау жолдарын түрлі материалдармен, бұйымдармен, жабдықтармен, өндірістік қалдықтармен, қоқыспен және басқа да заттармен бітеп тастамауға кеңес берді.

Эвакуациялық шығу есіктерін бекітіп тастауға болмайды. Алғашқы өрт сөндіру құралдарының қажетті саны болуы тиіс. Қызметкерлерді өрт шыққан жағдайдағы іс-қимылдарға үйрету, өртке қарсы сумен жабдықтаудың табиғи және жасанды көздері, оларға кіреберістерді тиісті жағдайда ұстау өте маңызды.

Мейрам Екпін

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button