Тәуелсіздік - 30

Сақшыларға деген сенім артты

Тәуелсіздік жылдарында еліміз шекарасын нығайтып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап келеді. Бұл істе полицейлердің еңбегі зор. Олар заңдылықтың сақталуын қадағалап, қылмыстың алдын алады.

– Қазіргі кезде ел экономикасының өсуіне байланысты полицияның материалдық-техникалық жабдықталуы жақсарды. Бүгінде қаладағы негізгі қиылыстар, адам көп шоғырланатын жерлер Жедел бақылау орталығы арқылы қадағаланады. Бұл қылмыстың алдын алып, тәртіп орнатуға септігін тигізуде, – дейді Семей қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шалқар Құнанбаев.

Осы жылдың екінші тоқсанынан бері қалада 1285 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға төмен. Аса ауыр қылмыстар 7%-ға, ауыр қылмыстар 40%-ға азайды. Криминогенді жағдай тұрақты.

– Мамыр айында полиция қатарында жүргеніме 29 жыл болады. Еңбек жолымды бұрынғы Семей облысы болған кезінен бастадым. Ол кез бен қазіргі уақытты салыстырсақ, әрине, үлкен айырмашылық байқалады. Техникалық-материалдық деңгей дамып, мол мүмкіндіктер жасалуда. Ол кезде ақпараттық жүйенің барлығы қағаз жүзінде болды. Қазір бәрі электронды түрге ауысқан. Тіпті әкімшілік хаттаманы планшетпен толтырады. Қылмыстық істер де электронды жүйеде жүргізіледі. Бұл тергеудің әділ жүріп, қатаң қадағалануына септігін тигізеді, – дейді басқарма бастығы.

Мемлекет тұрақтылығын сақтау – тәртіп сақшыларына жүктелген үлкен жауапкершілік. Осындай сәтте көп жағдай қызметкерлердің қажыр-қайратына байланысты.

– Біздің қазіргі мақсатымыз – халықтың әр өтініш-арызын әділ қарап, уақытында жауап беру. Бар күшімізді осы талаптар бойынша жұмыс істеуге жұмылдырудамыз. Болашақта бұл полиция беделін көтеруге, халықтың полицияға деген сенімін арттыруға әсер етеріне сенемін, – дейді Шалқар Маратұлы.

Айта кетейік, жыл аяғына дейін қалада «Сергек»  бейнебақылау жүйесі енгізілмек. Камералар халық көп шоғырланған жерлерге, көше қиылыстарына, Семейдің кіріс-шығыс аумақтарына қойылады.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button