Қоғам

Сапарын Шығыстан бастады

Нұржан Кенжеұлы

Облыс орталығында күзгі әскерге шақыру науқанына, сондай-ақ ел Қарулы күштерінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған ерекше іс-шара өтті. Бұл күні «Ertis-концерт» залында Қарулы Күштердің Орталық әскери ансамблі мен ұлттық әскери-патриоттық орталығының оркестрі жергілікті өнерсүйер қауымға кереметтей концерттік бағдарламасын тарту етті.

Айта кетейік, аталмыш іс-шараға жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында мектеп жасындағы балалар да шақырылыпты. Осы ретте, Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталық туралы айта кеткеніміз де орынды болар. Бүгінде бұл орталықтың құрамына әскери ансамбль мен оркестрден бөлек, түрлі би ұжымдары, сондай-ақ Қазақстан армиясының театры мен киностудия да кіреді екен. Оны болашақ сарбаздар мен бүгінде азаматтық борышын өтеп жүрген жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында жұмыс істейтін тұтас бір кешен деуге де болады. Мұны іс-шараға қатысқан Қорғаныс министрлігі жанындағы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Боранбаев та айтты.

– Бұл күндері Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Шығыс Қазақстан облысында жүр. Жалпы, облыстарға іссапарларымызды еліміздің Шығысынан бастауымыздың өзіндік себебі бар. Неге десеңіз, Шығыс Қазақстанда көптеген әскери бөлім мен шекара заставалары, өзге де бөлімшелер орналасқан. Демек, мұнда мыңдаған әскери қызметші шоғырланған. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бүгінде біз «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» кешенді бағдарламасының модераторы екенімізді де айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, 1 қыркүйекте Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдаған болатын. Осы Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында біздің топ облыстарға шығып, әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен кездесулер ұйымдастыруда, – дейді Серік Боранбаев.

Салтанатты іс-шарада аймақтың «Ең үздік сарбазының» есімі де белгілі болды. Мұндай атаққа №27943 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Ержан Жарылқасын лайық деп танылыпты. Сондай-ақ кеш барысында залға жиналған жас сарбаздардың назарына еліміздегі әскери оқу орындары жайындағы бейнероликтері де ұсынылды.

– Биыл басшылығымыз алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Біз әскери қызметтің имиджі мен беделін арттыру мақсатында ел арасына шығып, халықпен ашық сұхбат құруға міндеттіміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше рет қайталап айтқан болатын. Негізінен, мұндай концерттерді балалар мен жоғарғы сынып оқушылары үшін өткіземіз. Ондағы мақсатымыз – біріншіден, жастардың рухын көтеру, екіншіден, оларды еліміздегі әскери оқу орындарымен таныстыру. Түптеп келгенде, мұның бәрін өскелең ұрпақты әскери қызметке дайындау үшін жасап отырғанымыз жасырын емес, – деп атап өтті Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Асенов.

Осы айдарда

Back to top button